Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Жалға берілетін үйлер қатары жыл өткен сайын көбейіп, қолжетімділік артып келеді

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жалға берілетін үйлер қатары жыл өткен сайын көбейіп, қолжетімділік артып келеді

Қызылжар өңірінде құрылыс индустрия­сы қарқынды дамып келе жатқанын мына цифрлар айғақтаса керек. Тек биылдың өзінде әлеуметтік салаларды қайта жаңғыртуға 18,8 миллиард теңге қаржы бағытталып, жыл соңына дейін 230 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 20 процентке артық. 

«Жас өркен», «Береке» сынды заман талабына лайықталып салынған шағын аудандарда оқушылар сарайы, 900 және 600 орындық екі мектеп, бір ауысымда 250 науқасты қабылдауға арналған екі емхана мен 700 орынға шақталған көпбейінді аурухана, 500 орындық қазақ сазды драма театры тағы басқа әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы жалғасуда. 

«Өткен жылы облыс орталығында он бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңнан астам отбасы қоныстой тойлады. Биыл бөлінген қаражаттың 70 проценті игерілді. Қазіргі қызу қарқынға қарағанда, алға қойған меже сөзсіз орындалады», деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев. Оның сөзіне қарағанда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 14,7 миллиард теңге бөлінген. Жалпы алғанда, 2018-2019 жылдар аралығында 97 мың шаршы метр тұрғын үй көпшілік игілігіне беріліп, 1,5 мың отбасы пәтермен қамтамасыз етілмек. Бұл – өңірде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. 

Жуырда аталған бағдарлама аясында «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша 116 пәтер иесін тапты. Жайлы баспананың кілтін облыс басшысы Құмар Ақсақалов салтанатты жағдайда табыс етті. Үлкен қуанышқа жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде әкім жаңа пәтерлердің Елбасы бастамашы болған «Нұрлы жер» жобасы аясында тұрғызылғанын, бірінші кезекте көп балалы аналар мен отбасыларға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілгенін жеткізді. «Мемлекеттік бағдарламалар арқасында жерлестеріміз өз өмірлерін сапалы түрде жақсартуға толық мүмкіндік алып отыр», деді ол.

«Нұрлы жер» бағдарламасының операторы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес кәсіпорны «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ екені белгілі. Компания жыл соңына дейін 96 пәтерлік тағы бір үйді іске қосуды межелеп отыр. Оның басқарушы директоры Арман Мұқатовтың айтуынша, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер бірінші кезекте әлсіз әлеуметтік санатқа жататын топтарды қамтиды. Жалдау құнының бір шаршы метрі айына 772 теңгеден аспайтыны, бастапқы жарна мен артық төлемдердің болмауы пәтерлердің қолжетімділігін, отбасылық қаржылық жүктеменің аздығын аңғартады. Жиырма жыл мерзімге берілген пәтер кейін жалға алушының басыбайлы меншігіне өтеді. Баспана құнын мерзімінен бұрын өтеуге де болады. Компания екі жылдың ішінде жалпы аумағы 22121 шаршы метр болатын 410 пәтерді кезекте тұрған адамдарға тапсырған. 

9300 шаршы метр аумақты құрайтын, са­тып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді салумен «Албат құрылыс» серіктес­тігі айналысып, 850 миллион теңге жұмсаған. 

 – Қызым баспана кезегінде 12 жыл тұрған еді. Енді екі бөлмелі жайлы баспанаға қол жеткізіп, қуанышына ортақтасып келіп отырмын, – дейді ақ жаулықты әже Алтыншаш Рамазанова көңіл толқынысын жасыра алмай.

Былтыр әлжуаз санатта пәтерлі болған 400 отбасы қоныстой тойласа, биыл 240 пәтер салынуда. 2019 жылы 442 пәтерлік 9 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылмақ. Ал қала аумағындағы «Солнечный» кентінде үш жылдың ішінде осы заманғы сәулет үлгісімен екі мыңнан астам жеке үй бой көтеруге тиіс.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы