Велоспорт бойынша топтық жарыс кезеңінде топ жарған отандасымыз Алексей Луценко жекелей сында да өзін Азиядағы ең мықты велошабандоз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол 40 шақырым жолды 55:37:13 уақыт жүріп өтіп, Азиаданың екінші алтын жүлдесін жеңіп алды. Осылайша, Алексей Луценко Азия ойындарында екі дүркін жеңімпаз атанып, Қазақстан қоржынына үшінші алтын жүлдені салды. Шындығында Азиадаға Алексей бармаса, қайтер едік?!
Сондай-ақ джиу-джитсу спортының өкілі Дархан Нортаев (62 кг) ел қоржынына төртінші алтын жүлдені салды. Нортаев финалдық айқаста Біріккен Араб Әмірліктерінің спортшысы Омар әл-Фадлиді жеңіп, джиу-джитсудан қазақ спортшылары арасында тұңғыш Азия ойындарының чемпионы атанды. Себебі джиу-джитсу спорты Азиадаға биыл ғана қосылды.
Ал күміс жүлдені Денис Евсеев пен Александр Бублик жеңіп алды. Жұптасып сынға түсуде теннисшілеріміз финалда үндістандық спортшыларға есе жіберді. Қола медалді джиу-джитсу спортшылары Нұржан Сейдуәли (56 кг) мен Нартай Қажеков (69 кг), Ризат Мақашев (94 кг), теннистен қыздар арасындағы жұптасып сынға түсуден Анна Данилина мен Гозаль Айнитдинова, сондай-ақ жұптасып өнер көрсетуде Анна Данилина мен Александр Недовесов, суда жүзу спорты бойынша Дмитрий Баландин мен Қазақстан құрамасы және ядро лақтырудан Иван Иванов жеңіп алды.
Командалық есепте Қытай көш бастап келеді – 153 медаль (72 алтын). Екінші орындағы Жапонияда 109 жүлде (34 алтын), үшінші орындағы Оңтүстік Кореяда 84 медаль (25 алтын) бар.