23 Желтоқсан, 2011

Қазақстанның әлемдік ауқымдағы беделі биік

319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойымен шет мемлекеттердің, халықаралық ұйым­дар­дың, бірқатар әлемдік компаниялардың басшылары, өзге ел­дер­дің қоғамдық саяси қайраткерлері мен азаматтары құттықтады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. «Өткен жылдар ішінде Қа­зақ­стан дамудың жан-жақты және ырғақты жолынан өтті. Саяси, әлеуметтік және гуманитарлық салада жүргізілген реформалар, сон­дай-ақ әлемдік қоғамдастықпен интеграциялану бағытында жасалған маңызды қадамдар қазіргі заманғы Қазақстанның бейнесін қалып­тастырып, Сіздің еліңізге әлемдік аренада үлкен бедел әкелді» делінген Әзербайжан Республикасының Президенті  Ильхан Әлиевтің құт­тықтау жеделхатында. Катар Мемлекетінің Әмірі Хамид бен Халифа Әл Тани өз құттықтауында біздің халқымызға одан әрі өркендеу мен прогресс, сон­дай-ақ екі ел арасындағы ынты­мақтастық байланыстарды нығайта түсуді тілейді. Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббас Мемлекет басшысын Қазақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылдығымен құттықтай отырып «Біз Сіздің туыстық қолдауыңызды және Сіздің Палестина халқымен ынтымақтастығы­ңыз­ды жоғары ба­ға­лаймыз, біздің туыстық қарым-қа­тынастары­мыз­ды, өзара сыйластық пен құрметті мақтан тұтамыз» деп атап көр­сеткен. Бразилия Федеративті Респуб­ликасының Президенті Дилма Руссефтің құттықтау жеделха­тын­да былай делінген: «Сіздің бас­шы­лығыңызбен ел жаңғырудың интенсивті және жемісті үдерісінен өтті. Сіздің Жоғары Мәртебеңіздің нұсқауларына сәйкес жүргізілген сыртқы саясат Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретінде маңызды рөл атқара отырып, Орталық Азия­дағы даму мен тұрақтылыққа өз үлесін қосты. Халықаралық қоғам­дастық ядролық қаруды таратпау және тұрақты даму ісіне қосқан Сіздің үлесіңізді мойындады. Қа­зақстанның аталған жаһандық және көкейкесті мәселелерде ма­ңыз­ды рөл атқаратынын назарға ала отырып мен Сіздің Жоғары Мәртебеңізді 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін БҰҰ-ның тұ­рақ­ты даму жөніндегі РИО+20 кон­ференциясына қатысуға шақы­руым­ды тағы да қайталаймын». Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы Н.Бордюжа Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі жігерлі күш-жігері үшін, ҰҚШҰ қызметіне тұрақты назар аударып отыратындығы үшін ризашылығын білдіреді. М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің ректоры, Университеттердің еур­а­зия­лық ассоциациясының Президенті, РҒА вице-президенті В.Са­довничий өз құттықтауында былай деп жазады: «Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Сіздің басшы­лы­ғыңызбен дамуда тамаша та­быс­тарға қол жеткізіп, әлемде лайықты орнын алды. Қазақстан халқының жетістіктері мен Ресейдегі және бүкіл әлемдегі Қазақстан Респуб­ликасына деген үлкен құрмет со­ның жарқын дәлелі болып табы­лады. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Еуразиялық одақ құру идеясының тұңғыш рет осыдан 17 жыл бұрын ММУ қабырғасында хабар­лан­ғанын мақтан етеді». «Шеврон» корпорациясының Ди­ректорлар кеңесінің бұрынғы төр­ағасы және Бас атқарушы ди­рек­торы  Девид О`Райллидің құт­тықтауында былай деп атап өтіл­ген: «Өзі құрылған күннен бергі кезеңдегі елдің таңқаларлық эко­но­микалық өсімі – Сіздің пайымыңыз бен басшылығыңыздың дұрыс­ты­ғының дәлелі. Сіз Өзіңіз және Сіздің отан­дастарыңыз Тәуелсіз­дік­тің 20 жылы ішінде қол жеткізген табыс­та­ры үшін зор мақтаныш сезіміне бөленуге тиіссіздер. Жеке басым­да­ғы жаңалықты ортаға сала оты­рып, өзімнің төртінші не­ме­ремнің 2011 жылдың 16 желтоқ­санында ту­ғанын хабарлағым келеді. Ата-аналары оны Грэм Крудниер деп атады. Мен оларға бастапқы «К» әріпі Қазақстан сөзінің сим­волы болып табылады, сондықтан олар немеремді екінші есімімен – Нұр­сұлтан деп атауы керектігін айт­тым!». Сол сияқты Үндістан Респуб­ликасының  Президенті Пратибхи Дибисингх Патиладан, Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перестен, Австралия одағының генерал-губернаторы Квентин Брай­стан, Ливан Республикасының Президенті Мишель Сулейманнан, Алжир Халық Демократиялық Республикасының Президенті Абдель Азиз Бетифликтен, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзайдан, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Президенті Махинда Раджапаксыдан, Жапония Императоры Акихитодан, Үндістан Республикасының Премьер-министрі Манмохан Сингхтен, Катар Мемлекетінің Премьер-министрі Ха­мад бен Джасем бен Джабер Әл Таниден, Катар Мемлекетінің тақ мұрагері Тамим бен Хамад Әл Таниден, Ресей Федерациясы Сыртқы барлау қызметінің директоры М.Фра­дковтан, РФ Жоғарғы соты­ның төрағасы В.Лебедевтен, РФ ФЖ Мемлекеттік Думасының де­пу­таты, КСРО халық әртісі И.Кобзоннан, Мәскеу облысының губер­на­торы Б.Громовтан, Омбы облы­сы­ның  губернаторы Л.Полежаевтан, Халықаралық архитектура ака­демиясының президенті Ю.Платоновтан, Орал Мемлекеттік заң академиясының ректоры В.Бубликтен, М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дың қазақстандық фили­алы­ның директоры А.Сидоровичтан, Днепродзержинск қаласының (Ук­раина) басшысы С.Сафроновадан, ТМД Үкімет басшылары кеңесі жанындағы Интернационалист-жау­ынгерлер істері жөніндегі комитет төрағасы Р.Аушевтен, «Эк­сон Мобил» корпорациясының төр­ағасы Р.Тиллерсоннан, «Radington Industrial» компаниясының атқа­ру­шы директоры Р.Глиничаннан, «ENI» компаниясының өкілі К.Дес­кальциден құттықтаулар келіп түсті.