Әдебиет • 24 Тамыз, 2018

«Абай оқулары» мәресіне жетті

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Абай оқулары» мәресіне жетті

Елбасы кітапханасының ғимара­тында қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай әлеуметтік желілерде жарияланған «ІІ Абай оқулары» жыл сайынғы әдебиет сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Абай шығармашылығы – отандық мәдениетіміздің мақтанышы, ұлттық кодтың ажырамас бөлігі. Ұлы ақынның есімі дүние жүзінің оқырман қауымына кеңінен танымал.

Әлеуметтік желілер мол тәжірибесі бар қалың оқырман қауымның және де Абай туындыларымен енді ғана танысқан жас оқырмандардың кеңінен қолданатын белсенді «кездесу орнына» айналған. Жоба, ең алдымен, жастарға бағытталса да еліміздің барлық өңірлерін қамтитын түрлі жастағы тұрғындары мен әр салада еңбек ететін мамандарының басын қосты.

Елбасы кітапханасы дирек­торының орынбасары Әмірхан Рахымжанов: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиет­ті қазынасы» деген еді. Елбасы кітапханасы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында қазақтың ұлы ақынының мұрасын насихаттауға арналған «ІІ Абай оқулары» атты дәстүрлі әдеби сайысын жариялаған болатын. Бұл жастарымызды елін, жерін сүюге тәрбиелейтін игі шара. Осы сайыстың биылғы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қош келдіңіздер» деп, жас талаптарға сәт-сапар тіледі. 

Меруерт Тоқмолдаева (Тараз қаласы, студент) І орын, Ақтоты Асанова (Алматы қаласы, оқушы) ІІ орын, Дана Мұхаметілда (Тараз қаласы, студент) ІІІ орын алды. Сонымен қатар сайысқа қатысушылар арнайы аталымдар бойынша да марапатталды. 

Салтанатты марапаттау рәсіміне филология ғылым­дарының докторы Серік Негимов, белгілі қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы мен айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы, сондай-ақ ғылым мен мәде­ниет мамандары, Астана қаласының педагоги­калық қауымдастығының өкілдері қатысты.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»