Қазақстан • 27 Тамыз, 2018

Әлем біріншілігінің жүлдесі үшін таласатын боксшылар анықталды

374 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Венгрияның бас шаһары – Будапештегі «Дунай Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде мықтылар мен осалдардың ара-жігі ажырап, жарыс жолында тек жүлделі орындар үшін таласуға күш-жігері жеткен боксшылар ғана қалды.  

Әлем біріншілігінің жүлдесі үшін таласатын боксшылар анықталды

Біздің жігіттер алғашқы екі айналымды еш «шығынсыз» өтті. Десек те ширек финалдық межеге жеткенде қатарымыз біраз сиреді. Атап айтсақ, Рахат Серкебаев (52 кило) бразилиялық Луис Оливейреге, Бейбарыс Жексен (56 кило) ресейлік Всеволод Шумковқа, Рахат Сейітжан (60 кило) мысырлық Мұхаммед Мадбули Мамдуге және Талғат Шәйкен (64 кило) кубалық Идальберто Ирибаруге есе жіберіп, көрермендер қатарына қосылды.

Есесіне ширек финалда Махмуд Сабырхан (49 кило) ресейлік Дмитрий Батяйға, Ермахан Жақпеков (69 кило) венгриялық Тибор Барбосуға, Нұрбек Оралбай (75 кило) мексикалық Диего Пачекоға, Сағындық Тоғамбай (81 кило) украиналық Виталий Стальченкоға, Айбек Оралбай (91 кило) америкалық Дэвид Стивенске және  Дамир Тойбай (+91 кило) мысырлық Ахмед Элвасқа сан соқтырды.

Сөйтіп, Қазақстанның жастар құрамасының алты өкілі жартылай финалда күш сынасу құқығына ие болды. Сонымен қатар, қыздар арасындағы сайыста да бірнеше жерлесіміз алдағы күндері жүлделі орындар үшін таласады.


Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»