23 Желтоқсан, 2011

Тілегіміз – тыныштық! – дейді Жаңаөзендегі жағдайды ой елегінен өткізген отандастарымыз

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ӨЗАРА ТҮСІНІСТІК ҚАЖЕТ

Жаңаөзен қаласында бол­ған біздің қоғамымыз үшін өте қолайсыз, жағым­сыз жағ­дай баршамыздың жүрегіміз­ге ауыр тиді. Мен осы қалада өткен ғасырдың 70-ші жыл­дары­ның басын­да еңбек жо­лым­ды мұнай кәсіпшілігінде инженер бо­лып бастаған едім.

Содан бері жастық жігермен еңбек етіп, әр кезеңде әр­түр­лі қызметтер атқарып, осы қала­ның ыстығына күйіп, суы­ғы­на бір кісідей тоңған адаммын. Сон­дықтан осында орын алған келеңсіз жағдай төбемізден жай түскендей менің де қабырғамды қайыстырды.

Бұл қала жасампаз еңбектің, бауырмал достықтың, береке-бір­ліктің қаласы болатын. Қазіргі­ден анағұрлым қиын кезде де тұйыққа тірелген барлық мәселе­лер­дің шешімі табылып, түйін­дері түсініс­тікпен тарқатылатын. Біздің алды­мыз­дағы аға ұрпақ, олардың ізін басқан біздер барлы­ғын өз қо­лы­мызбен тұр­ғыз­дық. Мұнай кә­сіп­ші­ліктері игерілді, жол­дар са­лын­ды, зауыт­тар тұр­ғы­з­ылды, жа­пан далада қала көтерілді.

Оның бер жа­ғын­да, Тәңірдің берген сы­­йы Қазақстанның тәуел­сіз­дігіне қол жет­­кіздік. Егемен ел бол­дық. Елбасымыз ел тіз­­гінін қо­лы­на алды. Еңсемізді кө­тер­дік. Бү­гінде көзімізбен көріп, қолы­мызбен ұстап отырғандай Ота­ны­­мыз Қазақ­стан бүкіл әлемге таны­лып, дамудың даңғыл жолына шықты.

Барлық елімізбен бірге Жаңа­өзенде де жасалып жатқан игі істер аз емес. Өткен екі шақы­ры­лымның депутаты ретінде жастық шағым­ның қаласы Жаңаөзеннің талай әлеумет­тік мәселелерін шешуге атсалыстым.

Әрине, қандай дамыған қоғам­да болса да шешімі табылу­ға тиіс проблемалар аз болмайды. Еңбек дауы қай жерде де бар. Бірақ ол қантөгіс жолымен шешілмеуі тиіс. Адами парасат, түсінікті негізде, заң жолымен ғана шешілуі керек. Осы дағ­дарыстағы ең бір қиын жағдай – қан төгілді, адам өліміне жол берілді. Марқұм бол­ған отандас­тары­мыздың жақын-туыстарына көңіл айта оты­рып, осы әлеуметтік дағ­дарыс­тан шы­ғу­дың бірден-бір жолы еліміздің заңнамасын басшы­лыққа алу, са­бырлылық, ақылға жеңдіру жә­не өзара түсіністік дегім келеді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев елі­міз­ді өткен жиырма жылда небір қиын-қыстау жолдардан алып өткен, басымызға түскен осы қиыншылықтан да алып өтетін­дігіне, түйінді төрелігін айтатын­дығына еш күмән жоқ.

Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, 3, 4-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты.

Астана.