Тарих • 20 Тамыз, 2018

Бұқар жыраудың 350 жылдық тойы Арқа төсінде тойланды

1464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз заманында «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық тойы Арқа төсінде дүркіреп өтті. Сенбі, 18 тамыз күні жиылған қауым алдымен ұлы тұлғаның кесенесінде Құран бағыштап, Ботақара кентіндегі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Негізгі той аудан орталығынан 55 шақырым жерде арнайы тігілген киіз үйлер ауылында басталды. «Баба рухына тағзым» атты мерекелік шаралар осы жерде өтті.

Бұқар жыраудың 350 жылдық тойы Арқа төсінде тойланды

Салтанатты шараға Қа­зақ­стан Республикасының Мемле­кеттік хатшысы Гүлшара Əбді­қа­лықова, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Мәжіліс де­путаты Қуаныш Сұлтанов, бел­гілі мемлекет жəне қоғам қай­­­рат­­кер­лері, еліміздің әр ай­ма­ғы­­нан келген қалың бұқара қатысты.

Дархан дала төсіндегі ұлан-асыр той шымылдығы С.Сей­фул­лин атындағы Қарағанды облыс­тық қазақ драма театры әртіс­терінің қатысуымен Бұқар жы­рау­дың өмірі туралы «Күміс көмей əулие» атты театр­лан­дырылған қойылымымен ашыл­ды. Мемлекеттік хатшы Гүл­шара Əбдіқалықова Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды.

«Бұқар жырау – халық тағдыры таразыға түскен қиын-қыстау жылдарда уәжді сөзімен де, ерлікті дәріптеген отты жырларымен де елді ұйытып, халқымызды басшысының төңі­регіне тығыз топтасуға, ата мекенімізді жатжерлік басқын­шылардан қорғауға үнін қоса білген үлкен қайраткер тұлға.

Оның өткір де отты жыр­лары­ның төркінінде қазақтың біртұтас ұлт, қуатты ел болуын аңсаған ұлы арман жатты. Жы­раудың тарихи тұлғасы, өмірі мен шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты қымбат та қастерлі болса, келешекте де солай болып қала беретіні сөзсіз.

Біз – ұлы бабамыз арман еткен біртұтас ұлт, қуатты мемлекет болуды жүзеге асырған ба­қыт­ты ұрпақпыз. Сондықтан Бұқар жырау мұра еткен ел тағды­ры, ұлт бірлігі мәселесі халқы­мыз үшін әрдайым өзекті болып қала береді. Бүгінгі үлкен салтанат та осындай игі мақсат орайында өткізіліп отыр. Ұлы бабамыздың арманы болған бүгінгі тәуелсіз еліміз мәңгі жасай берсін!», – деген Ел­басы Бұқар баба тұлғасының тарих­тағы орнына лайықты бағасын берген.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов атап өткендей, Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жыл­дығы еліміздің ортақ тойы. Жырауға арналған іс-ша­ралар мұнымен шектелмейді. Күзде ауқымды ғылыми-прак­­тикалық конференция өтеді жəне бірінші кезекте жас­тарды Отанын сүюге, пат­риоттық се­зімдерін оятуға бағытталған бірқатар мерей­тойлық шаралар жос­пар­ланған.

Бұқар жырау еліміздің тарихында өшпес мұра қалдырған әйгілі ақын һәм өз заманының дана да дара биі, шешендік өнерімен халықты өзіне қаратқан жырау, Абы­лай ханның кеңесшісі болған кемеңгер тұлға.

Бұқар жырау Қалқаман­ұлы­ның мерейтойы Қара­ған­ды облы­сында жыл басы­нан бері түрлі ша­ра­лар­мен аталып өтуде. Өңір­де ұлы ойшылдың өмірі мен шы­ғар­­­машылығына арнал­ған көр­мелер, байқаулар, концерт­­тер, жыршы-жыраулар фес­тива­лі, ғылыми конферен­циялар өтті.

Мерекелік шара облыс­тың шығармашылық ұжым­дары­ның қатысуымен ұйым­дас­тырылған кон­церт­тік бағдарламаға ұлас­ты. Со­ны­мен қатар көпшілік осы тойға арнайы келген Қазақ­станның халық әрті­сі Роза Рым­­баеваның, мәде­ниет сала­сының еңбек сіңірген қай­рат­керлері Ал­тынай Жора­баеваның, Жә­мила Баспа­қова­ның, Тәжік­стан­ның Х.Да­добоев атындағы фольк­­лорлық ансамбльдің өнер­леріне тәнті болды.

Түс ауа ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен ұйым­дас­тырылған сайыстарға кезек берілді: әр қиырдан келген мық­тылар қазақ күресінен, көкпар мен аударыспақтан күш сынасып, жүйріктерін аламан бәйге мен топ бәйгеге қосты.

Дала төсіндегі ауқымды шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақа­­ласын жүзеге асыру ая­сында ұйым­дастырылды. Бұл рухани құн­ды­лықтарды, ұлт­тық салт-дәстүрді, қазақ елінің тарихын Бұқар жырау сынды ұлыларымыздың шығармашылығы арқылы сақтап, дамытатыны сөзсіз.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы