
Кете руынан шыққан Шернияздың өмір жолы туралы көптеген деректер кездеседі. Қазақтың энциклопедист-ғалымы Халел Досмұхамедов кете руынан шыққанын «Сәуле» журналының №4 санына сілтеме жасау арқылы көрсетеді. Себебі, Ығылман Шөрекұлының:
Малай кете Шернияз,
Шерлілер сөзін сағынған.
Секерден шырын дәмі бар
Тыңдағанға жағынған, деген өлең жолдары үзінді ретінде журнал бетінде жарық көреді.
Жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ шежіресінің діңгек идеясы, яғни тұжырымы түптеп келгенде, жалпы тарихты тануда бел алып жататын адамдық бастау идеясымен үндес келеді», деген еді. Шернияз ақынның шежіресіне үңілсек, Шернияздың әкесі – Жарылғас, Жарылғастың әкесі – Елде, Елденің әкесі – Жаман, Жаманның әкесі – Малай, Малайдың әкесі – Сарымбет, Сарымбеттің әкесі – Айдар болып аталған. Шежіредегі аталарының бірі – Малай, Шернияздың ауылының атауы болған деген деректер кездеседі.
Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырушы, этнограф, шежіреші, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған», деп жазады. Шернияз шешенге қатысты деректердің ауыздан-ауызға тарауы әбден мүмкін.
Шернияздың туған және қайтыс болған мерзімдері әлі күнге дейін нақтыланбай келеді. Деректерді сараптап қарасақ, 1817-1881 (64 жас), 1807-1867 (60 жас), 1806 – 1867 (61 жас) деген даталар көрсетілген. Ақынның мәңгілік мекені – Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылынан 35 шақырым жерде орналасқан зиратындағы құлпытаста «1807-1867 жылдары өмір сүрген» делінген. «Қазақстан тарихы» пәніне арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу оқулығының «XIX ғасырдың I жартысындағы мәдениет» атты тарауында ( 208-бет) Шернияз ақынның өмір сүрген жылдары «1807-1867 жылдар» деп көрсетілген. Сондықтан, құлпытаста көрсетілген датамен жүргеніміз жөн. XIX ғасырдың 30-жылдарында Кіші жүз аумағын қамтыған Исатай-Махамбет көтерілісінің қатысушысы және жалынды жыршысы болған. Көтерілістің екінші кезеңінде батырдың артына ерген рулар – кете, әлім еді. Исатайдың соңғы шайқасы кетенің жерінде, яғни Қиыл бойында болғанын білеміз. Шернияздың Исатайдың жан досы болғандығы туралы энциклопедист-ғалым Х.Досмұхамедов «Сәуле» журналының №6 санында баяндайды. Бұл сөзімізді Шернияз ақынның:
«Алаштың баласына түгел жеткен,
Айтпауға бола ма екен түлік малын.
Мен өзім Исатайдың ақыны едім,
Малданып Исатайдан маңғаз болдым», деген өлең жолдары дәлелдей түседі.
Шернияздың немере інісі Көкей молда Жарылғас, Шернияз молда болған деп суреттейді. Інісі Балмырза жырау:
«Айдын көлге жабылған,
Құлан едім ордалы.
Асатаяқ алысқан,
Ауыл едім молдалы», деп Шернияздың шариғатқа жетік екендігін айтады. Шамшырақтай сөздің иесі Шернияз шешеннің болашақ ұрпақтың нәрлі сөзден ажырамай өсуіне септігін тигізеді деп есептеймін.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
әдебиеттанушы
Атырау