Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Қуаныш СҰЛТАНОВ. Елдің қамы – еңбегі

659 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өмір жолы, өткен өткелектері мен асқан асулары, жеткен жетіс­тіктері мен орындалған арман­дары бір қараған адамға көп­теген салалық мамандардың үй­рен­шікті жолындай көрінуі мүм­кін. 

Қуаныш СҰЛТАНОВ. Елдің қамы – еңбегі

Әсіресе мұнайшылардың дәс­түрлі жолдары – жоғары оқу ор­нын бітірген соң мұнай өнді­рісі­нің ошағында кеніш қазып, жер қойнауына тереңдей барып, оның қазынасын жер бетіне, ел игілігіне шығару мәртебесіне ие болу да кез келген мұнайшы ин­­­же­­нер­дің пешене­сіне жазыла бер­­мей­­тін айрықша үлес екенін ескерсек, сол баян­ның құрметі де арта түсер еді. Қат-қабат жер, теңіз қойнауының әлде­­н­е­ше шақырым тереңдігінен бұр­­ғы­лап, мұнай шығарып, оның өнім­дерін ғажайып технология құбы­лы­с­тарымен жабдықтап, халық тұр­мысының сұранысына жеткізіп, мұқтажын жарылқаудан асқан қайырымды іс болар ма?

Тегінде мұнайшы мамандығын игерген азаматтарымыздың қай-қай­сысы да еңбек жолын осы сала­­ның ең төменгі сатысынан бас­­тары анық. Ал ұшы-қиыры жоқ құла түз құм даланың аптап ыс­­ты­­ғында, дамылсыз өкпек желі­нің өтінде немесе теңіздің тұң­ғиық түбінде бұрғылаушы болып, күрделі өндірістің қатаң мек­те­бінен өту – сөз жоқ мықтылардың мықтысына ғана тән.

Біздің Бақтықожа Салахат­динұлы да осындай мықтылардың қатарынан.

Біздің дейтініміз – Бақтықожа Салахатдинұлымен дәл осы тағ­дыр­дың мейірім шуағы ке­зінде, еліміздің әр тарабы, әр өңі­­рі, сан алуан кәсіби сала­лар­да нәт­и­желі еңбек еткен, қоғам, тіке­лей «Нұр Отан», «Ақ жол», Қазақ­стан коммунистік ха­лық партиясы сенім көрсетіп, өкі­лет­тік тапсырған азаматтар Ел­ба­сы­ның қолдауымен мем­леке­ті­міз­дің ең жоғарғы Заң шы­ғару­шы билік тармағында бір мақ­сат, бір мүдде жолында білек қосып, бірге еңбек етудеміз. Парла­мент­тің бір комитетінде бұрынғы үкі­мет мүшелері, әкімдер, әскери қол­бас­шылар, дипломаттар, тағы басқа салалардың білікті білгірлері мем­лекетіміздің әлеуетінің артып, қуаттана түсуіне жұмылған бол­сақ, соның белсенді бірі де, біре­гейі де осы біздің Бақтықожа.

Бақтықожа Салахатдинұлы әке жолымен жүріп, өсіп, отба­сы­лық дәстүріне жаңа білім, жаңа мазмұн, жаңа бедел қосып, қара­пайым бұрғылаушы инженерден «ҚазМұнайГаз» сияқты алып ұлт­тық компания басшыларының бірі, мемлекетіміздің Энергетика және минералды ресурстар ми­нистрі, Батыс Қазақстан, Атырау об­лыс­тарының әкімі, Қазақстан Пар­ламенті Мәжілісі Төр­ағасы­ның орынбасары, Төрағасы, Республика Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, Елбасының зор сеніміне ие болып жүрген көрнекті мемлекет қайраткерлеріміздің бірі.

Парламенттің жұмысы қанша­ма ашық болғанымен оның күн­делік­ті тіршілігі мен қызметі әрине, көпшілікке беймәлім. Қай қыз­­мет­­ті алсаңыз да солай. Оның қыры мен сырын тек сонда, сол сала­да еңбек ететін адам ғана біле­­ді. Күн­делікті жұмыс тәртібін тіз­­бе­­л­еп отыру – көп адамды қызық­­тырмауы да мүмкін. Әрі оны толық көрсету мүмкін де емес. Пар­ламенттің бір күнгі заң жо­ба­­сын тал­қылау, пікір алмасуға толы Мә­ж­іліс отырысынан теле­хабар­­ға берілері небәрі бір-екі-ақ ми­нут­тық ақпарат. Ал сол ай­ғақ­ты мәжіліске дейін заң жобасы қан­дай жұмыс процестері­нен өтеті­ніне көп ешкім назар аудара бермейді. Депутаттардың әр күні, әр сағаты апталыққа, әр айға алдын ала жоспарланған. Әр депутат өзіне жүктелген заң жобасын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, аппараттың білікті қызмет­кері­нің қатынасуымен комитет талқы­лауына, одан Мәжіліс талқылауына шығарады.

Аптаның дүйсенбісі – Мәжі­ліс­тегі Үкімет сағатынан баста­ла­ды. Түс қайта заң жобалары бо­йын­ша жұмыс топтары, келесі күні комитет отырыстары, пар­тия­лық фракциялар жиналыс­тары мен адамдармен кездесулер, әртүрлі тақырыптардағы дөңге­лек үстелдер, конференциялар, тағы басқа шаралар – бәрі де депу­тат­тың уақытын талап етеді.

Әрбір депутаттың әр аптаның сәр­сенбісі күні өткізілетін Мәжі­ліс­тің отырысына дайындалуы мен қатынасуы ерекше жауапты әрі міндетті тәртіп.

Парламентке әр саладан сайланып келген әріптестеріміздің осы жұмысқа кіріскеннен кейін: «бұрын ойлаушы едік – осы депутаттар не істейді деп, расында да басқа келмеген соң білмейді екенбіз, мұнда тіпті мойын бұруға шама жоқ қой...», дегенін талай естідік. Бір жолы «Егемен Қазақ­станды» басқарған Сауытбек Абдрахманов: «Парламентке келген соң редакцияның күнделікті қарбаласынан құтылып, біраз шы­ғар­машылықпен шұғыл­данамын деп жүрсем, қарбаластың көкесін осыннан көріп жүрмін. Тіпті уақытым жоқ», деп еді.

Сол сияқты кезінде әкім де, министр де, тіпті Мәжіліс Төраға­сы лауазымдарын да абырой­мен атқарған бүгінгі депутат, Халық­ара­лық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің бел­сенді мүшесі, Қазақстан Арда­гер­лер кеңесі­нің төрағасы Бақты­қожа Ізмұхамбетов те бір жолы Мәжіліс оты­рысы аяқтала салысымен, Арда­герлер кеңесіне асығып бара жатса, келесі жолы «Нұр Отандағы» азаматтарды қабыл­дауға бет алғанын көресіз. Бәкең­нің қа­был­дауына, кездесуіне сұра­на­тын адамдар да көп. Қалай да уақыт табуға тырысады. Оларды тыңдайды. Бәрінің бірдей мәселе­лерін шеше қоймағанымен түсін­діреді, жолын айтады, байыппен сөйлеседі. Сондықтан да ол Пар­ламентке келісті келбет, ор­нық­ты салмақ беріп жүрген, білік­ті әрі іскер әріптестеріміздің бірі, адам­гершілік сыйластыққа берік, ұлт­жанды, мемлекетшіл қай­рат­кер, Елбасының сенімді серік­терінің қатарындағы тұлға.

Осындай танылымға ол нақты істерімен, ұйымдастырғыш, жаңа­шыл ізденгіштігімен, Отан сүйгіш дүниетанымымен көтеріл­ді. Оның бастамашы болып халық игілігі үшін жүзеге асыра алған кейбір жобаларын, әртүрлі жағдайлар тұсындағы ұтымды шешімдерін, орынды пайымдарын еске алсақ та, айтсақ та жеткілікті...

...Кейіпкеріміз Батыс Қазақ­стан облысында әкім болып жүр­ген 2011 жылдың көктемінде Орал қаласында, кейбір аудандар­да алапат су тасқыны болып, жүз­деген тұрғын үйлер, бас­қа да әлеу­меттік нысандар апат­қа ұшы­рап, көптеген отбасылар бас­­­па­насыз қалып, халық ара­­сын­да қатты абыржу бол­ды. Әрине мұндай жағдай об­л­ыс бас­шыларына, билік өкіл­дері­­не қатаң сын екені де хақ. Ел­ба­сы, Рес­публика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қам­қор­лығы мен көмегі, нақты шешім­дерін облыста дәл уақы­тын­­да жүзеге асырып, халық тұр­мы­­сын қалпына келтіруде бар­лық құры­­лымдар, қала, аудан әкім­дік­терінің жұмысын тиімді ұйым­дас­тыруда облыс әкімі Бақты­қожа Сала­хат­динұлы өңір жұрт­шы­лығының қолдауы мен алғысына ие болды. Бұл сөз жоқ, үлкен табыс.

Батыс Қазақстан облысының елді мекендеріне түгелдей газ желісі жеткізілуіне «жар құлағы жастыққа тимей» еңбек ете алған да осы Бәкең.

Бәкең Атырау облысында да абыройлы қызмет атқарды. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері болуы да табиғи. Оған қоса өзінің туған, өскен өлкесі. Облысты басқару ісінде де тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздік алғаннан кейін басқарған азаматтардың қолтаң­балары бар. Болған әкімдер­дің жүріс-тұрысына, қабылдаған ше­шімдеріне, атқарған істеріне сын көзбен қарап, сараптап отыратын қоғамдық пікір бар. Әсіресе өзіне дейін облыс әкімдері болған дүйім республикаға есімдері әйгілі Равиль Шырдабаев, Серік­бек Дәукеев, Иманғали Тасмағам­бетов сынды қайраткерлердің нәтижелі бастамалары мен жүзеге асқан, асатын толып жатқан жаңа әлеу­меттік жобалары бар. Қол­дау­шылар да, сынаушылар да жеткілікті. Бәкеңнің парасат­ты­лығы – өзінен бұрынғы басталған елге керек жақсы шараларды жалғастырып, дамытты, қан жү­гір­тіп, тынысын кеңітті.

Атырау қаласында көптеген әлеуметтік құрылыс нысандары, мектептер, аурухана, мәдениет, спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне қызмет ете бастады. Көшелер түзетіліп, жаңғырып, жаңарып, гүлзарлар ашылып, сәнді көрініске бейімделді. Ұлт ардақтылары ұлықталып, олардың мүсіндері бейнелеу өнерінің көркем шеберлігімен өрнектеліп, мәдени мұра жасақталды.

Жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары көбейді. Тұрмыс­тық қызмет көрсету өрісі кеңейіп, жаңа мәдениет қалып­тасты, жастар қатары көбейді.

Ежелден Атырау жерінің табиғи шөлейттігіне байланысты бұл жақта түйе мен шұбаттан, Каспий мен Жайықтағы балықтан басқа ауыл шаруашылығы өнім­дері өндірілмейді деген ескі­лік­ті ұғым жойылып, ел жылқы, ірі қара, қой, ешкі түліктерін өсіру­мен құс, сүт өнімдері, жұмырт­қа өндірумен шұғылдана бастады. Сондай-ақ Атырау облысы көкөніс өнімдерімен өз жұрт­шы­лығын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресейдің көрші облыстарына экологиялық таза өнімдерді шығаратын болды. Ол жерлерде Атырау өнімдері зор сұранысқа ие екеніне өзіміздің комитеттің көшпелі отырысын өткізгенде көзіміз жетті.

Тәуелсіздік алғалы бері тек Атырау облысы емес, республи­ка көлемінде малдың терісі мен қыр­қылған жүнін өңдеу шешілмеген түйін, қордаланған проблема болып келе жатқаны аян. Міне, Атырауда тікелей біздің Бәкеңнің бастамашылдығымен осы мәселе де шешімін тауып отыр. Түйе, қой жүндерін өңдеп, одан тауар шығаратын «Каспий Лана Атырау» тоқыма фабрикасы іске қосылды. Ол жерде екі жүзге тарта жұмыс орны ашылған, олар өздері тоқыған тоқымадан, жеңіл жамылғыдан бастап бала­лардың шұлық, қолғап, бас киіміне дейін халық тұтынатын жиыр­маға жуық өнім түрін шыға­рады. Өкінішке қарай, ол өнім­дер әртүрлі бюрократтық қасаң­дық­тың кесірінен Қазақстан тұтыну­шыларына жетпей Ресей, тағы басқа шетелдерге кетіп жатыр. Сірә, алдағы уақытта бұл өнімдер еліміздің мұқтажына да жетіп қалар.

Міне, Бәкеңнің облыс әкімі ретіндегі қызметі жайлы сөз қоз­ғағанда жоғарыдағыдай адам көңілін өсіретін жарамды жақсы істер тізбегін толағай табыс дерге негізіміз толық.

Қуанарлығы, бұрынғы әкім бастаған істер мен жобалардың халық мұқтажына қажеттілігі сол – облысқа одан кейін әкім болып келген Нұрлан Ноғаев өзінен бұрынғы лауазымды тұлғалардың бастамаларын одан әрі дамытып, өсіріп, өндіріп, ел игілігіне айналдырып, жаңа жобаларды да ширақ іске қосып келеді.

Бақтықожа Салахатдинұлы өзінің бүгінгі әріптестеріндей Парламент қабырғасында күн сайын өтіп жататын заң жоба­ларының талқылауларынан сырт қалған емес. Қай кезде де өзінің білік­ті пікірін айтады. Сондай заң жоба­ларының қатарында, әсіресе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы кодексін талқылау кезіндегі әріптесіміздің пікірі мен ұсы­ныстары көңілге қонар­лық болды. Сондықтан да оны депутат­тар қолдады. «Қазақ­стан Рес­публикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қой­­науын пайдалану мәселе­лері бо­­йынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының заң жобасына да ұсынған пікірлері қолдау тапты.

Әсіресе депутат Б.Ізмұхам­бетов­тің «Газ және газбен жаб­дықтау туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңына өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» бастамашылдығы тек бір депутаттың немесе Парламенттің ғана жетістігі емес, бұл – халық қамын­дағы оң шешім, жаңа мүм­кіндік деуге тұрарлық. Депутат өзінің заң жобасы бойынша сөй­леген сөзінде осындай заңның қажет­тілігін негіздеп, дәлелдеп отырып: «...Ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты – сұйы­тылған мұнай газын шығару көле­мін арттыруға өндірушілердің қызы­ғу­­шылығын тудыру арқылы сұйы­тылған мұнай газы тапшы­лығын болғызбау болып табылады», деп түйіндеді. Оның айтуынша, «әзірленген түзетулер мұнай газын ішкі нарыққа электронды сауда алаңдары арқылы беруді енгізгеннен кейін олардың кірістілігін қамтамасыз ету көз­делуде. Электронды сауда алаң­дары арқылы сатылатын бүкіл газға Энергетика министрлігі бекі­тет­ін шекті көтерме сауда бағасы қолданылмайды. Бірінші кезеңде ішкі нарыққа беру жоспарының шеңберінде берілетін сұйытылған газдың 10-20 процентін электронды сауда алаңдары арқылы өткізу, көрсетілген үлесті кейіннен кезең-кезеңімен (2021 жылға дейін) арттыру ұсынылады».

Бәкең сықиған шенеунік емес. Жаны жайсаң, әзіл-қалжыңға бейім, рухани дүниесі бай, әңгіме­шіл жігіт. Көп оқиды. Көп біледі. Жақсы әнге жаны құмар. Дом­быра, гитараны сәнімен сөй­летеді, кәусәр үнін төгілтеді. Қазақ, орыс, шетел әдебиеттерін жақсы біле­ді. Ақынжанды ғана емес, өзі де кәдімгі ақын. Ұлттың көңіл тол­қы­нын, көңіл күйін жақ­сы біледі. Өз білгенін ел де білсе деп тұрады. Кімге болса да көмек қолын шын жүрегінен созуға дайын. Кейде қызбалығы, айтып са­лар апыр-тұпыр шап­шаң­дығы ақ кө­ңіл­­ді­лігімен, зілсіз­дігімен жуып, шайылады. Сөзге берік, уәдеге табанды.

Парламентте осындай қайрат­керлердің жүруі, қызмет істеуі – құқықтық, ізгілікті мемлекет құруы­мыздың сенімді кепілі, рухани бай қоғамымыздың, бүгінгі ортамыздың берекелі көркі.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты