Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шаралары аясында өткізілген тұсаукесерге батырдың қызы Майдан Мәлікқызы бастаған ағайын-туыстары, қоғам қайраткерлері, жергілікті ақын-жазушылар қатысты. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана, Степногор қалалары және облысымыздың 17 ауданынан келген кітапхана өкілдеріне оқырман олжасына айналатын жинақтарды салтанатты түрде табыс етті.
Бұл жинақ Алматы қаласындағы халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің басшылығымен «Идан» баспасынан 1000 дана тиражбен жарық көріп отыр. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Бигелді Ғабдуллин Мәлік Ғабдуллиннің еңбектерін шет тіліне аудару қажеттілігіне тоқталып, таяуда жазушы Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесі ағылшын тіліне аударылып, жарыққа шығатынын айтып, жиналған қауымды бір қуантып тастады. Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек ғалым Мәліктің мазмұны терең еңбектері қамтылған жинақты дайындау барысындағы жұмысқа тоқталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген жазушы Жабал Ерғалиев Ұлы даланың біртуар ұлдарын ұлықтау «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясымен астасып жатқанын тілге тиек етті. Ғалымдар кітап мазмұнына қысқаша шолу жасаса, батырдың қызы Майдан Мәлікқызы әкесінің мол мұраларын мәңгілік есте қалдыруға зор мүмкіндік туғызған ел ағаларына өз ризашылығын білдірді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»