
Burabike-2018 қайырымдылық велошеруі биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жыл санап бұл шараға қатысушылардың саны артып келеді. 2013 жылы велотрассаға 130-дан астам адам шықса, биылғы велошеруге 2300 адам шыққан.
Велошеруге ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров пен тағы басқа танымал спортшылар, ірі бизнес өкілдері, саясаткерлер жəне қоғам қайраткерлері қатысты.
«Салауатты өмір салтын насихаттайтын қайырымдылық шараның аясы жыл санап кеңейіп келе жатқаны қуантады. Өз атымнан барлық қатысушыларға алғыс білдіремін. Өйткені велошеру көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында ұйымдастырылуда. Барша қатысушыларға сəттілік тілеймін», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қайырымдылық мақсатында жасалатын велошеруден түскен қаржы Қазақстан балалар ауруханаларын медициналық жабдықтармен жабдықтауға жұмсалады. Өткен жылы қайырымдылық шарасынан 168 млн 429 890 теңге қаражат жиналған болатын.