Бағдарламалар • 28 Тамыз, 2018

Аймақтық форум тиімділігін көрсетті

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясын жаңғырту шеңберінде Қарағандыда партия хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен бастауыш партия ұйымдарының (БПҰ) бірінші аймақтық форумы өтті.

Аймақтық форум тиімділігін көрсетті

Аймақтық форумда ірі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен Астана, Алматы қалаларының, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы аумақтық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты.

Форум жұмысы 4 секция бойынша жүргізілді. Бірінші секцияда партия хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен бастауыш партия ұйымдарының белсенділігін арттыру тұжырымдамасы талқыланды. Қатысушыларға партияның барлық қызметін цифрландыруға, партия мүшелерінің бірыңғай базасын құрып, құжат айналымын азайтуға және партия қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған «Цифрлы партия» жобасы таныстырылды.

Екінші секцияда қатысушылар партиялық білім беру жүйесін, БПҰ мен партия мүшелері қызметін белсенді ету тұжырымдамасын талдады. Үшінші секцияда партияның идеологиялық жобалары, цифрландыру, халықтың сандық сауатын арттыру, бизнестің геоақпараттық онлайн-сервисі, кіші және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік жастар саясаты, «Рухани жаңғыру», т.б. бағдарламаларды қолдау және жүзеге асыруға бағытталған партиялық 22 жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс формалары мен әдістер талқыланды.

«Жаңа жобалар – біркүндік акция немесе кеңселік шара­лар емес. Партия мүшелерінің қызметі нәтижесінде қазақ­стан­дық­тардың өмірі мен тұрмысы жақсаруы тиіс», деді Т.Дүйсе­нова.

Төртінші секция жұмысы адами ресурстарды басқару мен партияның кадрлық резервін қалыптастыру мәселесіне, бас­тауыш партия ұйымдары мен партия мүшелерінің деректер базасын белсенді ету, бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру мен жетілдіру үшін бағалау жүйесін енгізуге арналды.

Аймақтық форумның қатысушылары үшін «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының құрылымдық бөліністерінің жетекшілері, партияның саяси менеджмент академиясының оқытушылары, танымал тренерлер мен саясаткерлер әртүрлі бастауыш партия ұйымдарының өкілдеріне арнап «Шешендік өнер», «Саяси коммуникация» және т.б. тақырыптар бойынша тренингілер өткізді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ