Спорт • 24 Тамыз, 2018

Одақта атой салған

1082 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Октябрь Жарылқапов небары 37 жасында жарық дүниемен қоштасты. Десек те айтулы азамат сол қысқа ғана ғұмырында талай игілікті іс тындырып, ел спорты тарихында өшпес із қалдырды. Атап айтсақ, отандық волейболшылар арасынан ол алғашқы болып КСРО спорт шебері жән­е КСРО-ға еңбек сіңір­ген жаттықтырушы атанды. Жарылқапов іргета­сын қалаған Алматы­ның «Буревес­тник» клубы көп­теген дүбірлі додада дара шығып, әлемдегі ең әйгілі коман­далар қатарынан көрінді. Ақиық Октябрьдің тұсында ел волейболы өркендеп, орасан зор биікке көтерілді. Жарылқапов Қазақ КСР Министрлер Кеңесi жанындағы Дене шынықтыру мен спорт жөнiн­дегi комитет төраға­сының орынбасары қыз­метін атқарған жылдары осы сала қарыштап дамып, жаңа көкжиектерге бет алды.

Одақта атой салған

Болашақ спорт жұлдызы 1931 жылдың 25 қазанында Ташкент облысының Янгиюль ауданында дүниеге келген. Шақалақтың шыр еткен даусы естілген күні күллі Кеңес Одағы аумағында Ұлы Қазан революциясының 14 жылдығы дүркіреп тұрып тойланып жатқан. Барлық жерде – салтанатты шеру, барлық жерде – салтанатты марш. Дастарқан басына жайғасқан Жарылқаповтардың отбасы мүшелері өзара ақылдаса отырып, сәбидің есімін Октябрь деп қоюды құп көрген екен. 

Октябрь жастайынан жетім­­дік­тің, жоқшылық пен таршы­лық­тың тауқыметін молынан татты. Асқар таудай әкесі Қыдыр­байдан 6 жасында айырылды. Кезінде Созақ ауданында ішкі істер қызметінің басшысы және Бостандық аудандық ауыл кеңесінің төрағасы қызметін атқарған абзал азамат 1937 жылы «халық жауы» деген желеумен, қамауға алынды. Итжеккенге айдалып кеткен отағасынан одан кейін еш хабар-ошар болмады. Не өлі, не тірі екені белгісіз. Ал Ұлы Отан соғысының оты өрші­ген тұста 16 жастан енді ғана асқан Октябрьдің туған ағасы – Пал­махан әскери комиссариаттың табал­дырығын тоздырып жүріп, өз еркімен майданға аттанады. Ондағы мақсаты – майдан даласында асқан ерлік көрсетіп, жазықсыз сотталған әкесін ақтап алу еді. Бірақ Палмахан қан майданнан оралмады. 

Соғыс аяқталғаннан соң Айна­гүл апа алты баласын ертіп, Қазақ­станды бетке алады. Олар қасиет­ті Түркістанға келіп қоныстана­ды. Көне шаһарда орта мектеп­ті ой­дағы­дай аяқтаған Октябрь 1949 жылы Алматыға келіп, АЗВИ-ге оқуға түсті. Алатау бөк­терінде білім ала жүріп, спортты да өмірлік серігіне айналдырады. Әсіресе, ол волейболдың құдіретіне арбалды. Жалындап тұрған шағында бұл өнерді жетік меңгеріп, бірден білікті мамандардың назарын өзіне аударды. Жарылқапов елуінші жылдардың бел ортасында іргетасы қаланған Алматының «Буревестник» клубының сапына қабылданды. Қыс­қа ғана мерзім аралығында аталмыш клуб пен Қазақстан құрама­сы­ның ең белді ойыншысына айналды. 1961 жылы КСРО-ның ең үздік 24 волей­болшысының қатарына қосы­лып, спорт шеберінің күміс белгісін кеу­де­сіне тақты. Оған дейін мұндай мәр­те­белі атақ Қазақ­станның бірде-бір ойын­шы­сына бұйырмаған еді. Сол көш­ті қазақтың серке ұлы бастады. 

Бапкерлік кәсіпте де Октябрь­дің бағы жанды. Ол табанын тоздырып жүріп, түрлі зауыт пен кәсіпорындар, мекемелер мен жоғары оқу орындарын аралады. Спортқа, оның ішінде волейболға қабілеті және ынта-ниеті бар жастарды Алатау бөктерінің әр бұрышынан шарқ ұрып іздеді. Оларды баптап, бағыт сілтеді. Дарынды жігіттерді өзі жетекшілік ететін «Буревестниктің» қата­рына қабылдады. Қазіргі тіл­мен айтқанда, селекциялық жұмыс­ты аса ұқыпты әрі сауатты жүр­гізуі­нің арқасында Октябрь Жарыл­қапов бәсекеге қабілетті жақ­сы команда жасақтай білді. Нәти­жесінде, бұған дейін қалың топ­тың арасында әупірімдеп жүрген алматылық ұжым 1965 жылы өз тарихында тұңғыш рет КСРО чемпионатының «А» тобында күш сынасу құрметіне ие болды. 

Шеберлер тобындағы алғашқы маусымда «Буревестник» 8-орын­ға табан тіреді. Сол кезде Октябрь Жарылқапов қазақ бапкерлері арасынан алғашқы болып, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтыру­шы атағын алды. Келесі жылы жер­лестеріміз 4-сатыға жайғасты. 1967 жылы жүлдегерлер санатына қосылып, қола медальді иеленді. 1968 жылы біздің волейболшылар тағы бір саты жоғарылап, күміс жүлдеге қол созды. 
1

969 жылы Қазақстанның волейболшылары өздерінің тари­хи жеңісіне қол жеткізді. Сол маусымда кіл мықтылардың бар­­лы­ғын қапы қалдырған «Буревест­ник» айды аспанға бір-ақ шы­ға­рып, КСРО чемпионы атанды. Бірақ ең өкініштісі, осы бір қуа­ныш­ты сәтті көру бақыты біздің кейіп­керіміз­ге бұйырмады. 1969 жылдың 11 мамырында ақиық Октябрьдің демі үзілді. Бір емес, бірнеше аса жауапты қыз­метті қатар атқарып жүрген атақ­ты ойыншы, ғұлама бапкер, білікті басшы небәрі 37 жыл ғұмыр кешті... 

Октябрь Жарылқаповтың төл шәкірті, КСРО мен Қазақстан волей­болының шоқ жұлдызы Жанбек Сауранбаев ұстазын жер қойнауына тапсырған кезді былай деп еске алған еді: 

– 1969 жылғы маусымның аяқталуына бір айдан аса уақыт қалғанда Октябрь Қыдырбайұлы өмірден озды. Ұстазымыздың мезгілсіз қазасы бәріміздің қа­быр­ғамызды қайыстырып кетті. Ол чемпиондық тәж үшін талас­тың белең алып тұрған кезі. Кемінде үш-төрт команданың жеңіс тұғырына көтерілуге әлі де мүмкіндігі бар. Білікті бапкерді ақтық сапарға шығарып салу рәсі­мінде шәкірттерінің атынан сөз сөйлеу менің үлесіме тиді. Дүйім жұрттың алдында мен: «Биыл «Буревестник» чемпион атана­ды! Барлық ойыншылардың атынан мен серт беремін. Және де сол жеңі­сімізді ұстазымыздың рухы­на ар­наймыз!», деп тебі­рене сөй­­ле­дім. Қысылтаяңда басты қар­­сы­­лас­тарын басып озаты­­ны­мызға күмәнданған әрiптес­терiм: «Жанбек, бұның не? Чемпион­дық атақты олжалай алмасақ, ертең ел-жұрттың бетіне қалай қараймыз?»,  деп сөккендей болды. Бірақ мен алған райымнан қайт­падым. Онымен қоймай: «Егер осы команда құрамы сақ­тал­са, бiз әлi бұдан да биiк белес­ке иек артамыз. Оған күш-қуатымыз бен қарым-қабілетіміз толықтай жетеді», деп одан әрмен батыл сөйледiм. 

Серке ойыншы сертінде тұрды. Сол маусымда «Буревест­ник» КСРО біріншілігінде алтын тұғыр­ға көтерілумен шектеліп қал­ған жоқ. 1970-1971 жылдары қата­рынан екі мәрте Еуропа чем­пион­дары кубогын олжа­­лап, әлем­дегі ең үздік команда­­лар сана­тына қосылды. Екі ретінде де жер­лестеріміз ақтық айқаста Чехо­­словакияның атағы алысқа жа­йылған «Зетор Збройовка» клубына сан соқтырды. 

Октябрь Жарылқаповтың шек­пенінен шыққан шәкірттерінің біразы төрткүл дүниеге танымал волейболшылардың қатарына еркін қосылды. Олимпиада чемпиондары – Вадим Кравченко мен Олег Антроповтың томағасын сыпырып, үлкен бәйгеге қосқан да сол азамат еді. Сондай-ақ Жанбек Сауранбаев, Заңғар Жәркешев, Александр Портной, Геннадий Гончаров, Леонид Щербаков, Виталий мен Вячеслав Шапран, Евгений Пресников, Алексей Кармановский, Николай Рагозин және тағы басқа сайыпқыран­дар өз дәуірінен озып туған қазақ бапкерінен көп нәрсе үйренді. Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, Жарылқаповтың тұсында қан­дастарымыздың қалың шоғы­ры волейболды серік етіп, КСРО мен қарт құрлыққа танылды. Олар­дың қатарында Жанбек Сауран­баев пен Заңғар Жәркешевтен бөлек, Еңсебек Иманғалиев, Марат Мәденов, Жұмаш Махмұтов, Төленді Ахметжанов сынды са­йып­қырандар болды. 

Даңқты волейболшының жұ­байы Диляра Юсупқызы және отбасының өзге де мүшелерімен мен талай рет дастарқандас болдым. Үйлерінде қонақта болдым, түрлі жиындарда ара-тұра кездесіп тұрдық. Осыдан біраз жыл бұрын сондай бір отырыс барысында Диляра апайымыздың мынадай қызықты әрі әсерлі әңгі­менің тиегін ағытқаны әлі есімде: 

– Мен Октябрьмен институт қабырғасында таныстым. Ол менен екі курс жоғары оқыды. Екеуі­міз тез-ақ тіл табысып кеттік. Уақыт оза көңіліміз жарасып, бір-бірімізге әбден бауыр басып қалдық. Содан үйленетін болып уағдаластық. Неке қию үшін келесі күні ЗАГС-тің алдында кездесетін болдық. Белгіленген уақытта келсем, Октябрь әлі жоқ. Тыпыршып біраз тұрдым. Арада екі сағатқа жуық уақыттан кейін барып, ол да жетті. Үсті-басы су, шашы ұйпа-тұйпа. Сөйтсем, жаттығудан келген беті екен. Шіркін-ай, волейбол десе, Октябрь бар нәрсені ұмытатын. Бұл өнерге ол шексіз ғашық еді. Ең болмағанда, сол күні волейбол ойнамаса болар еді ғой...

Содан ЗАГС-ке кіріп, тиісті құжаттарды рәсімдей баста­дық. Менің ұлтым – тәжік, ол – қазақ. Ол орысшаға шорқақ, мен қазақ тілін мүлде білмеймін. Осы жайт­тан құлағдар болған неке қызметкері: «Сонда сендер қай тілде сөйлесесіңдер?», деп аң-таң болғаны бар. Міне, біздің өмірі­мізде осындай да қызықты жағ­дайлар болған... 

Расында да, қазақ волейболы­ның «атасы» осындай бітімі мен болмысы бөлек ерек тұлға еді. Әттеген-ай, нағыз жалындап тұрған шағында Октябрь Қыдырбайұлын сұм ажал арамыздан жұлып әкетті. Ол кезде балалары да тым жас еді. Атап айтсақ, Нұржамал – 13. Бауыржан – 11, Гүлсара 10 және Венера 8 жаста болатын. Бірақ Дильяра Юсупқызы әкелерінің орнын жоқтатпау үшін қажыр-қайратын еш аямады. Бар күшін салып, саналы ғұмырын арнады. Асыл ана ұл-қыздарын өсіріп-жетілдірді, оқытып-шоқытты, ешкімнен кем қылмай тәрбиеледі. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ