Білім • 24 Тамыз, 2018

Адалдық лигасы нені көздейді?

651 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі білім беру саласы екпіні жыл сайын қарқынды қарыштап, ілгері дамыған әлем елдеріне ілесу үшін түрлі шаралар мен шаруаларды атқаруда. Осы ретте жоғары оқу орындарының басқару және академиялық дербестігін кеңейтетін заң қабылданған болатын. Заң ережелері жаңа Major және Minor білім бағдарламаларын енгізуге, білім мазмұнын дербес анықтауға, мамандарды кәсіби даярлаудың қазіргі заманғы нысандарын және өзіндік ережелерді енгізуге, соның ішінде формалды емес білім беру негізінде танымал оқытушыларды тартуға кең мүмкіндіктер бермек. Жуырда республикалық тамыз конференциясында Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Талғат Нәрікбаев академиялық адалдық лигасы құрылатынын тілге тиек етті.  

Адалдық лигасы нені көздейді?

«Жоғары оқу орында­­ры­ның дербестігі – білім беру жү­йе­сінде жасалған маңызды қа­дам­дардың бірі. Халық­­аралық тәжірибеге сүйенсек, бұл жаңа­лық өз кезегінде америка­лық Барқыт лигасы мен бри­тандық Рассел Групп­тың құрылуына негіз болған. Аталған ұйымдар білім сапасын жоғарылатудағы ло­комотив іспеттес болса, ұйым құрамына кірген ЖОО-лар әлемдегі үздіктер қата­ры­нан табылды. Осы елдер­дің тәжірибесі негізінде Универ­ситеттер ассоциациясын құру Елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалардың қажетті қа­дамы болатынын көрсетіп отыр. Оның мақсаты – білім беру сапасын арттыру үшін елі­міздің жетекші жоғары оқу орындарының күш-жігерін біріктіру. Университеттердің ассоциациясы академиялық адалдық лигасы деп аталады. Бұл ҚазГЗУ өткізетін дәстүрлі халықаралық академиялық Адалдық форумының жалға­сы деуге болады. Лига мүше­леріне қатысты жоғары әкім­шілік орган болмайды және бұлардың экономикалық қыз­метіне кедергі келтіре алмай­ды. Лиганың қызметі жоға­ры білім беру сапасын қамта­масыз ету мәселелері бойынша еліміздегі нормативтік-құ­қықтық актілерін әзірлеуге және жетілдіруге қатысу, жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекеме­лерінде академиялық тұтастық принциптерін насихаттау, сондай-ақ Қазақстандағы білім беру сапасын арттыруға бағытталған кез келген жобаларды жүзеге асыру», деді ол. 

Т.Нәрікбаев сондай-ақ лига мүшелері «Turnitin» сияқты плагиатқа қарсы халықаралық жүйелерді қолдануға және осы жүйедегі студенттер мен оқы­тушылардың барлық жазбаша жұмыстарын міндетті түрде тексеруге тиіс екенін атап өтті.

«Бұл ҚазГЗУ-дің Назарбаев университетімен бірлесе өткі­зетін xалықаралық форумның жалғасы іспеттес. Қаржылық емес ұйым болып құрылатын лига мүшелері плагиатқа қарсы xалықаралық жүйелерді пайдаланып, Turniti жүйесінде оқытушылар мен студенттердің барлық жазбаша жұмыстарын тексеретін болады. Лигаға ЖОО-ның мүшелік етуі оқу орнының беделін биіктетіп, түлектердің бәсекеге қабілет­тілігін, білім сапасын арттыра түседі деп жоспарлануда. Академиялық адалдықтың біркелкі қағидаларына сапаны қамтамасыз ету жүйесін, жыл сайынғы төрағалық алмасуын, мониторинг жасайтын комитеттердің құрылуын қамтамасыз ету қызметтері кі­реді. Бұл лига аталған ұс­та­ным­дарды жүзеге асыру арқылы білім сапасын арттыру үшін құ­рылды», деді ҚазГЗУ ректоры.

Айта кететін тағы бір жайт, лига төрағасы жалпы жи­на­лыста сайланады. Ол бар­лық жиналыста төрағалық етіп, ке­зекті және кезектен тыс оты­рыстарға шақырады, лига­ға кіру туралы өтінімдерді қа­был­дап, лиганың атынан әрекет ете алады. Ал лиганың жо­ғарғы органы академиялық адал­дықтың қағидаларын қа­былдайды, лигаға кіруге талап етушілерді қабылдау туралы шешім шығарады, мониторинг комитеттерін құрады, академиялық адалдықтың үздік тәжірибелері мен тәсілдеріне негізделе отырып нұсқауларды талдап енгізеді. 

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»