Білім • 24 Тамыз, 2018

Балаңыз мектепке дайын ба?

696 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа оқу маусымы ең алдымен ата-аналарды әбігерге салады. Жыл сайын әр отбасында жалғасатын мектепке дайындық шаралары басталып кетті. Осыған орай дүкендер мен базарларда сатушылардың көпшілігі тауарларын мектеп формасымен толықтырған. Ата-аналар базардағы ең төменгі баға қолжетімді болғанымен, сапасы сын көтермейтінін айтады. Ал орташа сападағы керек-жараққа әркімнің қолы жете бермейді. Оның үстіне Қазақстан мектептерінде бірдей форма тіктіріп, бір жерден ғана киім ал дейтін «бұйрықтың» жойылғанына қарамастан, ата-ананың қалтасын қағатын жағдай биыл да жалғасып жатқан сыңайлы. 

Балаңыз мектепке дайын ба?

Сан құбылған стандарт

Биыл Білім және ғылым министрлігі тапсырыспен тіктіру жүйесін тоқтатып, қыздар мен ұлдарға арналған жалпылама стандарт шығарды. Бірақ бас қала мектептері костюмдерді бірыңғай қою көк түс қылып белгіледі. Жаңа стандарт бойынша ұлдардың формасына пиджак, күрме (жилет), ақ жейде мен шалбар кіреді. Қыздар бұған қоса сарафан, белдемше алуы шарт. Осыған сай киім-кешекті ата-аналар өз қалауы бойынша дайындайды. Алайда осыған дейін оқушыларына ашық көк түсті форма киюді талап еткен кейбір мектептер қою көк түске көшуге мәжбүр. Демек бала өткен жылғы формасын бойына шақ келсе де кие алмайды. 

Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифинг­те Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жан­дар­бек Бекшин мектеп формасының сапасына назар аударылуы керегін айтқан. Оның айтуынша синтетикалық талшықтардан ауа өтпейді, мұндай материал аллергия тудыруы мүмкін. Алайда қолжетімді балалар киім-кешегінің кез келгені табиғи материалдардан (тоқыма, мақта, жібек) немесе вискозадан тігіле бермейтіні анық. Арқаға асатын сөмкенің ортопедиялық арқалығы, жалпақ иықбауы болғаны дұрыс дегенді алға тартқан Жандарбек Бекшин бұл балалардың тірек-қозғалыс аппараты ауруларына шалдығуының алдын алатынын айтты.

Қанша қаражат жұмсалады?

Ендеше Астанадағы базар мен дүкендердегі бағаны салыстырып көрейік. Базарда 28-34 өлшемдегі ұл баланың киімі (пиджак, шалбар, күрме) орта есеппен 17 мың, 36-40 өлшемдегі киім 18500 теңге, 42-52 өлшемдегі киім 22 мың теңге шамасында. Ал дүкендерде пиджак пен шалбардың өзі осы бағаны төңіректейді. Қыз балалар үшін бұл баға тағы өзгеріп сала береді. Базарда белдемше, пиджак, күрменің 28-34-ші өлшемдегісі  12-15 мың теңге тұрса, үш киімнің дүкендегі бағасы орта есеппен 20 мың теңгеге жетіп жығылады. 36-40 өлшемдегі қыздардың киімі (белдемше, пиджак, күрме) 15-18 мың теңге болса, дүкендерден орта есеппен 22 мың теңгеге алуға болады. 42-52 өлшемді қыздар киімін базардан 18-23 мың теңге көлемінде алуға болады. Осы өлшемді дүкендерден алу үшін ең кемінде 25 мың теңге жұмсайсыз. Бұған оқушының туфлиі мен спорттық аяқ киімін, қыздардың жұқа шұлығы мен бантигін қосыңыз. Бұдан бөлек біз есептемеген оқуға қажетті құрал-жабдықтар тағы бар...

Биыл тұңғышы 1-сыныпқа баратын Тоғжан Халықова базарларды аралап, лайықты бағаға киім ала алмағанын айтты. «Бізге мектеп өздері белгілеген дүкеннен ғана төсбелгі алуды бұйырды. Бұл дүкен басқа жақтан алған киімге төсбелгі жабыстырмайды екен. Сөйтіп солардың ғана мектеп формасын алуға мәжбүр болдық. Ал онда­ғы баға базардан екі есе қымбат. Базардан 3500 теңгеге алуға болатын көкірекшені 6 мың теңгеге сатып алдым. Жейде, кофта және шалбардың да әрқайсысын 6 мыңға, пиджакты 10 мыңға, гал­с­тукты 1500 теңгеге алдым. Енді ұлымның туфлиі мен спорттық аяқ киіміне жеке-жеке кемінде 11 мың теңге жұмсағалы отырмын. Рюкзактың базардағы бағасының өзі 7 мың теңге тұрады екен», дейді жас ана. 

Мұқтаждарға кім көмектеседі?

Еліміздегі демографияның оң өзгерістеріне байланысты кей отбасында 4-5 балаға дейін мектепке барады. Ал қалталылардың көбі көпбалалы емес екенін ескерсек, мектепке балаларын қос-қостап апаратын да қоңыр­қалталы қазақтар.  

Сондықтан да елімізде жыл сайын «Мектепке жол» акция­сы ұйымдастырылып келеді. Биыл он бірінші рет өтіп жатқан шара 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Балалардың құқы­ғын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршыбековтың мәлім­деуінше, акция аясында осы жылы 3 миллионға жуық балаға 17 миллиард теңгеден астам қаржыға материалдық көмек көрсе­тіледі. Былтыр аталған қайы­рым­дылық көмек 3 миллиард теңгені құрап, 316 мың оқушыға үлестірілген. Алайда айна­ламызда жүрген кейбір көпбалалы отбасылардың осы мүм­кін­діктен құр қалып, қина­лып жүр­генін жазбасқа тағы болмайды. 

Сегіз баланы бағып-қағып отырған 42 жастағы Дәриға  Тағанованың биыл 4 баласы мектепке барады. Тұңғышын түлетіп, Алматыға аттандырған көпбалалы ана студенттің қалтасын 100 мың теңгемен толтырған. Бұған бозбаланың киім-кешегі мен басқа да керек-жарағын қосыңыз. Айына 15 мың теңге жәрдемақы алатын «Алтын алқа» иегері осының өзін жеті баласының аузынан жырып беріп отырғанын айтады. Әрине мұндайда жолдасының тапқан 71 мың теңге айлығы қалай тартса да 8 баланы асырауға жете қоймас. Сондықтан да Дәриға «балалар бірінің киімін бірі киер» деп отыр. «Биыл 1-сыныпқа баратын балама сөмке сұрап, аудандық әкімдікке өтініш жазғанмын. Бірақ әлі жауап жоқ. Құдай берген балаларымның несібесін Құдай ғана берер», дейді үмітін үзбеген ана. 

Майгүл СҰЛТАН, 
«Егемен Қазақстан»