Оңтүстікке бірнеше күндік жұмыс сапарымен келген “Әділет” демократиялық партиясының серкесі Мақсұт Нәрікбаев алғашқы күні облыстық филиалдың штабында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізіп, бірталай өзекті мәселелерге байланысты өз байламын жеткізді.
Отанымыз үлкен мүмкіндіктердің алдында тұр, біздің мақсатымыз – күрмеулі мәселелердің түйінін шешуге құқықтық тұрғыдан көмектесіп, әділ бағасын беру. Көпшіліктің санасына әділеттілік деген ұғымды сіңіру. Осылай деп сөз саптаған партия төрағасы ашық күнде найзағай ойнатқан Жаңаөзендегі оқиғаларға байланысты өз пайымдауларын білдірді.
– Біздің мақсатымыз, – деді Мақсұт Сұлтанұлы, – еліміздің саяси өміріне Мәжіліс және мәслихаттар арқылы араласу. Сол арқылы әділ заң орнықтыруға ықпал ету.
Басқосуда құқықтық мәселелерге көбірек тоқталған партия серкесі республикалық, облыстық, тіпті аудандық сайлау науқандарында жеңіс тойын тойлауға сенімді екендігін жасырған жоқ.
“Әділет” демократиялық партиясы Мәжіліске Оңтүстіктен техника ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Исламқұлов пен облыстық адвокаттар коллегиясының төрағасы Талғат Сепаровты үкілеп қоспақ. Жиында осы азаматтарға партия атынан мандат берілді.
Ертеңінде Мақсұт Нәрікбаев пен бұрынырақта Президенттікке бағын сынап көрген Мұсағали Дуамбеков бастаған әділеттіктер Қазығұрт ауданында болып, түс ауа Мақтаарал ауданына жол тартты. Бұған дейін Сайрам және Төле би аудандарында сайлаушылармен кездесу өткізген олардың ендігі бағыты – Созақ ауданы. Кездесудің соңы Шымкентте жалғаспақ.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.