Білім • 30 Тамыз, 2018

Жаңа мектептер мен жаңа білім

98 реткөрсетілді

Еліміздегі мектептер Білім күніне арналған салтанатты жиынға дайындалып жатыр. Жаңа оқу жылына қатысты әрбір қадам мемлекеттің жіті қадағалауында. 2018-2019 оқу жылында Қазақстанның 7024 мектебіне 3 млн-нан астам шәкірт бармақ. Оның ішінде 350 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.

Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Бірқатар өңір жаңа оқу жылын жаңа мектептермен бастайды.  Елбасының жаңа оқу орындарын құру  мен үш ауысымды мектеп мәселесін шешу бойынша жүктеген міндетін орындау аясында мектеп құрылыстары қызу жүргізілуде. 

Білім және ғылым минис­тр­лігі баспасөз қызметінің мәлім­деуін­­ше, биыл республикалық бюджет есе­бінен 53 млрд теңгеге 110 мектеп са­лынған. Бұған дейін хабар­лаға­нымыздай, биыл 72 мектеп пайда­ла­нылуға беріледі. Оның ішінде 49 мектеп 1 қыркүйек күні есігін ашса, жыл соңына дейін 23 мектеп пай­даланылуға беріледі деп жос­парланған. 

72 мектептің үшеуі – Ақмола об­лы­сында, ал Ақтөбе өңірінде – 9, Алматы облысында – 6, Шы­ғыс Қазақстан облысында – 1, Жам­был облысында – 4, Ба­тыс Қазақстан облысында – 3, Қарағандыда – 3, Қызыл­ордада – 5, Маңғыстауда – 8, Түр­кістанда – 20, Алматы қала­сында – 7, Астана қаласында 3 бі­лім ошағы салынған.

2015-2017 жылдары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептердің құры­лысына 135 млрд теңге бөлін­генін айта кеткеніміз жөн. Бұл қа­ражатқа 108 мектеп бой көтерген. Жалпы, 3 жылдың ішінде ұлттық қор, республикалық және жер­гілікті  бюджет есебінен 347 жаңа мектеп салынған. Яғни 235 жаңа білім ошағын салу жос­пар­ланғанымен, жос­пар 147 процентке асыра орындалды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, биыл жекеменшік мек­­тептердің құрылысын ынта­лан­дыру бойынша шаралар нә­тижелі жүргізілуде. Атап айт­­сақ, «Білім туралы» Заңға сәй­кес, мемлекеттік білім беру тап­сы­ры­­­сын жекеменшік мек­теп­­тер­ге орналастыруға мүм­кін­­дік бе­ретін толықтырулар енгізілді. 
Жаңа оқу жылының жағым­ды жаңалықтарының бірі цифр­ландыру, IT технология­лар мен робототехниканы дамыту үшін қосымша білім беру мүм­кіндіктерінің кең арнаға түс­кендігі. Өңірлердегі жер­гі­лік­ті атқарушы органдар ­робо­тотехника, бағдарламалау, 3D-принтинг сыныптарын ашуда ілкімді істермен қуан­туда. Қазіргі уақытта 1 500 мектеп­те цифрланған сыныптар жұмыс істейді. Алдағы уақытта бар­лық өңірде IT-лицейлерін ашу жоспарланған. Одан бөлек цифр­лы білім беру ресурс­та­ры белсенді қолданылып, ми­нистрлік ұсы­нысымен жаңа оқу жылынан бас­тап әр балаға жеке логин беріледі. Енді цифрлы ресурстар үйде де, мектепте де бәріне қолжетімді болады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар