Ақтөбе • 30 Тамыз, 2018

Сыртқы сәулеті мен ішкі сәні келіскен

50 реткөрсетілді

Жаңа оқу жылы балалар үшін де, ата-аналар үшін де айтулы кезең. Қуаныш­ты сәт. Білім күні жаз бойы алаңсыз демалып, жүздерін күн қаққан оқу­шылар сыртқы сәулеті мен ішкі сәні келісім тапқан мектеп ғимарат­тары­ның есігінен енсе қуаныш одан әрі еселене түспек. Осы орайда биыл облыста 15 жаңа мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Соның ішін­де 8 білім шаңырағының салтанатты түрде ашылу рәсімі Білім күніне тұспа-тұс келіп отыр. Ал қалған 7 мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. 

Биыл Ақтөбе аймағында 26 мек­­­тептің құрылысы қызу әрі тоқтаусыз жүргізілуде. Аталған білім беру нысандары толық іс­ке қосылған кезде 10 мыңнан ас­там оқушының жаңа білім бе­ру стандарттарына сай за­ма­науи құрал-жабдықтармен жабдық­тал­ған сәулетті орында білім алуына мүм­кіндік тумақ. Сонымен бірге өңірде мектеп ғимараттарына жасалатын күр­делі жөндеу жұмыстары тың серпін алды. Жетпіске тар­та бі­лім нысандары жаңа оқу жы­лына дейін қайтадан жаң­ғыр­тылды. Жұмсалған қаражат мөл­шері – 2 миллиард теңгеге жуық. 

Жалпы білім беру меке­ме­­лерін жаңа оқу жылына әзірлеу тек бірыңғай жаңа мектеп ғи­мараттарын пайдалануға берумен немесе оған күрделі жөндеу­лер жүргізумен шек­телмейді. Бұл кешен­­ді әрі үз­дік­­­сіз үдеріс. Осы орайда 2018-2019 оқу жылында мектеп оқу­шылары пайдалануға қа­жет­ті оқу­лықтарды жет­кізу ісі де бел­гіленген кес­теге сай ретін тапты. Әрі мек­теп­тердің материалдық-техни­к­алық базасын одан әрі жаң­ғырту бағытында қолда бар мүмкіндіктер мен әлеуеттер қарастырылды. Бұған қоса облыстағы білім беру мекемелерін спорттық құрал-жабдықтармен қамту жөнінде қажетті шешімдер қолайын тапқан. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева айтып берді.

«Облыс аумағы үлкен. Са­лыстыр­ма­лы түрде айтқанда, өңір аумағына Еуро­паның 2-3 шағын мемлекеті сыйып кетеді. Мұндай жағдайда ­шалғай ауыл­дардағы білім беру нысандары мен мек­тепке дейінгі тәрбие мекемелерінің жай-күйін жан-жақты ойластырмай оты­ра алмаймыз. Қазір күн салқындай бас­тады. Осындай қарбалас шақта алыс­­тағы ауыл мектептерін жылыту үшін сұйық және қатты отынмен толық қамту мәселесі де ұдайы назарда. Бұл жа­уапты іс қазанға дейін аяқталады», деді ол.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар