Қазақстан • 26 Тамыз, 2018

«Алтын үкi - 2018» халықаралық сайысы өтті

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

20-25 тамыз аралығында Қарағандының іргесіндегі Спасск полигонында арнайы мақсаттағы мергендердің «Алтын үкi - 2018» халықаралық сайысы өтті. Оған Қазақстанмен қатар, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Үндістан, БАӘ, Италия, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан елдерінің үздік жауынгерлері қатысқан болатын. Ал Түркия мен Оңтүстік Кореяның өкілдері бұл сынға тек бақылаушы ретінде қатысты.

«Алтын үкi - 2018» халықаралық сайысы өтті

– Бұл сын әшейін жарыс емес, оның мәні – жауынгерлеріміздің сайыскерлік рухын көтеру, әскери әріптестік сенімін арттыру, - деді шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. – Осы бәсекеге қызығушы әскери қызметкерлердің қатары біздің елімізде де, шетелдік әріптестеріміздің арасында да жыл сайын артып келеді. Мергендер сайысы дегеніміз – нысанаға дөп тигізу машығын, қаруды меңгеру шеберлігін көрсету, түрлі стратегиялық және барлау тапсырмаларын орындай білу. Бұл сайысқа қатысушы елдердің үздік мергендері келіп отыр. Яғни, біз нағыз сұрмергендердің өнеріне куә боламыз.

Ал Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өз сөзінде бұл шара терроризммен бірлесе күресуге жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.

– «Алтын үкi» әскери өнердің дәстүрлі мерекесіне айналғанына қуаныштымын, – деді Ерлан Жақанұлы. – Елбасы айтқандай, «Терроризм шекара талғамайды және елдерді бай-кедей деп бөлмейді». Осындай сайыстар ортақ жауларымызбен күресуге септігін тигізеді деп сенемін. Мергендер – кез келген армияның элитасы. Нағыз мергенге тән табиғат пен мінез әркімге бұйырмаған. Тарихта Әлия Молдағұлова, Төлеуғали Әбдібеков сияқты қаһарман мергендер жайлы аңызға бергісіз әңгімелер аз емес. Сол батырлар сіздерге кәсіби де, өмірлік те үлгі болсын.

Ұйымдастырушылар жарысты шынайылыққа мейлінше жақын етуге тырысқан. Қатысушылар классикалық атудан, қозғалыстағы нысананы атудан және түрлі қиын жағдайда күрделі тактикалық түйіндерді шешуден, жасырыну мен тұрған жерін бағдарлаудан сынға түсті. Бұлардың бәріндегі негізгі талап – дәлдік пен жылдамдық. Айта кету керек, биыл жауынгерлерге өз қаруларымен, арнайы киім-кешектерімен келуге рұқсат етілген. Бұл олардың өздерін неғұрлым жайлы сезінуі үшін де қажет.

Қатысушылар өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Командалық есепте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлері жеңімпаз атанды. Екінші орынға Беларусь, үшінші орынға Қытай елдерінің құрамалары ие болды.

Ал жеке сында Қазақстан мергендері алдарына жан салмады. Бірінші орынды Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты 32356 әскери бөлімнің мергені иеленсе, екінші орынды 22750 әскери бөлімнің жауынгері, ал үшінші орынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің өкілі еншіледі.

Бір жұмаға созылған сайыстар барысында мергендер үшін қиындықтар аз болған жоқ. Әсіресе ауа райының салдарынан болған кедергілер көп. Мергендер жел мен жаңбырға қарамастан, барлық тапсырмаларды орындап шықты. Олардың өз арасында «Бірінші атқан емес, бірінші тигізген жеңеді» деген қағида бар. Сондықтан, оларға дәлдік пен ұқыптылықты еске салудың өзі артық. Он екі елдің ішінде өз мергендеріміздің үстем болғаны абырой!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ