Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Берелдің баға жетпес мұрасы

1485 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл әлемге әйгілі Берел қорған­да­­­­­­рында қазба жұмыстарының бастал­ға­ны­на 20 және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Өткен ғасыр­дың аяғында Берел қорғандарынан табыл­ған археологиялық ескерткіштер үлкен жа­ңалық, айтулы ғылыми табыс ретін­де баға­ланғаны белгілі. Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баевтың бастамасымен 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемле­кет­тік бағдарламасы негі­зінде 2008 жылдың 4 шілдесінде Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің №674 Қау­лысы­мен «Берел» мемлекеттік тари­хи-мәде­ни қорық-музейі» құрылған болатын.

Берелдің баға жетпес мұрасы

Патшалар жазығындағы аспан асты музейі


Бүгінде сақ бабаларымыз жерленген сақи мекенді көруге келетін жұрт қатары қалың. Алтай бауырындағы Патшалар жазығы ала жаздай адам аяғынан арылмайды. Тұмса табиғат аясын­дағы тарихи ескерткіштерді көз­дің қарашығындай сақтауға айрықша көңіл бөлінген. «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Жангелді Ахмадиевтің айтуынша, музейдің инфрақұрылымын жақсартуға соңғы 3 жылда Мәдениет және спорт министрлігінен 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Сол қаражатқа сақ қорғандары орын тепкен Патшалар жазығы, яғни 174 гектар аумақ түгелдей темір қоршаумен қоршалыпты. 1998 жылы сақ патшаларының бірі жерленген қорған ішінен ер-тұрманымен қоса қойылған 13 бірдей жылқы шығып, әлемдік археология тарихына алтын әріптермен жазылған №11 қорғанға аспан асты музейі салыныпты. «Әйгілі №11 қорғанды музейлендіру және жәдігер­лерді қою жұмыстарына министрліктің қолдауымен жалпы құны 100 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Ерекше атап өтерлігі, қорған толық қалпына келтіріліп, қорым ішінен табылған жә­дігерлердің көшірмесі қойылды. Бұрын қалай табылды, сол қалпында. Бұл – республикада теңдесі жоқ дүние. Реті келгенде мақтанышпен айта кетейін, Астанадағы Ұлттық музейдің Алтын залындағы жәдігерлердің 70 пайызы – Берелдікі», дейді музей директоры.

Тағы бір жағымды жаңалық, соңғы бір-екі жыл мұғдарында Мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен №11, №36 қорғандардан шыққан жәді­­герлердің түпнұсқасы осындағы музейге қайтарылыпты. Берелге жан-жақтан ағыл­ған жұрт сақ қорғандарынан табыл­ған әрі шірімей сақталған органи­калық заттарды, яғни киім, ат әбзелдері, ағаш бұ­йым­дары, ер тоқым, тері мен киізден жасал­ған дүниелерді тамашалай алады. Қазір музейде 7 экспозициялық зал, археологиялық технологиялар зертханасы мен 5 қор сақтау орны жұмыс істеп тұр. Музейдің ішінде шағын Алтын залы да бар.
Берелдегі музей қызметкерлері бүгінде бабаларымыздың бекзат болмысын, біз­дің тарихымыздың тамыры тереңде екен­дігін танытатын құнды дүниелерді сақ­таумен, қорғаумен ғана емес, қазба жұ­мыстарымен де шұғылданып жатқан кө­рі­неді. «Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бас­тамасымен «Рухани жаңғыру» бағ­­­дар­ла­масы аясында археологияны дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы қабылданып, Зайсан ауда­нындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауда­нындағы Аблайкит қорған-монастырі, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы мен Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіштері зерттеліп, зерделенген еді. Осы ескерткіштермен қатар Берелге де қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Біздің музей қызметкерлері белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевпен бірлесе жұмыс істеп, Зайсан және Тарбағатай аудан­дарындағы қазба жұмыстарына қатысып, екі жобаны жүзеге асырды. Өске­мендегі Сәрсен Аманжолов атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің студенттері жыл сайын бізден тә­жірибеден өтіп, барлық қазба жұ­мыстарына қатысады. Биыл Семейдегі Шәкәрім университетінің сту­денттері тәжірибеден өтті. Алматыдағы әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­­ситеті­нің студенттері де қазба жұ­мыс­тарына ­атсалысады», дейді Ж.Ахмадиев.

 

Шілікті мемлекет қамқорлығына алынды

Зайсан ауданындағы Алтын адам шыққан атақты Шілікті жазығы Берел музейіне филиал ретінде қосылып, республикалық мәртебе алғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Алдағы уақытта бұл жерде Берелдегідей аспан асты музейі салынады деген жоспар бар. Қазір министрлікте Шілікті жазығының даму жобасы жасалып жатқан көрінеді. «Жақында Берел қорғандарында қазба жұмыстарының басталғанына 20 және «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Алтай жауһарлары» атты халықаралық ғылыми-практикалық ­конференция өткіздік. Шараға еліміз­дегі қорық-музейлердің директорлары, Зейнолла Самашев, Виктор Зайберт, Жолдасбек Құрманқұлов, Ғани Омаров, Арман Дүйсенбаев сынды танымал археологтар, Мәскеуден арнайы келген антрополог ғалымдар Егор Китов, Александра Китова, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты. Кон­ференция аясында қатысушыларға жуыр­да Тарбағатай тауларындағы Елеке сазы жайлауынан табылған тоналмаған екінші «Алтын адам» киімінің алтын бұйымдары мен әшекейлері, Берел қорымының б.з.д. II-I ғасыр кезеңімен белгіленген №36 қорғаннан табылған сүйектен ойылып жасалған, бір-біріне қарама-қарсы қойылып бейнеленген бұлан-грифон ат әбзелінің әшекей бұйымдары, сол кезеңге жатқызылатын №16 қорғаннан табылған ер және әйел адамның бас сүйегі негізінде жасалған антропологиялық реконструкциясы, №2 қорғаннан табылған зооморфты сабы бар қола айна, әйел адамның әшекей бұйымдары және тағы басқа құнды жәдігерлер көрсетілді», дейді музей директоры.

Биыл Берелдегі баға жетпес мұра­ла­рымызды тамашалауға еліміздің барлық облыстарынан бөлек Түркия, Сауд Ара­биясы, Еуропа мемлекеттерінен ұзын саны 10 мыңнан астам турист келіпті.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы