
Жуырда әлеуметтік желілерде Қазақстан-Өзбекстан шекара бекетінен өту үшін жүк автокөліктерінің сағаттап кезекте тұратыны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда, Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Департамент өкілдерінің айтуынша, «Қапланбек» шекара бекетінен өтуге еш кедергі жоқ. Облыстағы қазақ-өзбек шекара бекеттерінде азаматтарды өткізу тоқтатылмаған. Ал Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті: «Өзбекстанның жақын және алыс шетелдермен сыртқы сауданы дамытуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға қарай тауарлар ағыны едәуір ұлғайды. Осыған байланысты 2018 жылдың наурыз айынан бері «Б.Қонысбаев» өткізу бекеті алдында Қазақстан жағынан 50-100 шамалы жүк көліктің жиналып қалуы байқала бастады», – деп хабарлады.
Комитет мәліметі бойынша, «Б.Қонысбаев» бекеті тәулігіне 150 автокөлікті өткізе алады. Дегенмен, бүгінде «Б.Қонысбаев» кеден бекеті күшейтілген режімде жұмыс істеп, тәулігіне 250-ге дейін автокөлік өткізуде. «1 тамыз бен 7 тамыз аралығында Қазақстан жағынан Өзбекстанға көліктердің жиналып қалуы 200-ден 315-ке дейін көбейді. Бұл кезеңде өзбек жағы техникалық себептерге байланысты өткізуді тәулігіне 100 бірлікке дейін (бұрын 130-140 көлік өткізетін) төмендетті», деп түсіндіреді орын алған жайтты комитет.
Сондай-ақ «көліктерді өткізуді жеделдету бойынша екі кеден бекеті басшыларының кездесуі күн сайын өткізілетінін» хабарлады. Әзербайжан, Беларусь, Ресей және Қырғызстанның кеден қызметтеріне жүк ағынын, Өзбекстанға «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Атамекен» өткізу бекеттері бойынша қайта бөлу жөнінде хат жолданған. Сонымен бірге шетелдік автокөлік құралдарының Өзбекстан аумағы арқылы транзиттік өтуі Түркістан облысындағы «Яллама (Өзбекстан) – «Б.Қонысбаев» (Қазақстан) және Маңғыстау облысындағы «Қарақалпақ» (Өзбекстан) – «Тажен» (Қазақстан) өткізу бекеттері арқылы рұқсат етілетіні түсіндірілген. «Соңғы аптада өзбек жағы автокөліктерді өткізуді тәулігіне 150-ге дейін ұлғайтты. Мемлекеттік кірістер комитеті 16 тамызда Қазақстаннан Өзбекстанға автокөліктердің жиналып қалуы 190-ға дейін төмендегенін хабарлады. Бұл мәселені шешу үшін «Б.Қонысбаев» өткізу бекетін кеңейту арқылы қайта құру жоспарланған. Қайта құрудан соң автокөліктерді өткізу көрсеткіші тәулігіне бір мыңға жететін болады. Құрылыс мерзімі – 19 ай», делінген министрлік хабарламасында.
Қалай болғанда да, кеден қызметкерлері өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің жүргізушілері уақытша орын алған жағдайға түсіністікпен қарайтынын жеткізді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы