Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

«Жайық Пресс» журналистеріне арналған семинар-тренинг өтті

1255 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Жайық Пресс» журналистеріне арналған семинар-тренинг өтті

Батыс Қазақстан облысының екі облыстық, 12 аудандық газеттерін біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингінде журналистердің білімін жетілдіруге арналған семинар-тренинг өтті. Жергілікті тілшілер Алматыдан арнайы шақырылған белгілі медиатренер, Сүлеймен Демирел университетінің оқытушысы Асхат Еркімбайдың дәрістерін қызыға тыңдады.

- Асхат Еркімбай - белгілі медиатренер, блогер, мультимедиа, жаңа медиа бойынша шетелде терең білім алған, тынымсыз еңбектеніп, осы тақырыптарға арнайы оқулық жазып жүрген айтулы маман. Бүгін аттай қалап, өздеріңіз үшін арнайы алдырып отырмыз. Алатын дəрістеріңіз барынша қызықты, пайдалы болып, білімге, өз қызметіңізге деген қызығушылықты арттырады деп сенемін, - деді екікүндік семинарды ашқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сəбитұлы.

Дәріске қатысқан жергілікті тілшілердің пікірінше, семинар-тренинг өте қызықты, кәсіби пайдалы болған. Өзара пікір алмасу ойын түрінде ұйымдастырылған дəріске қатысушылар белсенді қатысып, көп тәжірибе жинақтаған. Серіктестікке қарасты 2 облыстық және 12 аудандық басылымның 40-қа жуық журналисі «Жаңалықтың сапасын анықтау жолдары», «Интернетте ақпарат іздеу жүйелерін журналист жұмысында бейімдеу», «Мультимедиалы контент жасау әдістері» тақырыптарында дәріс тыңдап, медианың заманауи жаңалықтарына қанықты.

- Орал өңірінің журналистерімен алғаш рет кездесіп отырмын. Кездесудің бірінші күні New York-тегі Stony Brook University курсының «Медиа сауаттылық» модулінің бір тарауына арналды. Былтыр Познан Университетіндегі (Польша) жинаған тәжірибеммен бөлістім. Факті мен пікірдің айырмасы, журналистикадағы мәтіннің түрлері қарастырылды. Ал екінші күн көбіне мультимедиаға арналды. Ақпаратты тиімді іздеу және әлеуметтік желіні ақпарат көзі ретінде қолдану жағын талқыладық. Соңына қарай визуалды контент жасауға кірістік. Практикалық түрдегі тапсырманы қатысушылар соңына дейін жасап үлгерді. Әрине, берілген алты сағат аздық етті. Оның үстіне үш түрлі топқа бөлінген соң, аудиторияның деңгейі де әртүрлі. Негізгі мақсат – қатысушылар арасында журналиске керек дағдыны қалыптастыру, әрі қарай ізденуге, үйренуге қажетті ресурстарды таныстыру және өзара ынтымақтастықты арттыру еді. Бұл «Жайық Пресс» қолға алып отырған үлкен жұмыстың басы деп ұғып отырмын. Орал өңіріндегі журналистиканы жаңа деңгейге көтеруді журналистердің басын қосып, тренинг өткізуден бастауы дұрыс шешім болды. Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлына және оның командасына сәттілік тілеймін! – дейді Асхат Еркімбай.

Журналист мамандарын дайындайтын дәстүрлі орталықтардан шалғай жатқан Ақ Жайық өңірінде жергілікті тілшілердің кәсіби біліктілігін арттыру, тереңдету ісі өте өзекті болып тұр. Бұл әсіресе мемлекеттік басылымдарда байқалады. Сондықтан мұндай семинар-тренингтер болашақта да жиі ұйымдастырылып тұрмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген

Динара КЕНДІРБАЕВА