Қазақстан • 23 Тамыз, 2018

Валлония Қазақстанмен экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуды қолдайды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылғы 20 тамызда Қазақстанның Елшісі Айгүл Құспанның бельгиялық Валлония аймағының – Министр-президенті Вилли Борсумен кездесуі өтті.

Валлония Қазақстанмен экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуды қолдайды

Тараптар екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мәселелерін талқылап, нақты шаралар бойынша пікір алмасты.

Елші Қазақстан мен Бельгияның, оның ішінде Валлониямен нығайып келе жатқан экономикалық қарым-қатынастарды атап өтті. Бұл мәнмәтінде, Валлония Экспорт және инвестиция жөніндегі агенттігінің (AWEX)  Қазақстанға ұйымдастырып тұратын бизнес-миссиялары үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, А. Құспан экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында, аймақтың технологиялық кластерлерімен, ғылыми орталықтарымен, инвестициялық қорларымен байланысты жандандыруға ниетті екендігін жеткізді.

А. Құспан «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы туралы ақпарат беріп, Валлония компанияларын олардың жұмысына қатысуға шақырды.

Өз кезегінде, В. Борсу аймақтық үкімет өз жұмысында негізгі басымдықты экономикалық және инвестициялық қарым-қатынастарды ұлғайтуға аударатынын айтып, Қазақстанмен фармацевтика, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы ынтымақтастық үлкен әлеуетке ие екендігіне назар аударды. Министр-президент қазақстандық тараптың экономикалық ынтымақтастықты арттыру ұсынысын құптайтынын мәлімдеді.

Кездесу барысында мәдениет, спорт және ғылым саласындағы, сондай-ақ қалалар арасындағы байланыстарды жандандыру маңыздылығы аталып өтілді. В. Борсу бірлескен мәдени шаралар ұйымдастыру мүмкіндігін қолдайтынын мәлімдеді.

Бельгияның федеративтік құрылымына сәйкес, Валлония аймағы – Фландрия және Брюссельмен қатар елдің субъекті болып табылады. Аймақтар экономика, инвестициядан бастап әлеуметтік қамтамасыз етуге дейінгі мәселелерде дербес саясат жүргізуге өкілетті.