25 Тамыз, 2018

Ақын Жанғали Мырзалиевтің «Асау» атты кітабының тұсауы кесілді

878 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының ең шалғай жатқан Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылында ақын Жанғали Мырзалиевтің «Асау» атты кітабының тұсаукесері өтті.

 

Ақын Жанғали Мырзалиевтің «Асау» атты кітабының тұсауы кесілді

«Осы да оқиға болып па?! Қазір кім кітап шығармай жатыр?» дерсіз. Бірақ Жанғали ақынның жөні бөлек еді. Біздің қазақта тас жарарлық таланты болса да, танылмай кеткен тұлғалар өте көп қой. Солардың бірі – жәнібектік ақын Жанғали Мырзалиев еді. Оқушы кезінен жас тілшілер құрамында аудандық газетте жұмыс істеп көзге түскен ақын ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыған. Жанғали Мырзалиевтің өлеңдері, мақалалары кезінде республикалық «Қазақ әдебиеті», облыстық «Орал өңірі» және аудандық газет беттерінде жиі жарияланатын. Талайлы тағдыры талқыға түсіп, өкінішті өмірі 44 жасында үзілген ақынның соңында жоқтаушы да болмай, мүлдем ұмытылып кеткендей еді.

Бірақ жәнібектік жанашыр жігіттер бірнеше жылдан бері архив кезіп, газет тігіндісін ақтарып, ақынның мұрасын жинастырды. Бұл істің басында белгілі мәдениет қайраткері Дәулеткерей Құсайынов, журналистер Нұрлыбек Рахманов, Нұртай Текебаевтар жүрді. Ақыры осы істің нүктесін Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов қойыпты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алатын «Туған жер» бағдарламасы аясында жерлестерін жұмылдырып, ақынның туған жері Ақоба ауылында «Жырдың шамын маздатып...» атты облыстық ғылыми-шығармашылық конференция ұйымдастырған.Сөйтіп, тірісінде марапат көрмей, одан кейін өткен ширек ғасырда есімі ел жадынан шыға жаздаған Жанғали Мырзалиевтің 70 жылдығын айтарлықтай өткізді.

Осы шараға 500 шақырым жол жүріп, Орал қаласынан Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ақын Айтқали Нәріков, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Мұрадым Мирланов, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі, ақын Нұртай Текебаевтар арнайы барып, шағын ауылдағы шырайлы кештің мәртебесін биіктете түсті.

«Бейнетінен тірліктің келген күні қалжырап,

Аумаған деп өзімнен сүйді ата-анаң алдына ап.

Суретші сияқты өртенеді өзегі,

Өскеннен соң әлпетің өзгерерін сезеді.

Адам ұқсап адамға,

Терек тартып терекке,

Өмір деген өмірден айнымауы керек пе?

Ұқсастық та, шынымен, қол жетпейтін белес пе?

Тірлік заңы басқаға ұқсамауда емес пе?» - деп жырлаған Жанғали ақынның өзгеге ұқсамас өзіндік өлеңдері де көп болатын. Ақын кітабының тұсаукесеріне арналған кеште замандастары мен ауылдастары небір әсерлі әңгімеге куә болды.

«Жастық өтті жалын жүзден әр тайып,

Күннен күнге келеміз ғой қартайып.

Біз қорықсақ, жаудан емес, бауырым,

Ойсыздықтан қорқайық!

Бұл өмірдің әр сағатын, әр сәтін

Шақтай келген қарсы алайық аңсатып.

Кейде бізді мадақтаса несі айып,

Бедел сатып жүрмегенге,

Ар сатып...

Сөзден гөрі сара шыққан ісімен

Жандарды мен жақынырақ түсінем.

Бақыт құсын керегі жоқ армандап,

Алақанның келеді ол күсімен!» деп жырлаған ақынның әр жерде шашылған жырларын жинақтап, жеке кітап етіп бастырған Ахмедияр Батырхановқа жерлестері алғыс айтты. Шынында бұл аз еңбек емес. Ахмедияр Қуанұлы осы жолда Алматыға дейін сапар шегіп, аудандық, облыстық басылымдардың сарғайған тігінділерін қопарды. Ақынның әр өлеңін тірнектеп жинады.

- Жетпісінші жылдары қазақ поэзиясына жеке лек болып келген Темірхан Медетбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірәшев, Күләш Ахметова сынды замандастарымыздың қатарында Жанғали Мырзалиев те болды. Ол ҚазМУ-де оқыған жылдары қазақ поэзиясын аспандатқан ақын қыз-жігіттермен бірге өсті. Жарыса жыр жазды. Жатақхананы күңірентіп өлең оқыды. Адам баласының тағдыры әр түрлі ғой. Жанғали сол керемет талантты топтан бөлініп, туған жерге оралуға мәжбүр болды. Егер Жанғали үлкен ортадан ажырамаса, қазақтың аса көрнекті ақыны болып қалыптасар еді. Оған жырлары куә, - дейді ақын Айтқали Нәріков.

Мәдени орталықтардан шалғай жатқан шағын ауылда өткен шығармашылық кеш ақобалықтардың есінде көпке дейін сақталары анық. Осы кешке қатысқан Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов та ақын аруағын аспандатқан құрметті қонақтарға ел атынан алғысын айтып, ақын Айтқали Нәріков пен ғалым Зейнолла Мүтитегінің иығына шапан жапты.

Конференция соңынан меймандар Ақоба ауылы көркемөнерпаздары қойған концертті тамашалады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан