Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Конституция күні қарсаңында Ұлттық кітапханада дөңгелек үстел өтті

2179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекет азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын анықтайтын негізгі құжат – Ата Заңы. Қазақстан Республикасы үшін де аса маңызды саналатын ел құжаты бүгінде мемлекет бірлігі мен тұтастығының ұстанымына айналған. Ал оның маңыздылығын тиісті сала мамандары тарапынан ел азаматтарына түсіндіріп отыру үздіксіз жалғасын тауып отыратын маңызды міндет.

Конституция күні қарсаңында Ұлттық кітапханада дөңгелек үстел өтті

ҚР Конституциясы күні қарсаңында Алматы қалалық соты мен Ұлттық кітапхананың ұйымдастыруымен «Конституциялық құндылықтар, Қазақстанның заңнамасы және құқық қолдану тәжірибесінде оларды жүзеге асыру жолдары» дәстүрлі дөңгелек үстелі жалғасын тапты.

Іс-шараның алғашқы бөлімі кітап көрмесінен басталды. Ұлттық кітапхананың директоры Жанат Сейдуманов «Конституция – Қазақстанның өркені мен өрлеуінің негізі» көрмесімен танысытырып, ел тәуелсіздігі жылдарында жарыққа шыққан құқық саласындағы әдебиеттердің маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелді Алматы қалалық сотының  төрағасы Бақытжан Қараманов жүргізіп, Конституция – Қазақстан халқының еркіндігін, оның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуын, оның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы аясындағы маңызды мәселелерге тоқталды.

Іс-шараға Алматы қалалық сотының судьясы Қ.Қалекеева, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Заң факультетінің  деканы Д.Байделдинов, заң ғылымдарының докторы Қ.Айтқожин, Әуезов ауданының прокуроры М.Тілеубердиев, адвокат Н.Жазылбеков, Бостандық аудандық сотының судьясы Г.Талапова, сонымен қатар қорғау органдары, әділет, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон, мемлекеттік кірістер, нотариустар, адвокаттар, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысып, Ата заң төңірегіндегі құқықтық мәселелерге тоқталды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ