Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Леонид ПРОКОПЕНКО. Қоғамдық келісімнің конституциялық қағидаты

703 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміздің барлық жетістіктері егемен, демократиялық Қазақстанның жаңа дәуірін бейнелейтін Конституцияның мызғымас құқықтық іргетасына негізделеді. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығында күрделі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеріп, мемлекеттіліктің мызғымас негізін қалады. Бұл үдерісте, әрине, елінің болашақ тағдыры үшін өзіне зор жауапкершілік алған Елбасының саяси ерік-жігері және республикада ғасырлар бойы қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимылдың бірегей тәжірибесі шешуші рөл атқарды. Қазақстан – өркениеттердің, мәдениеттер мен діндердің тоғысқан жері деп аталуы кездейсоқтық емес, мұның тарихи негізі бар.

Леонид ПРОКОПЕНКО. Қоғамдық келісімнің конституциялық қағидаты

Халықаралық мойындау және бітімгершілік бастамалар

Бүгінгі Қазақстан – саяси тұ­рақ­ты, әлемдік қоғамдастыққа орнықты ин­те­гра­цияланған, экономикасы серпінді дамып келе жатқан демократиялық мемле­кет. Оның халықаралық аренада­ғы жетістіктері шын мәнінде таңғалар­лық­тай. Қысқа уақыт ішінде әлемнің 180 мем­лекетімен дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1991 жылғы 29 тамызда Президент Нұр­сұлтан Назарбаев Семей ядролық поли­гонын жабу туралы шешім қабыл­дады. Бұл оқиға ядролық қаруды тарат­пау­дың және одан бас тартудың жаһан­дық процесінің маңызды кезеңі болды. 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады.

Қазақстан «жасыл» экономика жетістіктерін көрсетудің бірегей алаңына айналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге үміткер болған 162 елдің арасынан көрмені біздің елімізде өткізу құқығын жеңіп алды. Көрмеге қатысушылар мен көптеген туристер жаңартылатын энергия көздері саласындағы инновациялық шешімдермен, Қазақстанның инвес­ти­циялық мүмкіндіктерімен және оның туристік әлеуетімен танысты. Халық­аралық қоғамдастық Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесінің нәтижелерін жоғары бағалады.

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйы­мының мүшесі атанды, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты өткізу процесін іске қосты.

Қазақстанның бітімгершілік миссиясы ушыққан халықаралық дағдарыстар кезінде көрінді, біздің республика медиатор ретінде мәселенің шешілуіне белсенді атсалысты. Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасын талқылау үшін өз алаңын ұсынды, дипломатия тарихында «Астана процесі» деп аталған, Сириядағы қарулы қақтығыстарды бәсеңдетуге, бейбіт келіссөздер жүргізуге ұмтылған қадамдар оң нәтижесін берді.

Басты құндылық

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында белең алған оқиғаларды саралай отырып, сол кезеңде республиканың алдында тұрған ауқымды міндеттер деңгейін және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершіліктің орасан болғанын түсінесің. Өтпелі кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық қолдауға ие болып, елімізді қиын-қыстау кезеңнен алып шығу, билік институттарын қа­лып­тастыру, халықаралық байланыстарды жолға қою, тәуелсіз Қазақстанның әлеу­меттік және экономикалық даму бағдар­ларын анықтау сияқты ауқымы зор, күрделі міндеттерді шеше білді.

Жаңа мемлекеттіліктің негіздері Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі ту­­ралы декларацияда (1990 ж. 25 қа­зан), «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық Заңда (1991 ж. 16 желтоқсан) және еліміздің бірінші Конс­­титуциясында (1993 ж. 28 қаңтар) қаланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы Ата Заңның жобасын 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында ұсынды.

Қоғамдық келісім қағидаты біздің Конституциямыздың бірінші бабында бекітілді, бұл оның басымдығын айғақтайды және нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық қазақстандықтардың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ететін нормалармен күшейтілді.

 Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы Нью-Йоркте өткен Мыңжылдық саммитінде қабылданған Декларацияның дәйексөзін келтірді: «этномәдени көпқырлылық – адам­заттың аса құнды жетістігі, сондық­тан әлемдік мәдениетті және барлық өркениеттер арасындағы диалогты белсенді түрде ынталандыру керек». Бұл жөнінде Мемлекет басшысы былай дейді: «Мыңжылдық саммитінде айтылған жайт­тың бәрі мен үшін жас кезімнен аксио­ма болатын. Мен кішісі де, үлкені де бар әр істің нәтижесі келісім мен өзара түсініс­тікке байланысты екенін жақсы білетінмін».

Президент Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сының XVI сессиясында атап өткен­дей, Конституция мен Қазақстан халқы Ас­самблеясы жай ғана құрдастар емес, «тұрақтылықтың, жаңарудың және гүлденудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық». Ассамблея мемлекеттік-құ­қық­тық іргетастың беріктігін ұлт­тық сананың әр түрлі полюстерін шоғыр­лан­дырушы, біріктіруші, табыстырушы бас­тауларымен қамтамасыз етеді.

ҚХА-ның конституциялық мәртебесі

Ата Заңға 2007 жылғы 21 мамыр­да енгізілген өзгерістер мен толықты­ру­лардан кейін Ассамблея Мәжіліске 9 депутат сайлау құқығы бар конституциялық мәртебеге ие болды. Ассамблеяның Парла­менттегі кепілді өкілдігі демокра­тия­ландырудың маңызды тетігіне айнал­ды. Конституциялық кепілдік Қазақ­станның этностарына жоғары заң шығару органында өз мүдделерін білдіруге және елдің бірлігі мен тұтастығына ықпал етуге мүмкіндік береді.

2008 жылғы 20 қазанда қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қоғамдық келісімнің негіз құраушы конституциялық қағидатын өміршең ету бағытындағы жұмыстың қисынды жалғасы болды. Заңның 3-бабында атап өтілгендей, Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қа­зақ­стан этностарының азаматтық және руха­ни-мәдени ортақтығы негізінде Қазақ­станда қоғамдық келісім мен жал­пы­ұлт­тық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.

Елде этносаралық үдерістерді тігінен де, көлденеңінен де басқарудың жаңа үлгісі қалыптасып, жұмыс істеуде. «Ру­ха­­ни жаңғыру» бағдарламасының жоба­ларын, медиацияны дамыту, қайы­рым­ды­лық қызметті үйлестіруді іске асыру бо­йынша мемлекеттік және азаматтық инс­титут­тармен өзара тығыз байланыс орнады.

Этномәдени бірлестіктер – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырушы өзегі. Олардың өсу қарқынын мынадай деректерден байқауға болады. 1995 жы­лы ҚХА бірінші сессиясына еліміздің түк­пір-түкпірінен 40 этномәдени бір­лес­тіктің өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны 1111-ге жет­ті, оның ішінде 29-ы – республикалық бір­лестік. Республикадағы 40 Достық үйі этномәдени бірлестіктер үшін ресурстық, мәдени және әдістемелік орталықтардың рөлін атқарады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ­стан­дық бірегейлік пен бірлікті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалпы­ұлт­тық құндылықтарын одан әрі ны­ғайту мен дамытуды қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүр­гізеді. Қазақстандық этностарды шо­ғыр­лан­ды­руға ықпал ететін мемлекеттік тілді мең­герген азаматтардың саны артып келеді.

Рухани жаңғыру – жаһандық сын-қатерлерге жауап

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президенттің ел ішіндегі және әлемдік кеңіс­тіктегі саяси-құқықтық және әлеу­мет­тік-экономикалық қатынастарды ретке кел­тіруге және үйлестіруге бағыттал­ған жарлықтары, заңдар және заңға тә­уел­ді нормативтік құқықтық актілер қабыл­данды.

1997 жылы «Қазақстан – 2030» стра­те­гиясын қабылдау Қазақстанның нарық­тық, әлеуметтік бағдарланған экономикасын құрудың алғашқы қадамы болды. Қазақстандықтар алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, индустриялық-инновациялық даму, «Ақпараттық Қазақстан – 2020», тілдерді қолдану мен дамыту, білім беруді дамыту, «Денсаулық» бағдарламаларын іс­ке асыру бойынша дәйекті жұмыстар жүр­гі­зілуде.

Мемлекет басшысы 2018 жылғы Қа­зақ­стан халқына Жолдауында «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» деп атап өтті. Осындай жағдайда ғана біз «Қазақстан – 2050» стратегиясында көзделгендей, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосыламыз. Қазақтың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақалы осы орайда орынды айтылған.

Бүгінгі әлемдегі жағдай жедел өзге­ріс­терімен, тұрақсыздығымен және болжау мүмкіндігін шектеуімен ерекшеленеді. Әлемдік тұрақсыздықтың жаңа тегеу­ріндері, сандық дәуірдің экономикаға ық­палы, экология және азық-түлік қауіп­сіздігі мәселелері, дүниетанымдық және құндылықтық дағдарыстар сияқты за­манауи қатерлер біздің өміріміздің бар­лық саласының жаңаруының жо­ғары қарқынын қалыптастыруда. Сон­дықтан жаңғырудың табысты болуы жалпымемлекеттік, жалпыұлттық, жал­пыазаматтық қолдауға байланыс­ты. Өйткені қоғамның ішкі тұтастығы сақ­талған жағдайда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа сеніммен ілгерілеуге болады.

Рухани жаңғыру біздің дамуымыздың, халықтың шығармашылық әлеуетін көтерудің, ғаламдық бәсекеге қабілет­ті­лікті қалыптастырудың кепіліне айнал­ды. Оның басты мақсаттары мен бағыт­тары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» бағдарламалық мақаласында баян­дал­ған. Мемлекеттік билік және азамат­тық қоғам институттары жүйесіне интегра­цияланған Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында рухани жаңғыру идеясын насихаттау мен ілгерілету рөлін атқарады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, оның негізінде іске қосылған жобалардың сарқылмас тәрбиелік және рухани-адамгершілік әлеуетін көрсетті. Жаңа бағыттар пайда болуда. Барлық жоба­ларға студенттер мен мектеп оқушы­лары тартылған, көп істің басында Қазақ­стан халқы Ассамблеясының «Жаң­ғыру жолы» республикалық жас­тар қоз­ғалысы тұр. Республикадағы киелі жер­лерді ғылыми зерделеу және жүйе­леу бойынша ауқымды жұмыстар атқа­рылды. Жалпыұлттық маңызы бар 185, ал жергілікті маңызы бар 463 киелі объект анықталды.

«Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына бастамашылық жасалды. Осы жоба арқылы қазақстандықтар қазақ халқының тарихын тереңірек танып, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен жете танысады. Жобаның мақсаты – ұр­пақ­тар арасындағы байланыстарды дамыту, жалпықазақстандық құндылықтарды және қазақстандық патриотизмді қалып­тастыру және нығайту. Қазақ халқының үздік салт-дәстүрлері рухани жаңғырудың табысты жүзеге асырылуының маңызды алғышарты болуы тиіс.

Біз – қазақстандықтармыз!

Бүгінгі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бір ғасыр­дан аса кезең ішінде столыпиндік реформа, революция, Азамат соғысы мен Дүние­жүзілік соғыстар, жаппай депорта­циялау, бесжылдық құрылыстар және тың жерлерді игеруге байланысты рес­публикаға қоныс аударған, бірақ ұлт­тық артықшылығы немесе өзгешелігі болуы туралы идеяларға қарсы орнықты иммунитеті бар азаматтық қоғам қалып­тасты. Конституция «әлеуметтік, нәсіл­дік, ұлт­тық, діни, тектік және рулық» басым­дықты насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермейді.

Ата Заңда барлық этностар үшін ортақ аза­маттық-құқықтық мәртебе айқын­далған. Тегін орта білім беру, ЖОО-да оқытудың гранттық жүйесі, мемлекеттік қызметке және беделді компанияларға іріктеу критерийлері талантты және мақсатына жетуге ұмтылатын жастарға табысты болуға және қоғамдағы өз орнын табуға мүмкіндік береді.

Талантты жастарға жол ашу, биік мансапқа жету үшін жасалған қолай­лы жағдайлардың және қоғамдық келі­сімнің конституциялық принципінің тиім­ділігінің көрнекі үлгісі – «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының арнайы жобасы – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Қоғамдық онлайн-дауыс берудің нәти­желері бойынша, әртүрлі ұлт өкілдері – қазақтар мен орыстар, украиндар мен белорустар, корейлер мен ұйғырлар, немістер, армяндар, еврейлер мен ингуштар жеңіске жетті.

Елімізде бірлік пен келісім нығайып, экономикалық, әлеуметтік табыс­тарға жетуге, саяси тұрақтылықты қамта­масыз етуге, әр азаматтың білім алуына, мамандығын, кәсіпкерлік қызметті таңдауға еркіндік берілуіне, ана тілін үй­ренуіне, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, шығармашылығын дамытуына кепілдік беретін, біздің барша табыстарымыздың бастауы, тұрақтылық пен татулықтың берік тұғыры – біздің Конституциямыз. Қа­зіргі уақытта Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрлігі Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Хатшылығымен бірлесіп, «Қа­зақ­стандағы 100 жаңа есім» жо­ба­сы­ның екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті.

Бірінші кезеңнің жеңімпаздары аграршы Владимир Акулов, құрылысшы Гарик Бернецян, математик Олег Пименов, мектеп директоры Татьяна Немцан, опера әншісі Медет Чотабаев, саяхатшы Мағ­жан Сағымбаев, режиссер-сцена­рис Азиз Заиров, полиция қызметкері Юрий Хон, коньки спортынан әлем чемпионы Денис Кузин және басқа да көптеген қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосты. Олар – еліміздің алтын қоры, қазақстандық рухтың көрінісі, бірлік пен келісім идея­сын насихаттаушылар. Бізде өз ісіне берілген, мақсатына лайық, жігерлі адамдар бар, ендеше, жаңа жетістіктер мен жеңістер де көп болады!

 

Леонид ПРОКОПЕНКО,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі