Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Ең жоғарғы заң күші бар құжат

1862 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Конституция деген сөздің өзі латын тіліндегі constitutio деген сөзден алынып, ол аударғанда «құрылым», «құрастыру», «орнату» деген мағынаны білдіреді екен. Елдің негізгі заңын осылай атау – бұл оның мемлекет құрудағы негізгі өзек екенін білдірсе керек. Біздің түсінігімізде Конституция заң күші бар айрықша құқықтық құжат. Ол мемлекеттің саяси, құқықтық, әлеуметтік және экономикалық жүйелерінің негізін қалайды. 

Ең жоғарғы заң күші бар құжат

Материалдық тұрғыдан алғанда ол елдегі мемле­кет­тік құрылымдар, жеке адам­ның құқылары мен міндет­тері, мемлекет пен жеке адам араларындағы қоғам­­дық қатынастар мен өкілеттік­терді айқындайтын бар­лық құқылық нормалардың негізгі өзегі болып табылады. Сондықтан Конституцияны ел тұрғындары мен мемле­кет арасындағы қарым-қа­ты­настарды айқындайтын келісімшарт деп те бағалауға болады.

Барлық елдердің конс­ти­туцияларының мәтіндері әртүрлі болғанымен негізгі сипаты халық билігін қам­тамасыз етуге, сонымен бір­ге ел азаматтарының құ­қы­ғын қорғауға бағытталған. Әлем­дегі конституциялар мәтін­дерінің ішіндегі үздік­тері елдің мақтанышы болып саналады. Ал әлсіз мәтіндер сол мемлекет тұрғындары­ның бір-бірінен бөлектенуіне, ішкі жаулықтың тууына соқтырады. Конституция көп жағдайда елдегі бұрынғы сая­си режімнің бұзылып, жаңа қатынастардың орнағанын көрсету және оның қандай болмағын айқындау үшін жасалады.

Қазақстанда Конституция алғаш рет 1926 жылғы 18 ақ­панда қабылданды деп есеп­теледі. Бұл кезде қазақ атауы да жоқ, халқымыздың «киргиз» аталып, 1920 жылы автономия болып құрылғанда ол Қырғыз АКСР болып РКСФР-дың құрамына енген. Халқымыздың айтулы тұл­ғаларының бірі Сәкен Сей­фуллиннің «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген бастамасымен халқымыздың өз атауы қайтарылып, 1926 жылғы автономиялық респуб­ли­каның Конституциясына алғаш рет қазақ­ деп жазыл­ған. Осы Конституция Қазақ­стандағы басқару жолдарын, мемлекеттік құрылысты, саяси режімді, мемлекеттік билік органдарының құрылы­­мын, атқарушы билік орган­­­дарын бекітті. Сайлау құқығы­ның, бюджеттік құқықтың негіз­гі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәй­кес Қазақстан РСФСР құрамын­дағы толық құқықты республика болып танылды.

Сол кезде қолданыста болған латын әліпбиімен жа­зылған екінші Консти­­туция 1937 жылдың 26 нау­ры­зын­да Кеңестердің Бүкіл­қазақ­стандық Х төтенше съезінде қабылданып, 1978 жылға дейін 41 жыл қол­даныста болды. Бұл Конс­ти­туция Қазақстан­ды то­лық­қанды одақтас рес­пуб­лик­а деп танытқан, ма­ңызы зор құжат еді. Онда Қазақстан аумағының Қазақ КСР келісімінсіз өз­гер­тіл­мей­тін­дігі де атап көр­сетіл­ген (16-бап). 1961 жылы Н.Хрущев қазақ жерін бөл­шек­теп, солтүстіктегі бес облысты РКСФР-дың құрамына қосуды көздегенде қас­қа­йып қарсы тұрған қазақтың аймаңдай азаматы Жұмабек Тәшенов осы Конституцияға сүйенген.

Бұл Конституция 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Онда «КСРО Конституциясы­ның 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқық­тарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігі­нен жүзеге асырады» делін­ген де сөздер болды. 1937 жыл­дың Конституциясында экономикалық, саяси қор­ғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында бас­қа да тең құқылы республика­лар­мен еркін түрде одақтасуға құқылығы (13-бап), жоғар­ғы республикалық және мем­лекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыра­тын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғам­дық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бо­йынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген (19-бап).Сонымен қатар сот пен прокуратура жүйесі қамтылған. Халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкіл­дері шоғырланған аудандар­да олардың ана тілдерінде жүргізілуі тиіс болған.

Қазақ жерінде өмірге кел­ген үшінші Конституция 1978 жылдың 20 сәуірінде бекітілді. Бұл Конституцияны ІХ шақырылған респуб­ли­ка Жоғарғы Кеңесі өзінің ке­зектен тыс VII сессиясында қа­был­дады. Социалистік мұ­рат­ты мақсат етіп, комму­нис­тік қоғамның діңгегі болу­ға тырыс­­қан бұл құжат еліміз өз тәуел­сіздігін алып, жаңа Конс­титуция қабыл­даған 1993 жыл­ға дейін қолданыста болды.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ ша­қырылған Қазақстан Жо­ғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ал Қазақ­станның қазіргі қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалық­тық референдуммен қабылдан­ды. Қабылданар алдында ол бүкілхалықтық талқылау­ға ұсынылып, оған 3 млн-дай адам қатысып, олар 33 мыңнан артық талқылау жасады. Осының нәтижесін­де 30 мыңдай ұсыныс пен пікір жарияланды, соның ішінде 55 бапқа 1100 қосымша мен түзету енгізілді. Ата заңымыз күші­не енгеннен бері оған төрт рет өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Соның ішінде 1998 жылы 19-бап­қа түзету енгізілді, олар Прези­денттің, Парламент депу­тат­­тарының сайлану ме­рзімі мен өкілеттігін қайта қарау­д­ы қамтыды. Сондай-ақ мем­лекеттік қызметкерлердің жоғары жасын шектеу алынып тасталды. Сондай-ақ Мә­жі­ліске сайланатын 10 депутат партиялық тізім бойынша пропорционалдық жүйемен сайланатын болды. Бұл сайлау көрігін қыздырып, халықтың демократиялық өзгерістер­ге белсене қатысуына жол ашты. Алайда бұл өзгеріс 2007 жылы енгізілген өзге­ріс­термен алынып тасталып, Мәжіліс депутаттары ен­дігі жерде тек партиялық тізім­мен пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын болды. Бұл өзгерістің де өзіндік жетістіктері болды. Елдегі демократиялық инс­титуттардың бірі – партия­лық жүйе жетілдіріліп, бел­сенділігін арттырды.

Осы 2007 жылы енгізілген толықтырулар мен өзгерістер Парламенттің мәртебесін де арттырды. Ендігі жерде Премьер-Министрді парламент бекітетін болды. Соны­мен қатар осы енгі­зілген өзгерістер арқылы ҚХА-ның мәртебесі арттырыл­ды. Арнайы енгізілген кво­таға сәйкес Ассамблея өз құрамы­нан Мәжілістің 9 депутатын сайлау құқына ие болды.

Қолданыстағы Консти­ту­цияға 2011 және 2017 жыл­д­ары да өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, ол жетіл­діріле түсті. Мәселен, 2017 жылғы өзгерістер қо­ғам­ды демократияландыру ісін күшейтіп, халық би­лігін нығайта түсуге, пар­ла­менттің рөлін, үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға, Астана қаласының шегінде қаржы саласы бойынша айрықша құқылық режім енгізуге бағытталды.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»