Бокс • 30 Тамыз, 2018

Қола, қола,тағы да қола...

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Индонезия астанасы Джакар­та­да өтіп жатқан XVIII Жазғы Азия ойындарының оныншы күні қазақстандық спортшылар үшін аса сәтті бола қоймады. Кешегі жарыс күнінде еліміздің спортшылары төрт қола жүлде иеленді.   

Қола, қола,тағы да қола...

Кеше жеңіл атлетикадан 400 метрге аралас эстафетадан жүгіруден Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды. Команда құрамында Светлана Голендова, Дмитрий Коблов, Элина Михина және Михаил Литвин жүгірді. Мұндай аралас эстафета Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр. Бірінші орынды Бахрейн құрама­сы иеленсе, екінші орынға Үндістан спортшы­лары тұрақтады – 3:15.71. Осылайша жеңілатлеттер үшінші қолаға қол жеткізді. 

Ал екінші қола жүлдені велошабандоз Артем Захаров иеленді. Ол 4 шақырымдық жекелей жарыста мәре сызығын үшінші болып кесті. Алтын медальды Оңтүстік Корея өкілі Пак Сан Хун, күміс жүлде жапониялық Рио Чикатаниге бұйырды. Захаров Азия ойындарына екінші рет қатысқанымен, бірінші рет жүлде алып отыр. 

Оныншы жарыс күніндегі үшінші және төртінші қоланы дзюдошылар иеленді. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах жұбаныш белдесуінде қытайлық балуан Иа Хиёнгпен жолығып, иппон әдісімен жеңіске жетті. 48 кило салмақта белдескен Отгонцэцэг Галбадрах ширек финалда Солтүстік Корея спортшысы Ю Сун Жонды кедергісіз ұтып, жартылай финалда жапон қызы Ами Кондодан жеңіліп қалған-ды. 

66 килода сынға түскен дзюдошы Елдос Жұмақанов қола медаль үшін өткен күресте қатар­лық балуанмен белдесіп, мерзімінен бұрын иппон әдісімен жеңіске жетті. Еске сала кетейік, Азия ойындарының жартылай финалында жерлесіміз жапондық спортшыға есе жіберген еді. Осылайша дзюдо спортынан жарыстың алғашқы күнінде балуандарымыз екі қола медаль алды. Бүгін ерлер арасында 73 және 81 кило салмақтағы балуандар, ал қыздар арасында 57, 63 және 70 килодағы спортшылар сынға түседі.

Азия ойындарында алтын жүлдеден басты үміткер атанған Елдос Сметов (60 кг) төрт жыл бұрынғы атағын қорғай алмады. 2014 жылғы Инчхон Азиадасының жеңімпазы алғашқы айналымда индонезиялық балуанды «иппон» әдісімен жеңіп, келесі кезеңге өткен-ді. Дегенмен, Сметов екінші айналымда Солтүстік Корея спортшысынан жеңіліп қалды. Белдесуден кейін Елдостың жарақатпен күрескені анықталып, жұбаныш белдесуіне шыққан жоқ. 

Өкінішке қарай, ел қоржынына алтын жүлде салады деген боксшыларымыз да финалға жетпей сүрініп жатыр. Боксшылардың алғашқы күнінде әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев (56 кг) жарыс жолынан шығып қалғанын жазған болатынбыз. Енді, міне ширек финалдық сайыста 49 килода жұдырықтас­қан Теміртас Жүсіпов пен 52 килодағы Азат Махметов Филиппин боксшыларынан жеңіліп қалды. Ал Саматәлі Төлтаев (60 кг) 2017 жылғы Азия чемпионы қытайлық Шан Юнге есе жіберсе, Бекдәулет Ибрагимов (64 кг) Тайланд боксшысын жеңе алмады. Сондай-ақ Азия ойындарына барған үш боксшы аруымыз ширек финалда жеңілді. Ширек финалға іріктеусіз өткен Римма Волосенко (60 кг) мен 57 килода Сәния Сұлтанқызы Тайланд боксшысын, ал әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай (51 кг) Қытай боксшысын жеңе алмады. Жартылай финалға тек Асланбек Шымбергенов (69 кг) пен Аманқұл Әбілхан (75 кг) шықты. 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»