23 Тамыз, 2018

Қатыгездік қамықтырады

963 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел болып еңсе тіктеп, тірлігіміз оңалып, жыртығымыз жамалып, барымыздың бағын ашып жатқан тұста, қатыгездік пен қайырымсыздық тас кенедей болып жабысып алатынды шығарды. Жұрт болған жерде ондай-ондай кездеспей тұрмайды дейміз. Бірақ етек жайып кетсе, естен тандырмай, бұл қалай өзі дегізбей қоймасы анық. 

Теледидардан қолтоқпақтай баланың дүкен алдында отырған қарапайым әйелге су шашып, аяқ көтеріп ит құрлы көрмей, қоқаңдағанын көз шалғанда төбе шашың тік тұрады екен. Бұл балалық емес, пәлелік, бүгін өзін зор, өзгені қоры санаған ондайдан ертең не күтуге болады демеске шараң жоқ. Ол сұмдықты көргендердің айтқан сөзі, алдымен ата-анасын жазалау керекке сайды.

Мүмкін ол бардың баласы шығар? Жұпыны адам ол үшін құбыжық көрінді ме екен? Осы күні адамды адам алалайтын болып барады. Әлді әлсізге қырын қарайды. Сөзін ести қоймайды. Жүре тыңдайды. Тіпті сен кім, мен кім, әліңді біл деуге дейін барады. Үлкендердің арасында болатын ондай әбестікті байқаған бала әлгіндей жат қылыққа барып отырған жоқ па екен?

Иә, көңілге қаяу салып, көзге қораш көріне­­­тін әдеттің алдын алып, көп болып тыйым салмаса тағы бір бала оны қызық ретінде қабылдап, қайталауы мүмкін. Мұндай жат қылық қайдан шығады? Білім беру ісін көп айтамыз да тәрбиенің тәлімді болуын қалыс қалдырып жатамыз. Тәрбиесіз берген білім құмға құйған судай болып, ешкімді көгерте қоймасы анық.

Тәрбиенің тәсілі көп, соның бастысы, отбасы тәрбиесі. Отбасы тәрбиесі оңса ұрпақ бүгін бұзық болмайды, ертең ұлық болуға талпынады. Бір кездері «адам адамға дос, бауыр» деген қанатты қағида болатын. Өткеннің тозығын лақтырып тастап, озығын жаңғыртып, санаға сіңірудің де еш артығы жоқ секілді. Бұған қоса: ұлттық тәрбиені, ұлттық үлгіні, бір кездері жақсы қолға алынып, жанданып, кейін әлемдік білім кеңестігіне бет бұрған тұста әлсіреп қалған ұлттық педагогиканы, кісілік пен кішілікті, адам сыйлауды, үлкенді құрметтеуді биік дәрежеге көтермесек, басқаға бағынышты болып кете берсек, адамға адам қасқырдай қарайтын болып жүрмей ме?

Анау ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Адамның санасы фотография (сүгірет машинасы) емес, нәрсе­нің тұрпатын ғана түсіріп қоятын. Нәрсе­нің саңлауы келіп адамның санасына келіп түскенде, адамның ойын да, көңілін де бірдей оятады» деген еді. Ендеше қай-қайсы­мыз да санамызды түзесек, сөйтіп ұрпақ сана­сына қылау қондырмауды ойласақ, қане. Өзім­із өзгер­мей қоғамдағы жат қылық тыйыла қоймайды.

Жасыратыны жоқ қазір неше түрлі қаты­гез­діктерге куә болып жүрміз. Елді дүрліктір­ген Денис Теннің қазасына себепкер болған қандастарымыздың «әй кәпір-ай» ісі кімнің де болса жанын қинағаны рас. Салдарына сүйеніп базарларды тексеру басталды. Қылмыстың беті ашылды. Қылмыскерлердің қасында болған қазақ қызының қылығы да қынжылтпай қоймады. Біз неге мұндай мәселенің салдарымен емес, себебімен күреспейміз?

Ата-ананың жолын жалғайды, болашақта бірі әке, бірі ана болады деген ұрпақтың теріс жолға түсуі тектілігімізге де сын болып тұрғандай. Мұндай кезде адам айтса сенгісіз қасіретті болдырмау үшін не істеу керек деген сұрақ алдыңды орай береді. Біз кейде бар кінәні құқық қорғаушыларға итере саламыз. Олардың да жауапты екені рас. Бірақ елдік іс – көптің ісі емес пе?! Әсіресе жас ұрпақтың тағдыры алдыңғы толқынның мойнындағы зіл батпан жүк екені де белгілі. Оны жолда қалдыру – жосықсыздық.

Бірден емес, екіден жүріп тыныштықты сақтасын, бас бұзарлықты болдырмасын деп полиция қызметін біріктірдік. Әйтсе де олардың көбі көліктерді бақылап, қала мен далада жортып жүр. Қалалы жерде ақ пен қараны анықтап тұрған көшелердегі камераға ел зор үміт артып отыр. Ондағы түсі­рілген көріністерді айнадағыдай етіп алды­ңа тартса бұлтара да, жалтара да алмайсың.

Тағы бір қатыгездік қамықтырады. Ол кейбір ата-ананың іштен шыққан ұл-қызына мейірімсіздік танытуы, айтуға арың бармайтын сұмдықтарға жол беруі. Мұның бәрі тәрбие мен тағылымның осалдығынан немесе әлеуметтік жағдайдың тығырыққа тіреуінен болып жатқан жат көріністер емес пе екен деген ойға батасың. Осыны зердеден өткізіп, бұл қалай болып отыр дегенді сараптап, алдын алмасақ өкініш көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Қазақ анасын құрметтеген халық еді.

Осы күндері ананы құқығынан айыру керек деген шықты. Неге құқығынан айыру керек, ол ондай қатыгездікке қалай барған дегенді ой әлемінде толғап, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген Абай сөзіне бағып, кері кеткенді бері тартсақ ұлт ісі оңға басары сөзсіз. Біз бұрын көбіне ерлердің, әкелердің оқшау ісін айтып, әйелдерді қорғап жүретінбіз.

Қазір кейбір аналар үйден безіп, әкелер шыр-пыр болып ұл-қызын бағып отыратын жай жиі кездеседі. Қалай десек те, ертең бесік иесі болатын қызға, ұл-қызды өмірге әкелген анаға қамқор болып, басындағы «сасық тұманнан» (М.Әуезов) айырмасақ, тәрбиені дұрыс жолға қоймасақ, бесікті түзеу қиын шығар. Сонымен соңғы айтар байлам, қамықтырар қатыгездіктен құтылу жұмысы – қайталап еске саламыз, ұлт жұмысы. Оны ел тірлігі деу, бұл сенің үлесің демей әрқайсымыз маған жүктелген ұлт жұмысы деп мінсіз атқарсақ ұлт та, ұрпақ та ұтылмас еді.