Әдебиет • 22 Тамыз, 2018

«Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кеші өтеді

57 реткөрсетілді

30 тамызда Елордада «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кеші өтеді, деп хабарлады МСМ баспасөз қызметі.

Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға еліміздегі және шетелдік танымал ақындар қатысады. Атап айтқанда шығармашылық кешке финляндиялық ақын, эссеші, славян, орыс әдебиетінің аудармашысы Юкка Маллинен, ақын, жетпіс кітаптың авторы, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю, Француз жазушысы, публицист және аудармашы, прозашы Тьерри Мариньяк, ақын, баспагер, суретші Малгожата Махлевская, ақын, баспагер Гагик Давтян, ақын Любовь Красавина, ақын, прозашы, сыншы, «Литературный газеты» атты газеттің бас редакторы Максим Замшев, ақын Сергей Мнацаканян, ақын, аудармашы Михаил Синельников қатысады.

«Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткелі отырған «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия кешінің берері мол ерекше іс-шара болғалы тұр. Осы күнге дейін біздің қаламгерлер шет елдерге барып олардың астаналарын жырға қосса, енді міне, тәуелсіздіктің арқасында біздің астанаға шет ел ақындары жыр арнамақ. Бұл қазақ елінің жеткен жетістігі, мәртебесінің өскені. Әрине, мұндай басқосу біз үшін өте қажет. Ақын-жазушылар да еркін тәжірибе алмасып, шет ел ақын жазушыларымен тең тұрып сөйлеп, кең тұрып көсіліп жұмыс істейтіндей дәрежеге жеткізетін осы бір Халықаралық поэзия кешін ерекше күтіп жүрген жайымыз бар. Шет елге береріміз де, шет елден аларымыз да көп», дейді белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы

Ерлан Жүніс, ақын, ҚЖО Алматы облыстық филиалының директоры:

«Қазақ даласы қай ғасырда да әлем тарихшылары, мәдениеттанушылар, ақындар мен ғалымдар үшін таңғажайып кеңістік – алтын сандық іспетті болған. Көне қалаларымыз – Тараз бен Сүяб, Фараб пен Ясы жөнінде қалам тартпаған, жырына өзек, жазбасына арқау қылмаған шайырлар мен хакімдер некен-саяқ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаңа Қазақстан әлем ғалымдарының, дін басыларының, саясаттанушылардың пікірлесу алаңына айналды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Астана – Әлем ақындары көзімен» атты ауқымды іс-шарасы әлем қаламгерлері мен ел қаламгерлері арасында алтын көпір болатындығымен қуантады. Астананы жырлау – Қазақ елінің өткені мен бүгінін, жарқын келешегін, оның асқақ армандары мен асыл мұраттарын жырлау. Осы тұрғыдан келгенде бұл іс-шара мәдени оқиға болғалы тұр деп санаймын».

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар