Тарих • 17 Тамыз, 2018

ШҚО-да Шәкәрімнің160 жылдығы тойланып жатыр

830 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылында ойшыл, ақын Шəкəрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатыр.
 

ШҚО-да Шәкәрімнің160 жылдығы тойланып жатыр

Мерейтойлық шаралар легі орталық алаңда ұлы Абай ескерткішінің ашылуынан басталды. Аудан басшысы Жарқынбек Байсабыровтың бастамасымен Шыңғыстаудың әр тарапта жүрген азаматтары мен демеушілер қаржысына бой көтерген, қоладан жасалған еңселі ескерткіштің авторы – жас мүсінші Нұрбол Қалиев.

Ескерткіштің ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, қоғам қайраткері Хафиз Матаев, жазушы Медеу Сəрсеке, Талғат Кеңесбаев, әнші Кенжеғали Мыржықбай, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина бастаған құрметті қонақтар қатысты. Бұдан кейін облыс әкімі аудандық кітапханаға барып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармалары және Әміре Қашаубаев туралы ғұмырнамалық еңбектерді кітапхана ұжымына тарту етті.

Мерейтойға келген құрметті қонақтар Қарауылдағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Ерекше атап өтерлігі, бұл күні өнерімен, спортымен аты шыққан аудан орталығында күніне 40 адам спортпен шұғылдана алатын, ұзындығы 25, ені 8 метр, бес жолақты бассейн ашылды. Ррталық стадионда Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы салтанатты түрде ашылып, «Абай елі - руханият Мекесі» атты театрландырылған музыкалық көрініс қойылды.

«Биылғы жыл - ғұлама Шәкәрімнің 160 жылдығымен маңызды. Азаттықтың арқасында «ақ жолдан айнымай, ар сақтауды» өсиет қалған ақынның ар ілімі біздің баға жетпес құнды мұрамызға айналды. Шәкәрім - ақыл мен парасат, асқақ рух пен адал еңбектің айнасы», деді салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген Д.Ахметов.

Облыс әкімінен кейін сөз алған Астанадан арнайы келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтауын оқып берді. Мерейтойлық шаралар түс ауа Қарауыл төбеде ұлттық ойындармен жалғасады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Қарауыл ауылы

Суреттерді түсірген - автор