Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

«Сарыарқа» экспедициясы – Қарқаралыда

1351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 тамызда бастау алған «Са­рыарқа» экспедициясы Қар­қаралы МҰТП-не келді. Қарқа­ралыда экспедиция қатысу­шылары Құнанбай Өскенбайұлы салдырған мешітте болды. Бұл Қазақ­станның ең көне мешітте­рінің бірі, оның есігі 160 жылдан бері діндарлар үшін ашық. Бұл жерде саяхатшылар командасын Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов қарсы алды. 

«Сарыарқа» экспедициясы – Қарқаралыда

Қатысушылар Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктерін аралады, Құмай археологиялық кешенінде, Сұңқар тауларында, Әжібай, Жасыбай және Шайтанкөл көлдерінде болды. Саяхатшы Баянауыл табиғи паркіндегі Торайғыр көлінің табиғаты тамаша жағалауында аялдады.

«Қазақстанда 12 ұлттық табиғи парк бар, олардың үшеуі біздің бағыттың картасында атап өтілген. Әрқайсысы өзіндік қайталанбас және бірегей сұлулыққа ие, осы сұлулықты бастапқы күйінде сақтау әр қазақстандықтың ісіне айналуы тиіс», дейді экспедиция жетекшісі, QazaqGeography-дің халықаралық және ғылыми жобаларының менеджері Нұржан Алғашов.

Бұдан әрі бағыт бойынша екі ұлттық парк бар: «Көкшетау» табиғи паркі және ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіретін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы.

Еске сала кетсек, шілде айында Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысымен «Kazakh Tourism» ҰК ұйымдастырған Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту бойынша «Ұлы Дала еліне саяхат» ауқымды жобасы ­бас­тау алды. Экспедиция еліміздің аса маңыз­ды алты бағытын қамтиды және Қазақ­­станның 14 облысының 11-інен өтеді.

«Сарыарқа» бағытының экспедициясын Kazakh Tourism-мен өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында QazaqGeography жүзеге асырып келеді. Бағыттың жалпы ұзақтығы 4 мың шақырымды құрайды. Команда құрамында саяхатшылар, тележурналис­тер, туроператорлар мен географиялық қоғамдардың өкілдері, фотографтар, шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлер, оның ішінде Деонисий Мить, Ерболат Шадрахов, Елена Хачина мен Ұлан Әлімбек бар. Экспедиция қорытындысында туристік нысандарды аралау бойынша арнайы бағдарлама шығарылады.

«Ұлы Дала еліне саяхат» жобасының аясында тағы екі бағыт қалды: Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағы бойынша «Теңізден теңізге дейін» бағыты және Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағы бойынша «Жаңа Жібек жолы» бағыты, оған «National Geographic Ресей» командасы қатысады.

«Егемен-ақпарат»