Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Алматыда білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті. Білім беру жүйесіндегі жыл қорытындысы жөнінде қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнар Қожабергенова есеп беріп, Алматы ҰБТ нәтижесі бойынша жетінші жыл қатарынан республикамызда бірінші орын алып келе жатқанын атап өтті.

Алматыда білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті

Кеңеске қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек 1 қыркүйекте заманауи 1200 орындық мектеп-гимназия ашылатынын айтып, ұстаздар қауымын қуантты. Тамыз кеңесіне қатысқан Мәжіліс депутаттарын бастап келген Гүлмира Исимбаева да ұстаздарға жылы лебізін арнады. 

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева бастаған топ тамыз конференциясының жұмысына қатысып, қала мұғалімдерімен кездесті. 

Кездесу кезінде Гүлмира Истайбекқызы Мәжіліс жұмысының кейбір қорытындыларына тоқталды. Сонымен қатар жұмыс барысында депутаттар әлеуметтік салаға ерекше мән бергенін атап өтті. Мәселен, өткен сессия барысында 84 заң жобасы мақұлданса, 6-уы білім саласын және балалардың құқығын қорғауға арналды. Оның 3-еуі депутаттардың бастамасымен әзірленді. Олардың қатарында балалардың ден­сау­лығына және дамуына зиян келтіретін ақпарат­тан қорғауға бағытталған және жоғары оқу орын­дарының акедемиялық дербестігі туралы заңдар бар. Сондай-ақ білім туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, колледж түлектерінің бір мамандық шеңберінде бірден үш біліктілік алуға болатынын, мұның өзі олардың жұмысқа тұру мүмкіндігін молайтатыны туралы да айтты.

«Үшінші парламенттік сессияны тарихи тұрғыдан маңыз­­ды деп айтуға толық құқығымыз бар. Өйткені дәл осы Парламент қабырғасында Ел­ба­сымыз алғаш рет бес әлеуметтік бастамасын жария­лады, оның заңнамалық қамтамасыз етілуіне депутаттар барынша белсенді қатысты», деді депутат.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Г.Исим­баева Елбасының «білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ» – деген сөзін келтіріп, ұстаздық қызметтің басты нысанасы саналатын білім саласы мемлекеттің тірегі, өркениеттің айнасы екенін, келесі сессияда заң шығарушылық жұмысының векторы Елбасының тапсырмаларын орындауға және еліміздің педагогтеріне барынша қолдау көрсетуге бағытталатынын айтты. 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ