11 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумын мен өмірімнің ең бір жұлдызды шағына балаймын. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған мәртебелі жиында Елбасымыздың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алу зор құрметіне ие болдым. Экономикалық, өндірістік үздік жетістіктеріміздің бағалануы алдымен елге, халыққа көрсетілген үлкен сенім деп білемін. Аз жылдар аралығында аграрлық сектордың бұрын-соңды болмаған белестерге көтерілгенін, ауылдарды жаңғырту бағытында орасан жұмыстардың тындырылғанын Мемлекет басшысы әрдайым айтып келеді. Тәуелсіздігіміздің ұлы тойына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа мемлекет ретінде ірге тіккен Қазақстанның қазіргі және алдағы басымдықтарын айқындап берді. Соңғы он жылда ғана экономикамыздың шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім 20 есе өсіп, 7 триллион теңгені құраған. Егер 1993 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 700 доллар болса, бүгінде 11 мың доллардан асып отыр. Халықаралық сарапшылардың «Қазақстан – жемісті мемлекеттік жоба» деп жоғары баға беруі әншейін айтыла салған сөз емес. 2003 жылы қабылданған дамудың 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономикамызды өркендетуге ерекше серпін беріп, әртараптандыру бағытының бастауына айналды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі соңғы он жылда 4 есеге ұлғаюының өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұр. Мерейтойлы жылы егістік алқаптарынан 30 миллион тоннаға жуық астық жиналды. Мұндай рекордтық өнім соңғы жарты ғасыр ішінде болмаған. Біз мұндай табыстарға АӨШ саласы саясатының дұрыс үйлестірілуі арқасында жетіп отырмыз. Елбасымыздың тікелей қолдауы нәтижесінде аграрлық секторға соңғы бес жылда республикалық бюджеттен 670 миллиард теңге бөлінді. Мемлекет демеуіне арқа сүйеген фермерлер бүгінде жоғары өнімді техникалармен жұмыс істейді. Ылғал ұстаушы технологияларды кеңінен қолданады.
Мемлекеттік аграрлық саясатының жемісін солтүстікқазақстандық диқандар да нақты сезініп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы – астықты өңір. Еліміздегі ауылшаруашылық өнімдерінің 12 пайызы осында өндіріледі. Оның 60 пайыздан астамы егіншілік саласы есебінен қамтамасыз етіледі. Биыл гектар берекесі 22,7 центнерден айналып, Отанымызды 9 миллион тонна сапалы астықпен қуанттық. Бір жылдың ішінде ғана 7 миллиард теңге субсидия бөлінді. Сөйтіп, машина-трактор паркінің 80 пайызын жаңалауға мүмкіндік туды. Өңірде индустрияландыру картасына 30 миллиард теңгенің 24 жобасы енгізіліп, 18-і іске қосылды.
Президентіміз өз сөзінде мықты экономика мен күшті мемлекет қалыптастырумен шектелмейтінімізді, алдағы онжылдықтар тарихи секіріс дәуірі болуы жөнінде міндеттері қойды. Оған жету жолдарын атап көрсетті. Солардың ішінде айрықша назар аударатыны – Қазақстанның инновациялық дамуының жол картасы «Жүз инновация» бағдарламасының ұсынылуы. Біздің шаруашылық ғылым жетістіктері мен озық технологияларды өндіріспен тығыз ұштастырып, толайым табыстарға жетудің барлық жолдарын жіті қарастырып келеді. Биыл 70 мың га алқапқа дәнді дақылдар сепкен едік. Агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптаудың арқасында шығымдылық 30 центнерден асып түсті. Бүгінде етті мал шаруашылығын дамытуға, оның экспорттық әлеуетін арттыруға айрықша мән беріп отырмыз. Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін иелене отырып, сүтті және етті ірі қара малын 4 мың басқа жеткіздік. Жергілікті қазақтың ақбас және қара ала сиырларымен қоса Канададан голштинг асыл тұқымды малдары әкелініп, екі мың басқа шақталған сүт фермаларын іске қостық. Бүгінде әр сиырдан алынатын өнім мөлшері 8 мың литрді құрайды. Жуырда шет елден тағы да бес жүз бас сүтті сиырлар жеткізілді. Ішкі мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсек, алдағы жылдары мал басын 6 мыңға жеткізбек ойымыз бар.
Елбасының Маңғыстау облысы активінде сөйлеген сөзі де әрбір қазақстандыққа үлкен ой салып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы абыройлы белестерге жетуде бірлік пен татулықты берік ұстану қажеттігін тағы бір еске салады.
Руслан МОЛДАБЕКОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, «Тайынша-Астық» ЖШС-нің бас директоры.
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы.