Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Ауылдың ажары азаматынан

455 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ауылдың ажары азаматынан

Шалғайдағы Полтавский және Көркем елді мекендері тұрақтылық пен табыстың шағын мүйісі іспетті. Осы екі елді мекеннің қазіргі ажарын көрген адам аузының суы құрып көпке дейін әңгімелер еді. Мәселен, Полтавский селосында бос тұрған бірде-бір үй жоқ. Таяу маңда сатылатынын да қанша іздесеңіз таба алмас едіңіз. Ал жергілікті серіктестікте бос жұмыс орны бола қоймайды. 

Шаруашылық басшысы Оралбай Глашев ауылдардың бүгінгі құрқыл­тайдың ұясындай жылы бейнесіне қарап отырып, өткен күндердің елесін еске алады. 

– Тоқсаныншы жылдардың басында өте қиын болды. Ауыл тұрғындары бірінен соң бірі көшіп жатты. Қай жаққа қарасаңыз да жүк контейнерлеріне жүгін тиеп жатқан жұртты көрер едіңіз. Осының барлығы менің жүрегімді ­ауыртатын. Кешкілік үйде әйелім екеу­міз әңгімелесіп отырып, осы Пол­тавскийде түбінде екеуміз ғана қалатын шығар­мыз деп қамығушы едік. 

Бүгінде ауыл ажары адам айтқы­сыз өзгерген. «Сарымсақты» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Оралбай Глашевтің аты өңірдегі туған жерін түлетуге қисапсыз еңбек сіңірген жанашыр азамат, меценат ретінде шығып тұр. Ісі оңға басқан серіктестіктің қаржысын елдің әлеуметтік-тұрмыстық жайынан аяп қалған кезі жоқ. Екі елді мекеннің түтінінің түзу ұшуына ең алдымен шаруашылық басшысының ел дегенде елжіреп тұратын ет жүрегінің жылуы әсер етті. Қазір ауыл қотанына кіре­берістен бастап бірден көзтартарлық көркем кейіптегі елді мекеннің аулаларында көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Тұрғын үйлердің барлығы сыланып-сырланған, көшеге қатты жамылғы төселген. Аулалары тап-таза.  Жергілікті шаруашылық мектепке, кітапханаға әрдайым көмек қолын созады. 2014 жылы шаруашылық қаржысының есебінен 22 шақырым жолға 20 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Орталық көшеде наубайхана, азық-түлік дүкені, фирманың кеңсесі менмұндалап, алыстан көз тартады. Қай-қайсынан болсын ұқыпты қолдың табы анық байқалатындай. Кеңсенің екінші қабатына жүз орындық дәмхана орналасқан. Кешкілік қарбалас жұмыстан қолыңыз босай қалса, бильярд ойнаңыз. Ал кішкентай түшпара цехының өнімдері сөреде тұтынушысын тосып жатпай, пышақ үстінде өтіп кетеді. Ет пен ұн шаруашылықтың өзінен шығып жатқан соң бұл арада да қолбайлау болатын ештеңе жоқ.

Сәл ғана ілгері қадам бассаңыз, алдыңыздан жақсылап қоршалған хоккей корты кездеседі, оған жалғас шағын футбол алаңы, іргесінде балаларға арналған алаң. Жаздың жаймашуақ күндерінде бұл жер балалардың алаңсыз күлкісіне толады. Жазғы стадион қандай?.. Ірі мегаполистерде ғана кездестіруге болатын көрініс. Ең бас­ты, еңсесі биік  көзтартарлық ғимарат – құрылысшылар қалағынан жаңа ғана шыққандай жұтынып тұрған, мемлекет-жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде салынған мәдени қызмет орталығы. Екінші қабатында кітапхана орналасыпты. Енді ауыл тұрғындары аумағы атшаптырым, сәулетті әрі жарық оқу залдарында отырып, рухани көкжиегін кеңейте алады. Интел­лектуалдық ойындар алаңы да бар. 

Бірінші қабатта көрермендер залы, еңселі спорт, тренажер залдары орналастырылған. Спортпен айналысамын деушілерге барлық жағдай жасалған. Киім шешетін орындары, жуынатын жерлері мұнтаздай таза. Қоғамдық монша жұмыс істейді.

– Қазіргі мәдени қызмет орталы­ғының орнында бұрынғы кеңшардың клубы тұрған болатын. Шаруашылық балансына оны ешкім де өткізген жоқ. Аудандық мәдениет бөлімі күзетші де қоймады. Кейін кейбіреулер оның материалдарын бұзып, таси бастады. Бірде облыс басшыларының ресми сапары кезінде менің тарапыма мынадай сөз айтылды. «Оралбай, сен келгенде клуб бар еді, егер кете қалсаң артыңда клуб қалмайтын болғаны ма?». Осы сөз қамшы болды. Жаңа ғимаратты қалай салсам екен деп егжей-тегжейін есептедім. Мүмкіндігім молынан жететін болған соң ауыл адамдарының игілігі үшін салып шықтым. 

Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, құрылыс жұмыстары қарқын алған соң адам өзінің ісіне өзі қанағаттанып, ынта-ықыласы арта түседі екен. Жаңа ғимараттың құрылысы, архитектуралық ажары бүгінгі күн талабына сай болуы әбден ойластырылған. Ауылға кішкентай болса да сауда орталығы да қажет. Онда не сатады дейсіз бе? Құрылыс мате­риалдарын. Жұмыс тұрақты, болашаққа деген үміт мықты болған соң тұрақтылық мүйісінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Құрылыс мате­риалдарына деген сұраныс күн өткен сайын арта түсуде. Демек, ел адамдары өздерінің ақ адал күшімен болашақтың баспанасын салып жатыр. 

Серіктестік тұрғын үйлерді де салуда. Әуелі барлық тұрмыстық жайлары қарастырылған екі тұрғын үй салып, шаруашылық мамандарына беруі мұң екен, іле механизаторлар мен жүргізушілер де өтініш білдірген. Олар да тура қалалық жерлердегідей жаңа пәтерлерде тұрғысы келеді. Тіпті жалға алуға да бақұл. Шаруашылық есебінен алып, пәтер құнын біртіндеп төлеуге де болады. Құрылысқа қажетті құм мен қиыршық тас өздерінде. Құмнан құйылатын блоктарды шаруа­шылықтың өзі өндіруде. 

Шаруашылық басшысының айтуына қарағанда, 23 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін ел еңсесін көтеруге бағытталған қыруар шаруаның ойдағыдай атқарылуы соңғы жылдардағы астықтың шығым­дылығына байланысты болып отыр. 

– Өзімнің алғашқы жұмыс күнде­рім әлі күнге дейін есімде,–дейді шаруа­шылық басшысы. Таңертең жұмыс кабинетіме енудің өзі қиын болатын. Кеңсенің алдына қарақұрым халық жиналады. Әрқайсысының бір мәселесі бар. Оның барлығы жөпелдемеде шешіле қойса жақсы. Әрине, бәріне көмектескің келгенімен, ол кезде қол қысқа еді. 1994-1998 жылдар аралы­ғында егін шықпады. Қатты қиналдық. 

Жер үстіндегі жұмақ өз-өзінен орнай салмайды. Ол тек адал еңбектің, адал ниеттің жемісі. Сол астық шықпаған қиын жылдары ауыл адамдарының ауыз сусыз отырған кезеңдері де болған. Тіпті бір қыс бойы электр қуаты берілмеген. Міне, дәл осы кезде ауыл тұрғындары бауыр басқан туған жерін тастап үдере көшкен. 1999 жылы астық жақсы шықты. Еңселері көтеріліп қалды. Бар қиындық біржола артта қалғандай. Бүгінде шаруашылық басшысына өтініш айтып, мазасын алып жатқандар жоқ. Ауыл тұрғындарының мал азығы үйлеріне жеткізіліп беріледі. 

Ел еңсесін көтергеннен кейін екі ауылға мешіт те салып берген. Қазір облыс орталығынан тым шалғайда жатқан шоқ жұлдыздай шағын, ауызбірлігі мықты ауылдарда имандылық шуағы шалқиды. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы,

Егіндікөл ауданы