Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Түркістан облысында 184 оқу ошағын салу қажеттілігі туындап отыр

119 реткөрсетілді

Түркістан облысы бойынша жаңа оқу жылында 55385 оқушы бірінші сынып табалдырығын аттайды. Яғни мектепке келетін оқушы саны 19 мыңға артқан. Демографиялық өсімге байла­нысты 2018-2025 жылдар аралығында облыста 184 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Биыл 83 нысанның құры­­лысы жүргізіліп жатса, оның 40-ы жыл соңына дейін пайда­лануға беріледі. Осылайша 9 апатты, 5 үш ауысымды, 13 ыңға­й­лас­тырылған және орын тапшылығы байқалған 10 мектептің мәселесі шешілмек. Сондай-ақ 3 колледж­дің ғимараты жаңарады. 

Оқушысы көп өңірдің білім саласында ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсарту да алдыңғы қатарға қойылып отыр. Мәселен, қыркүйек айынан бастап ұлттық біліктілік тестілеуден өткен 4200 педагогтың айлық жалақысы санаттарына қарай 30-50 процентке артады. Оған облыстық бюджеттен 1 млрд 67 млн теңге қаралған. Жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беріп жатқан 32 мыңнан астам ұстазға 30 процент жалақы қосылып, оған бюджеттен 10 млрд 290 млн теңге бөлінген. Түркістан қаласында өткен облыстық Тамыз кеңесінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаев осындай деректерді келтіре келе, ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау күшейтілетінін атап өтті. «Егер, сіздер Түркістан қаласына келген жағдайда айлық жалақыларыңызға 20 процент қосымша ақы, еңбек демалыстарыңызға 7 қосымша күн және 1 айлық қосымша сауықтыру ақысы қосылады. Әлеуметтік сала қызметкерлері мен ұстаздар қауымы үшін Түркістан облысының 13 ауданында инвесторлар есебінен 14 мың шаршы метрлі 31 тұрғын үй салынып жатыр», деді облыс әкімі. Мұғалімдердің білімін жетілдіру де маңызды. Бұл орайда биыл бірінші рет өңір ұстаздарына М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлініпті. Олар үш мамандық бойынша әлемдегі ең атақты оқу орындарының бірінде білімін жетілдіреді. Игі іске облыс бюджетінен қаржы қарастырылған. Сондай-ақ Қазығұрт ауданында орналасқан Ж.Қаппаров атындағы физика-математика бағытында оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатына шеттен келген мұ­ғалімдер үшін 15 жеке үй са­лын­бақ. Бүгінгі таңда қажетті құ­жат­тары дайындалып жатыр. 

Кеңесте өңір басшысы қо­ғамда жиі көтеріліп жүрген мәселеге қатысты көзқарасын білдірді. «Бұдан былай мұ­ға­лімдерді өз міндеттеріне кір­мейтін шаруаларға жөнсіз жұмсау тоқтатылуы керек», деп мәлімдеді Ж.Түймебаев. Сон­дай-ақ ол барлық аудан және қала әкімдеріне мұғалімдердің жағдайына мұқият қарауды, олардың әлеуметтік мәселелерін барынша шешу жөнінде тапсырма беретінін жеткізді. «Биылғы тамыз кеңесі ерекше тарихи кезеңде өтіп жатыр. Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Ясауидей бабамыз, Абылай хан бастаған қазақтың 21 ханы жатқан, қазақтың қаймақтары мәңгі қоныс тапқан Түркістан­ның тарихын ұстаздар қауымы оқушыларға сіңіруі керек», деді облыс әкімі. 

Кәсіптік білім сапасын көтеру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Жасыратыны жоқ, кәсіптік білім мекемелерін бітіруші түлектердің 25-30 про­центі жұмыспен қамтамасыз етілмей келеді. Яғни қоғамға нақты қандай мамандар қажет екені жіті зерттелмегендіктен жастар алған дипломына сай жұмыс таппай жүр. Өңірде осы олқылықты болдырмау мақсатында биыл кәсіптік маман даярлау бағытында мем­лекеттік тапсырысты жүйелеу үшін 7 жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ қоғамға аса қажетті мамандықтарды сара­лаған. Енді осы жаңа формат бойынша өңірге қажетті маман­дар даярланатын болады. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, биыл мемлекеттік тапсырысқа рес­публикадан 3 млрд 900 млн теңге, ал облыстан 17 млрд теңге қаралған. Осылайша нақты іс арқылы кәсіптік білімнің сапасын көтеріп, облыс экономикасына қажетті мамандар тапшылығы мәселесін шешу көзделіп отыр. Айта кетелік, техникалық және кәсіптік білім беруде облыс­та 94 колледж 109 мамандық бо­йынша кадрлар даярлап келеді. Кеңесте 2017-2018 оқу жылында атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың айтуынша, биыл өңірдің білім беру саласына 262 млрд 24 млн теңге қаралып, қаржы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 6 млрд 15 млн теңгеге ұлғайған. Өңірде 909 орта білім беру мекемелері бар. Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау мақсатында жергілікті бюджет есебінен 863 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 83 білім беру нысанының құрылысы басталған. Басқарма басшысының айтуынша, орта білім беру мекемелерінде оқулықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші толық орындалып отыр, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы бойынша 9604 оқушыға материалдық көмек көрсетілген. Ал өңірдегі 1381 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 590-ы мемлекеттік, 791-і жекеменшік. Биыл жергілікті бюджет есебінен 188 балабақшаға ағымдағы, ал 280 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Айта кетелік, тамыз кеңесінде облыс әкімі 5 ұстазға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін, 10 педагогқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар 20 адам Білім және ғылым министрлігінің марапаттарына ие болса, 5 ұстаз облыстық мәслихаттың грамотасымен марапатталды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Сексеуіл, тораңғы және ілбіс

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар