Өмір болған соң сүйініші де, күйініші де болары талассыз заңдылық.Тәуелсіздік жылдарында қиындықтар аз кездеспегендігі белгілі. Алайда солардың бәрінен де Жаңаөзендегі оқиға жанымызға аса батып, қатты қамықтырғанын ашып айтпасқа болмайды. Бүкіл халқымызға ортақ мерейлі мереке шырқын бұзып, шектен шыққан тәртіпсіздікке ұласқан әрекет жүрегімізге инедей қадалғанын қалайша бүгерсің. Қылауымызға қыл түспеген бірлік пен татулыққа ауыр жара салған басбұзарлық көңілімізді сыздатты. Өндіріс орнымен арадағы еңбек дау-шарына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мұндай өрескел қылықтың аяқ астынан орын алуы қинады бәрімізді.
Жасыратыны жоқ, біздің аймақта да жұмыс берушілер мен жұмыс істеушілер арасында еңбекақыға байланысты даулы мәселелер жоқ емес. Мәселен, теміртаулық металлургтер «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы тарапынан оны көтеру жөнінде талаптар қойып отырғанын, ол комбинаттағы кәсіподақ ұйымы арқылы кәсіпорын басшылығына мәлім етіліп, келіссөздер жүргізіліп жатқанын білеміз. Екіжақты түсіністік әңгіме таяу арада еңбеккерлер мүддесіне сай шешім табуға тиіс. «Кеңесте кеңдік көп» дегендей, дөңгелек үстел басындағы байыпты кеңес осындай нәтижеге әсер етпек. Айта кету керек, жоғарыда аталған оқиғаға орай қабылданған металлургтер мәлімдесінде еңбек кикілжіңінің тек келіссөздер арқылы шешілуі керектігі аталды. Мен жетекшілік ететін шаруашылықта еңбек етушілердің де өкпе-реніштері болмай тұрмайды. Үлкеніміз болсын, кішіміз болсын сыйластыққа сына қақпауға сабыр сақтап, кеңінен ақылдасып, занның шеңберінде мәмілеге келуге тоқталамыз.
Орын алған оқиға қоғамымызға, халқымыздың табиғатына жат әрекет баршамызды ойландырарлық жайт. Тыныштық, бірлік, түсіністік берекеміздің кепілі, дамуымыздың негізі екенін әсіресе, әлі ақыл тоқтата қоймаған жастар жүрегіне берік тұтқаны ләзім. Өзгелер қызығар, қызғанар бүгінгі тұрмысымыздың қадірін қастерлей білейік.
Қанат ОТАРБАЕВ, «Отқанжар» ЖШС жетекшісі.
Қарағанды облысы, Нұра ауданы.