Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ливанның Төтенше және өкілетті елшісі Жискар Әл-Хури, Украинаның Төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба, Бразилияның Төтенше және өкілетті елшісі Марсия Доннер Абреу, Германияның Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер, Пәкістанның Төтенше және өкілетті елшісі Имтиаз Ахмад Кази сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет басшысы Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтілгенін айтып, қысқа уақыт ішінде Қазақстан елордасы көп ұлтты халқымызды біріктіргенін, сондай-ақ тың идеялар мен инновацияларға жол ашқанын жеткізді.
«Астана бейбітшілік пен келісімнің жаңа платформасы ретінде танылды. Мұнда Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, ЭКСПО көрмесі аясында маңызды құжаттар қабылданды», деді Елбасы.
Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезін өткізу мәселелеріне ерекше тоқталып, елдердің делегацияларын осы шараға белсенді атсалысуға шақырды.
«Жуырда біз үздік тәжірибелерге негізделген жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығын аштық. Елдеріңізді осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын», деді Президент.
Бұдан бөлек, Қазақстанның жаһандық дағдарысқа қарамастан тұрақты дамып келе жатқанын мәлімдеп, елімізде экономиканың өсіміне қолайлы жағдай жасалғанын атап көрсетті.
«Қазақстан жаңа жағдайға бейімделіп, дәйекті реформаларды жүргізуді жалғастырып келеді. Заманауи талаптарға сай болу үшін цифрландыру және адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, шетелдік озық технологиялар мен капиталды тарту көзделіп отыр», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Қазақстанның көршілес елдермен экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатымен заманауи инфрақұрылымды белсенді дамыта түскенін, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің 2,7 мың шақырымға созылатын қазақстандық бөлігінің құрылысы толық аяқталғанын атап өтті.
«Осы айда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінде Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Онда қауіпсіздік және экология мәселелерімен қатар, Каспий маңы елдерінің инфрақұрылымын одан әрі дамыту, көлік желісінің әлеуетін арттыру қарастырылған. Құрық портының іске қосылуы Транскаспий бағыты бойынша жүк тасымалдауды қамтамасыз етті. Соның арқасында, 2020 жылға қарай бюджетке жылына 5 миллиард доллардан астам қосымша кіріс түседі, ал Қазақстан өнімдері әлемнің 120-дан астам елінің нарығына жеткізіледі», деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы ынтымақтастық пен прагматизм қағидаттарына негізделгенін атап өтіп, Астана екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі дамытуға баса көңіл бөлетінін айтты.
Н.Назарбаев Германиямен бүгінгі екіжақты қарым-қатынасымыз стратегиялық деңгейге көтерілгенін атап өтіп, ел президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Астанаға алғашқы ресми сапары және ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін бергеніне тоқталды.
«Біз германиялық әріптестерімізбен бірлесіп, Қазақстанға төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізуге, озық технологиялар мен инвестиция тарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. Қазақстандағы неміс диаспорасы елдеріміз арасындағы «алтын көпір» деп білеміз», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде Қазақстан мен Украина едәуір жетістіктерге қол жеткізгенін айтып, екі елді достық пен ынтымақтастыққа негізделген тарихи байланыстар біріктіретінін атап өтті.
«Былтыр елдеріміздің өзара сауда айналымы 19 процентке өсті. Қазақстанда Украинаның қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындардың саны да артып келеді. Біз экономикалық ынтымақтастығымызды, әсіресе өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы байланыстарымызды одан әрі өркендете түсуіміз қажет», деді Президент.
Н.Назарбаев Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі перспективалы серіктесі саналатынын атап өтіп, Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі ретінде оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Сауда-экономика саласындағы байланысты нығайту мақсатымен бірлескен Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырып, тиісті «Жол картасын» қабылдау қажет», деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл Бразилиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл болғанын айтып, бұл елдің Латын Америкасындағы рөлі зор екенін атап өтті.
«Мен 2016 жылғы қыркүйекте «Үлкен жиырмалық» форумы аясында Бразилия Президенті Мишел Темермен кездестім. Онда біз екіжақты қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеру жолдарын талқыладық. Осыған орай, технология, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыру қажет. Орнатылған визасыз режім елдеріміздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге септігін тигізеді деп ойлаймын», деді Н.Назарбаев.
Елбасы ширек ғасыр ішінде Ливанмен достық байланыстарымыз өзара түсіністік пен әріптестік рухында қалыптасқанын айтты.
«Бүгінде Қазақстанда Ливанның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Бірлескен Үкіметаралық комиссия құру, іскер топтар өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастыру екі жақты байланысқа тың серпін беретініне сенімдімін. Біз Бейруттің Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз», деді Президент.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен тағы да құттықтап, олардың қызметтері елдеріміз арасындағы достық пен сенімді одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.
Салтанатты рәсімнен кейін елшілер журналистерге сұхбат беріп, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Ливан елшісі Жискар Әл-Хури өз елінде Қазақстанның жетістіктерін жіті қадағалап отыратынын жеткізіп, Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құру идеясын, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде көтерген бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді. «Ливанда да көпұлтты саясат басымдыққа ие. Екі мемлекет арасындағы достық ынтымақтастықты күшейтіп, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік беріп отыр», деді елші.
Журналистермен қазақша амандасқан Бразилия елшісі Марсия Доннер Абреу екі ел арасындағы ұқсастықты тілге тиек етті. Оның айтуынша, Бразилия Еуразиялық экономикалық одақпен тиімді әріптестік орнатуға мүдделі. Әсіресе, Латын Америкасындағы беделді ұйым саналатын, құрамында Аргентина, Бразилия, Уругвай секілді мемлекеттер бар МЕРКОСУР ұйымы да ЕЭО-мен байланыс жасауды қолдайды.
Германия елшісі Тило Клиннер екіжақты сауда-экономикалық байланыстың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, тауар айналымының құны 6 миллиардтан асқан. Т.Клиннер мұны 10 миллиардқа жеткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар елші неміс компанияларының Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Украинаның Төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба өз елінде Президент Н.Назарбаевтың есімі зор құрметке ие екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл Украинада Елбасына арнап кітап шығару жоспарланған.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинада тау-кен саласы бойынша білім алғаны белгілі. Содан бері 60 жыл өтіпті. Осы тарихи датаға құрмет ретінде Н.Назарбаевқа арналған кітап әзірленіп жатыр. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының Украинада өткізген уақыты жайында баяндалады. Жалпы, оның Мемлекет басшысы ретіндегі әрі бітімгерлік қызметі жан-жақты көрсетіледі. Сондай-ақ бұрынғы Днепродзержинск, қазіргі Каменский қаласында арнайы мұражай бар», деді И.Кулеба.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»