Әлем • 27 Тамыз, 2018

Арал тағдырына арналған маңызды саммит

610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түрікменстанның Түрікменбашы қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан президенттерінің Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмысына байланысты басқосуы әлемдік ақпарат құралдарының назарын өзіне аударды. Осы маңызды оқиғаға орай төменде бірқатар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының қатысуымен ұйымдастырылған маңызды шараға қатысты пікірлерді ұсынып отырмыз.

Арал тағдырына арналған маңызды саммит

Орталық Азия басшылары Түрікменстанның туристік ай­мағы Авазда Халықаралық Аралды құтқару қорының сам­­­­митіне жиналды. Жиынға Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Соо­ронбай Жээнбеков, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бер­дімұхамедов қатысты.

Саммит барысында қатысу­шы тараптар Арал теңізін құт­қару, ондағы мәселелер және өңір­дегі экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ жиында Арал апатының салдарын жою, судың ластануы, экологиялық жағдайды жақсарту мен осы бағыттағы Орталық Азия мем­лекеттерінің әрекеті сөз болды. Жалпы, Арал апатының салдарымен күресу үшін 2013-2017 жылдар аралығында 500-ден астам жоба жүзеге асты.

Бұдан бөлек, саммитте Орта­лық Азия мемлекеттерінің басшылары Халықаралық Аралды құтқару қорын реформалау туралы бастаманы қолдады.  «Аралды құтқаруға көмек көрсету бойын­ша бағдарламаны орындау­ды қайта қарап шығу қажет. Сондай-ақ түскен қаражаттың қайда жұмсалғанын да білу керек. 20 жыл бойы қорда бірде-бір гидроэнергетикалық жоба қаралған жоқ. Алайда ұйым Арал теңізін сақтап қалу жөніндегі қаржылық-несиелік жоба ретінде құрылған болатын», деді саммитте сөз сөйлеген Қырғызстан Пре­зиденті Сооронбай Жээнбеков.

Естеріңізде болса, Қырғыз­стан ұйымға мүшелігін уақыт­ша тоқтатқан болатын. Алайда Аралды құтқару қорындағы оң өзгерістер олардың пікірін өзгертіп, мүшелігін жалғастыруға мүмкіндік бермек.

Орталық Азия мемлекет­те­рінің президенттері Арал теңізін сақтап қалу мәселесін талқы­лау үшін Түрікменстанға жинал­ды. Vesti.ru агенттігінің хабарла­уынша, саммит барысында Арал теңізін құтқарудың маңызды жолдары талқыланған.

Агенттікке сұхбат берген Халықаралық Аралды құтқару қоры атқару дирекциясының директоры Болат Бекнияз теңізден туындаған мәселе Орталық Азияны түгел қамтитынын айтады. Сондықтан Арал мәселесін бірлесе отырып шешу қажет.

Жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та түйткілге қатысты өз көзқарасын білдірді. «Жиырма жыл бұрын қабылданған шешімдер қазір ескірді. Қордың басқарушы органдарын қайта сүзгіден өткізу қажет. Ғылыми тұрғыда өте орынды ұсыныстар айтылды. Соларды ескеру керек», деді Н.Назарбаев.

Vesti.ru агенттігінің пайымдауынша, осы саммит мәселені түбегейлі шешуге жол ашпақ. Мә­селен, бұған дейін Әмудария мен Сырдария суы егістік пен мақта суаруға кетіп, Аралға жетпейтін. Ендігі жерде Орталық Азия елде­рі өзен суын тиімді пай­даланып, тамшылатып суару секілді әдіс қолданбақ. Соны­мен қатар жиын қорытындысы ­бойынша теңіз таба­нына тұзды топыраққа шыдамды өсімдіктер егу туралы келісім жасалды.

Саммитте сөз сөйлеген Түрік­менстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Арал теңізінің мәселесін әлемдік деңгейге­ көте­­руді ұсынды. Vesti.ru Орталық Азия мемлекеттерінің түйткілге қайта оралып, бірлесе жұмыс істеуін жоғары бағалады.

Түрікменстанда Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттердің 12-і саммиті өтті. Жиынға Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары түгелдей қатысты.

Саммит басталмастан бұрын Түрікменстан басшысы Гурбан­гулы Бердімұхамедов Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевпен, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен екіжақты кездесу өткізген.

Azathabar.com сайтының мәліметіне сүйенсек, Арал теңізінің тартылуынан туындаған түйткілдер Түрікменстанның солтүстік аудандарына орасан зиян тигізіп отыр. Мәселен, Дашогуз уәлаятында таза ауыз су қат. Сондай-ақ егістік жерлер тұз татып кеткен. Теңізден көтерілген тұзды дауыл дүркін-дүркін елді әбігерге түсіреді. Мамырда болған осындай боран екі күн бойы тоқтамаған. 

Шолуды дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»