Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Бес президенттің қатысуымен өткен тарихи басқосуда жаңа басымдықтар мен міндеттер айқындалды

333 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысы жандана түсетін болды. Бұл – Түрікменбашы қаласында бас қосқан Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан президенттерінің ортақ шешімі. 

Бес президенттің қатысуымен өткен тарихи басқосуда жаңа басымдықтар мен міндеттер айқындалды

 

Қазақстан ұсыныстары қашанда ұтымды

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев осыдан 25 жыл бұрын өзі бастамашы болған қордың қаты­сушы мемлекеттері басшы­ларының саммитінде ұтым­ды ұсыныстарын ортаға салды. Алдымен қордың ұйым­дас­тырушылық құрылымын тәр­тіпке келтіру мен басқару жүйесін автоматтандыруға де­йінгі іс-шаралар аумақтық ауқымнан шығып кеткен Арал мәселесін бірыңғайлауы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев, Гур­бан­гулы Бердімұхамедов, Шав­кат Мирзиёев, Эмомали Рах­мон, Сооронбай Жээнбеков қа­был­даған құжатта Қазақстан та­ра­пы­ның өзге де ұсыныстары кө­рініс тапты.

Жалпы, өткен ширек ғасырда Аралдың мәселесіне байланыс­ты қорға қатысушы мемлекеттер көрпелеріне қарай көсіліп, шама-шарқынша қаржы бөліп кел­се, оларға қоса дүниежүзілік қар­жы институттары, жекелеген мемлекеттер қаржылай жәр­дем етті. Аралдың тағдыры жа­йында алдымен дабыл қағып, эко­логиялық апаттың зардабын Бірік­кен Ұлттар Ұйымының мін­беріне дейін жеткізген біз­дің еліміздің жанайқайын әлемдік қоғамдастық естіді.

Арнайы бағдарламалар қа­был­данып, қаржы құйыла баста­ған соң Арал аумағының тірші­лігіне қан жүгіріп, теңіз ұлта­нынан су кете бастаған уақыт­та үдере көше бастаған ел тұ­рақ­тады. Бүгінде Аралдың суы сарқылғанымен, айнала­дағы елді мекендер артезиан құ­дық­тарынан атқылаған сапалы ауыз сумен қамтылған. Ауыл­дар, аудан орталықтары газдан­дырылып, тезек теріп, сексеуіл шабатын күн де келмеске кетті. Бұл да болса шатқаяқтаған эко­логиялық жағдайға демеу болуда. Балық шаруашылығы қалпына келе бастады. Бұрын еңбеккерлері талай шығармаға арқау болып, өндірістік балық өндірудің биік сатысына шыққан балықшылар осыдан 15-20 жыл бұрын бірер кило балыққа зар болса, қазір жылына 8 мың тонна балық аулануда. Міне, берекенің бастауы.

Орамы келгенде дәл осы мәселелерді жетілдіре түсу – Халықаралық Аралды құтқару қорына қатысушы мемлекет басшыларының мерейтойлық саммитінің өзегіне айналды. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға сапары шақырушы тараптың басшысымен кездесуден бас­талған болатын...

Су деңгейі – 42 метр

Қазақстан Президенті Халық­­аралық Аралды құтқару қоры­ның құрылтайшы мемле­кеттері басшыларының отырысында саммиттің Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жыл­дығы қарсаңында өтуінің символдық мәні зор екенін ай­тып, осы жалпыөңірлік маңыз­ды басқосу алаңының алғаш­қы күндерінен бастап мұн­да Арал теңізі мен Арал ай­мағының күрделі әлеумет­тік-экономикалық, су ша­руа­шылығы және экологиялық мәселелерін шешуге ба­ғыт­талған жұмыстардың ат­қары­лып жатқанын атап өтті.

– Аралды құтқару қоры ха­лықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізуде. Соның арқа­сында Арал өңіріне әлемдік қо­ғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің арқасында бұл қор Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Орта­лық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары өңірдегі халық­тардың ортақ игілігі екеніне тоқ­талды, сондай-ақ осы аймақ­тағы мемлекеттердің барлығы тиімді шешімдер іздестіріп, оңтайлы идеялар мен нақты жобалар ұсынып жатқанын айтты.

– Түрікменстанның баста­масы бойынша Біріккен Ұлт­тар Ұйымының деңгейінде Арал аймағы елдеріне арнал­ған БҰҰ-ның Арнайы бағдар­ламасын қабылдау мә­селесі қарастырылуда. Тәжік­стан­ның ұсынысы бойынша Бірік­кен Ұлттар Ұйымының Бас Ас­самблеясы 2018 жылдан бас­тап «Су – орнықты да­му көзі» атты халықаралық іс-қимыл­дың онжылдығын жа­рия­лады. Өзбекстан биыл­ғы мау­сым айында Таш­кентте Орта­лық Азияның халық­аралық эко­ло­гиялық форумын жоғары деңгейде өткізді. Қыр­ғызстанның бастамасы бойын­ша Біріккен Ұлттар Ұйымы құ­ры­лымдарының қолдауымен «Шу және Талас өзендерінің бас­сейндеріне арналған іс-қимыл­дардың стратегиялық бағдар­ламасы» әзірленді, – деді Қазақ­стан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның осы бағытта белсенді жұмыс атқарып жатқанын айтып, елдер делегацияларын биылғы 10-12 қазанда Астанада өте­тін Трансшекаралық су ағы­ны мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына мүше тараптар кеңесінің сегізінші сессиясына қатысуға шақырды.

Қазақстан Президенті бір­лескен іс-қимылдың арқасында қол жеткізілген оң нәтижелерге арнайы тоқталды.

– «Сырдария өзенінің арна­сын реттеу және Арал теңізі­нің солтүстік бөлігін сақтау» ау­қымды жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі саласындағы экологиялық жағдай елеулі түрде жақсарды. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда су­дың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көр­сеткішті ұстап тұр. Судың тұз­дылығы төмендеп, теңіздің қо­ректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қал­пы­на келуде. Арал теңізінің қазақ­стандық бөлігіндегі микроклимат пен әлеуметтік жағдай жақсарды. Балық өңдейтін бірқатар кәсіп­орын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев шағын құрамда өзекті проблемалардың, ұйымның тиімділігін арттыру­ға және бірлескен күш-жігерді үйлестіруге бағытталған Ха­лықаралық Аралды құтқару қо­ры міндеттерінің егжей-тег­жейлі талқыланғанына назар ау­дарып, Қазақстан ұсынған шараларға арнайы тоқталды.

– Қордың қазіргі инс­ти­туттарының негізінде Ха­лықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушы­лық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын басқару жүйе­сін автоматтандырудың, бө­лу­дің, есепке алудың, мониторинг жасаудың, соның ішінде олардың сапасын жақсартудың уақыты келді. Қазіргі жағ­дай­да Орталық Азияның халық­ара­лық су-энергетикалық консор­циумын құру мәселесіне қай­та оралудың маңызы зор. Халық­аралық Аралды құтқару қоры­ның Атқарушы комитетін ел­деріміздің біріне тұрақты орна­лас­тыру мәселесін қарастыру керек, – деді Қазақстан Пре­зи­денті.

Мемлекет басшысы бү­гін­гі кездесу халықаралық ау­қым­дағы маңызды оқиға болып саналатынын және су ресурс­тары мен экология мәселелері бойынша өңірлік кооперация үдерісіне тың серпін беретінін атап өтті.

– Біз мұнда жаңа ба­сым­дықтар мен міндеттерді анық­тадық. Орталық Азияның ор­нықты дамуы мен өркендеуі үшін бұл мәселелерді шешудің маңызы аса зор. Сондықтан мұның бәрі біздің әрі қарай бірлесіп үйлесімді іс-қимыл жасауымызды талап етеді. Мен Қазақстанның әрқашан да өңірлік ынтымақтастық мә­се­лелері жөнінде дәйекті әрі сенімді әріптес екенін және солай болып қала беретінін нық сеніммен айтқым келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жаңа технологияларды қолдану ұсынылды

Мемлекет басшысы Ха­лық­­­­­ара­­лық Аралды құтқару қоры­­­­ның құрылтайшы мемле­­кет­терінің басшылары отыры­сы­ның қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазақстан Президенті журналистер мен ресми делегациялар мүшелерінің алдында сөй­леген сөзінде Түрікменстан Пре­зидентіне дәстүрлі қо­нақ­жай­лылық көрсеткені үшін риза­шылық білдіріп, сам­мит­­тің жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылғанын атап өтті.

– Бұл кездесуіміздің әлемнің барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесінен кейін өткізілуінің символдық мәні зор. Осы мүмкіндікті пай­далана отырып, бауырлас халық­тарға бақ-береке, бейбіт өмір, амандық тілеймін, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Арал дағ­дарысы адамзат тарихын­дағы ең ірі экологиялық апат­тар­дың бірі болып саналатынын атап өтіп, 50 жыл ішінде теңіздің аумағы 9 есе кеміп, су көлемі 30 есе азайғанын айтты.

– Жыл сайын Арал теңізінің кеуіп қалған ұлтанынан желмен бірге 80 миллион тонна улы тұз көтеріледі. Бұл тұз шаңды дауылмен Батыс Еуропадан Гималайдың шыңдарына дейін мыңдаған шақырымға таралып, адамдардың денсаулығына және елдеріміздің экологиялық жүйесіне зардабын тигізуде, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Арал аймағының экологиялық жағ­дайын жақсартуға бағытталған Халықаралық Аралды қорғау қорының құрылтайшы мем­ле­кеттерінің күш-жігерін қол­дау үшін тараптардың осы проб­лемамен айналысатын дүние­жүзілік қоғамдастыққа, Бірік­кен Ұлттар Ұйымына, барлық Қорлар мен банктерге жүгінгені жөн деп тапқанын атап өтті. 

– Біз өз тарапымыздан қор­­дың жұмысын жетілді­руге уағдаластық. Барлық мәсе­ле­лерді, соның ішінде ескірген шешімдерді, сондай-ақ қордың барлық басқарушы және атқа­рушы органдарының қызметін талдау мәселесін шағын құрам­да ашық талқыладық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы су шы­ғы­нын 50-60 процентке қысқар­тып, өнімділікті 4-5 есе артты­ратын тамшылатып суару сияқ­ты заманауи технологияның жә­не суаруға қолданылатын суды үнемді пайдаланудың маңыз­ды­лығын атап өтті.

– Заманауи ғылыми ұста­ным­дарға негізделген өте ма­ңызды ұсыныстар болды. Мыса­лы экологиялық жағдайды жақ­сар­туға септігін тигізетін әрі ауыл шаруашылығында малға жем дайындаудың көзі бола алатын, сондай-ақ тұздың көте­рілуін болдырмайтын, тұзға төзімді жасыл көшеттер отыр­ғызу мәселесі айтылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ұсы­ныстардың бәрі саммиттің ком­мюникесінде бекітілгеніне тоқ­талып, түрікмен тарапы бар­­лық ұсыныстарды жи­нақ­тайтынын, ал атқарушы комитет алдағы іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлейтінін атап өтті.   

Жиын соңында Мемле­кет басшысы тараптардың су шаруа­­шылығы, өңірдің су-энер­гетикалық және экология­­­лық аспектілері жөніндегі ұста­ным­дарын жақындастыру мәселе­лерін егжей-тегжейлі талқы­лағанын атап өтіп, Қазақ­стан өткен келіссөздердің нәти­же­лерін жоғары бағалайтынын айтты.

 

Арал – ынтымаққа зәру аймақ

Халықаралық Аралды құт­қару қорының өткен жылдарына аз-маз шолу жасап өтсек, 25 жылда тағдырлы теңізге бай­ланысты қабылданған тағ­дыр­шешті шешімдер нәти­жесіз болған емес. Бірақ жур­налистер алдында Өзбекстан пре­зи­денті Шавкат Мирзиёев Түрік­менбашы саммитінің келіс­сөздері оңайға соқпағанды­ғын айтып қалды. Өйткені 2009 жылдан бері қорға қатысушы мемлекеттер басшыларының басы құралмаған. Әрі тартып, бері жығулар, ішкі ұстаным­дар уақыт тізгінін тежей алсын ба? Оның үстіне, Қырғызстан тарапы қор жұмысына бейтарап қарап, оны Сооронбай Жээнбеков қордың сол кездегі жұмысы Қырғызстанның мүд­делеріне сәйкес келмеуімен түсін­дірді. Бірақ алдағы уақыт­та ұйым жаңғырар болса, қор жұмысына белсене қатыса­тын­дықтарын мәлімдеді.

Ал Түрікменстан мен Тә­жік­стан тараптары қордың қа­лып­ты жұмысына мүдделілік білдірді.

Сайып келгенде, елі­міз еге­мендікке жеткен жыл­дар­дағы елең-алаңда Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың Аралға байланыс­ты алаң­дау­шылығы жоғары нә­тиже беріп отыр. 

ХАҚҚ Қазақстандағы атқа­ру дирекциясының директоры Болат Бекнияздың айтуынша, Солтүстік Аралды реттеу жобасы аясында бірқатар эколо­гиялық мәселелердің түйіні тар­қатылған. Сырдарияның су өткізу қуаты арта түсіп, жаға­лау, өзен арналары шеген­дел­ген. Яғни судың ысырап бол­мау­ына барлық жағдай жасал­ған.

– Қазақстан тарапынан Көк­арал бөгені салынған соң Сол­түстік Аралдағы су деңгейі 42 метрге көтерілді. Аралдың тарихында судың ең биік деңгейі 53 метр болғанымен, қазіргі шамасының өзі 27 шаршы километр су жинақтауға мүмкіндік береді. Оған қоса, судың тұз­дылығы төмендегені балық­қа да жайлы. Қазіргі уақытта балық­шылар ата кәсіптеріне ора­луда. Тіпті ауланған балық экс­портқа шығарылып жатыр. Енді осы күйімізден де айы­рылып қалмау үшін Қазақ­стан Президенті ұсынған авто­мат­тандыру жүйесін тезірек іске қосқан дұрыс. Бұл сам­мит бес мемлекеттің ынтымақ­тасты­ғына серпін беруі тиіс, – дейді Б.Бекнияз.

Ал дирекцияның су ресурс­­­тары департаментінің жетек­шісі Әмірхан Кеншімов Қа­зақстан тарапы ұсынған су­ды үнемді пайдалану жүйесі, бір­лесе басқару, консорциум құру уақыт талабы екендігін айтады.

Өз кезегінде белгілі инженер ғалым Нариман Қыпшақбаев ширек ғасырда атқарылған жұ­­мыстар нәтижесінде Аралға бай­­ланысты қауіптің беті қайт­­қандығын айтып отыр. Сыр­­дарияның бойында КСРО кезін­де салынбаған бөгеттер тұрғы­зылған. Суды реттеу, негіз­сіз шығынға жол бермеу мен үнемдеудің амалдары жасалған.

– Су – табиғаттың теңдессіз ырыздығы. Адамзаттың тір­ші­лігінде судың пайдасы алтын мен күмістен де жоғары тұр. Ең бастысы, бір өзеннің тағдырын бір мемлекет жеке-дара шеше алмайды. Дәл осы арада ынтымақтастық, ауызбіршілік қажет. Оны Елбасы үнемі айтып келеді. Сондай-ақ көршілес мемлекеттер өзеннің бастауында тұрғандығын малданып, бұра тарту пиғылынан арылу керек. Оған Қазақстан тарапы ұсынып отырған су жүйесін басқаруды автоматтандыру жәрдем етеді. Сонда ғана Сырдария суының Аралға құйғанға дейінгі арнасы толық бақылауда болады, – дейді Н.Қыпшақбаев.

Сарапшылардың айтуларына қарағанда, бүгінде Сырдария өзенінің жылдық қоры 37 млрд текше метрдің шамасында. Ал тұтынушы мемлекеттердің Сыр суына сұранысы 50 млрд текше метрден асып кеткен.

Сайып келгенде, Н.Қып­шақ­­баевтың айтуынша, әлем елдерін Орталық Азия мем­ле­­кет­терінің Аралдың тағ­ды­рын қалай шешетіндігі қызық­тыруда. Өйткені жер бетіндегі 360 мемлекетаралық өзеннің қай-қайсысында да осы тектес қиындықтар туындауы мүм­кін. Сондықтан Аралды құтқару шара­ларынан басқалар да сабақ алуға бейіл.

Бабаларымыз ежелден су­дың да сұрауы болатынын бекер айтпаған. Дамыған өндіріс, өрістеген экономика, халық санының артуы болашақта да суға сұранысты арттыра түспек. Ал бауырлас елдер Аралдың мәселесін өзара сенімділікпен, достық пиғылмен, адал үлес арқылы шешіп алмаса болмайды. Халықаралық Аралды құтқару қоры қатысушы мемлекет­тері басшылары саммитінің де көздегені осы. Президенттер қол қойған коммюникеде бұл мәселелер тайға таңба басқан­дай көрсетілген. Жаңа заманда өзгелерден бір шелек су алудың өзі мүмкін болмайтындығын тараптар толық түйсінгендей.

 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан» –

Түрікменбашыдан