Технология • 26 Тамыз, 2018

Кеншілер қаласына алты смарт орындық орнатылды

728 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заманауи технологиялар қалалық жерлердің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. Шаһарларымызды дамытуға инвесторлар тарту үшін бәсекеге лайық болу шарт.

Кеншілер қаласына алты смарт орындық орнатылды

Инвесторлар неғұрлым жайлы, уақыт талабына сай қалаларды таңдайды. Қазір әлемде «Смарт Сити», яғни «Ақылды Қала» түсінігі кең тараған. Еліміздің Астана бастаған бірнеше ірі қаласы осы үдеден шығуға талпынуда. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына биылғы жолдауында атап көрсеткендей, «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады».

«Смарт Сити» тұжырымдамасы Қарағандыда да көрініс таба бастады. Кеншілер қаласындағы «Абсолют» сауда үйінің алдына қойылған алты смарт орындық осы күні жұртшылықтың талай қажетін ашып отыр. Күн көзінен қуат алатын орындықтардан қалта телефоныңызды қуаттандырып алуға болады. Смарт орындықтардың әрқайсысында екі USB-порттан бар. Сонымен қатар, жалпыға ортақ орындықтардың Wi-Fi жүйесі де әрдайым қосулы әрі тегін. «Ақылды қала» технологияларының басты артықшылығы – олардың адамдар мен қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Орнатылғанына көп уақыт өте қоймаса да, «ақылды орындықтар» көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерген. Бастапқыда бұрын тұрған орындықтар эстетикалық көрініс үшін ғана ауыстырылған деп ойлағандар да қазір осы тұсқа жиі тақалып, тегін интернет желісін пайдаланатын болған.

Жалғыз-ақ айтары: қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті билік тарту еткен осы игілікті орынды ұқыпты пайдаланса жақсы. Әйтпесе, осы кеше ғана Қарағандының орталығындағы жаңа саябақта жақында орнатылған орындық-сәкіні он шақты жасөспірім қаскөйлікпен қиратып, орнынан жұлып алыпты. Олардың бұзақылық ісін полиция қарап, ата-аналарына қатаң ескерту жасады. Мұндай жағдай қайталанатын болса, қомақты айыппұл салынатыны айтылды. Ол – жай орындық. Дегенмен, сондай сотқарлар ертең миллиондаған қаражатқа орнатылған «ақылды орындықтарға» ауыз салмасына кім кепіл!? Сол уайым, әйтпесе, өркениет жетістіктері деген жақсы ғой.

Смарт орындықтар саны, билік өкілдерінің айтуынша, мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта басқа да көпшілік орындар біртіндеп осындай заманауи орындықтармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, «Смарт Сити» технологиясы басқа салаларда да қолданысқа енгізілмек. Мәселен, қоғамдық көліктерде жол ақысын электронды жүйе арқылы төлеу, қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейту, денсаулық сақтау саласын оңтайландыру үшін жаңа технологиялар көмекке келеді.Қалаға заман талабына сай тұжырымдама жобаларын енгізер алдында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров: «Бұл жобаларды жүзеге асыруға біз бизнес-құрылымдарды тартамыз. «Смарт Сити» жобаларын іске асыруға қажетті ұзақ мерзімдік инвестициялар жалғыз бюджетке ауыр болады. Сондықтан, мемлекет пен меншік әріптестігі бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз. Бүгінгі нарықта он жылға дейінгі мерзімге инвестиция сала алатын ірі компаниялар бар. Солардың көмегімен «Смарт Сити» тұжырымдамасын өңір бюджетіне залал келтірместен енгізуге болады», – деген болатын.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында смарт технологиялар еліміздің бірнеше қаласында іске қосылған. Халық игілігіне қызмет ететін өркениетті бастама өрісін жая бермек.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ