![Жанар-жағармай тапшылығы болмауға тиіс](/article_photo/1535941748_article_b.jpeg)
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет басшысына берген есебінде еліміздің отын-энергетика саласы тұрақты дамып келе жатқанын, ал негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу министрліктің тұрақты бақылауында және мониторингке алынғанын айтты. «Жалпы, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты, жанар-жағармай тапшылығы жоқ», деді Қ.Бозымбаев.
Еліміздің отын-энергетика мәселелеріне, соның ішінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге жауапты министрліктің басшысы биылғы 7 айдың қорытындысын жариялай отырып, нарықтың сұранысы қанағаттандырылғанын жеткізді. Мәліметке сүйенсек, 7 айдың ішінде мұнай мен конденсант алу көлемі 53 млн тоннаны құраған, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6 процентке артық көрсеткіш. Үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 32 млн тоннаға жуықтаған, оның ішінде Қашаған кен орнынан – 7,4 млн, Теңізден – 17,2 млн, Қарашығанақтан – 7,3 млн тонна шикізат өндіріліпті. Жеті ай ішінде мұнай экспорты 42,8 млн тоннаны құрап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 процентке артқан. Ал мұнай өңдеу көлемі 9,2 млн тонна болды. Бұл да 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5 процентке артық көрсеткіш. Үш мұнай өндеу зауытында мұнай өнімдерін өңдеу көлемі 6,4 млн тоннаны құраған, бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3 процентке артық.
Министр атап өткендей, қазіргі таңда жанар-жағармай қоры ішкі нарықтың сұранысын өтеуге жеткілікті. Айталық АИ-92 жанармайы – 336 мың тонна, дизель отыны – 246 мың тонна. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін күзгі орақ науқанына 394,4 мың тонна жанар-жағармай бөлінген.
Елімізде қазіргі таңда үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтіні белгілі. Олар Павлодар, Шымкент және Атырау қалаларында орналасқан. Соңғы кездері осы зауыттар жөндеуден көз ашпай қойды. Өйткені МӨЗ-дер әлемдік стандарттарға сай жаңғыртылып жатыр. Бұл заман талабы. Еліміз еуро-4 және еуро-5 талаптарына көшуі тиіс. Оған қоса, бүгінгі жағдайда 5-6 млн тоннадан аз мұнай өңдеу экономикалық жағынан тиімсіз, яғни өндіріс қуатын арттыру қажет. Ал жаңғырту жұмыстарынан кейін зауыттардың қуаты еселене түспек.
Айтқандай, бүгінде елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы келіссөздер жүргізілуде. Зауыттың құрылысына сараптама жасаушылар тобы елдегі автобензин, дизельдік отын және авиакеросинді тұтыну деңгейіне сараптама жасаған. Олар елде қазір жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытын қайта жөндеу жұмыстарын ескеріпті. Зерттеу барысында анықталғандай, отандық МӨЗ-дер жанар-жағармайға сұранысты жапқан күннің өзінде бұл тек ортамерзімді кезеңді ғана қамтитыны белгілі болды. Яғни болжам бойынша, автобензин тапшылығы 2021 жылдан кейін байқалмақ. Ал дизельдік отын тапшылығы 2023 жылға қарай, авиакеросин жетіспеушілігі 2026 жылдан бастап сезіле бастайды. Осылайша, ішкі нарықта тапшылықтың жоқтығын тиісті сараптама да айғақтай түскен. Алайда сараптама тобының қорытындысында айтылғандай, елдегі мұнай өңдеу зауыттарының бірі аяқасты жұмысын тоқтатса жанар-жағармай тапшылығы болатынын да атап өткен жөн.
Төртінші мұнай өңдеу зауыты қай жерде салынатыны әзірге нақтылана қойған жоқ. МӨЗ салу туралы шешім шығару үшін жұмыс тобы алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме жасап, зауыт салынатын орын мен параметрлері соның негізінде анықталмақ. Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрі Қ.Бозымбаев Қазақстанда 4-ші МӨЗ 2022 жылға қарай салынуы керек деп мәлімдеген болатын. Әрине мұнай өңдеу зауыты өте ірі нысан, әрі күрделі технологиялардан тұрады. Оны іске қосуға кемінде төрт-бес жыл қажет.
Сонымен, тиісті министрлік хабарлағандай, қазір ішкі нарықта жанар-жағармайға ресми түрде тапшылық жоқ көрінеді. Олай болса, бағаның бұлғақтауына не себеп? Тапшылықты қолдан туындатып жүргендер кім? Сұрақ көп, жауаптар да әр қилы. Мәселен, Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов соңғы уақытта дизель отынын тұтыну көлемі артып, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалып отырғанын алға тартады. Сондай-ақ Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының артуына, ішкі нарық пен көрші елдердің шекаралас аймақтардағы бағаның сәйкессіздігіне байланысты отынның шекара асып кетуі де негізгі себептердің бірі дейді. Сонымен қатар үшінші мұнай өңдеу зауытының модернизациялаудан өткізілуі де кері әсерін тигізген. Ал Шымкенттегі МӨЗ модернизациялаудың екінші кезеңінде тұр. Олар енді қыркүйектен бастап толық өз күшінде жұмыс істемек.
Алайда төртінші зауыттың салынуы да бағаға бұғау болмауы әбден мүмкін. Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2025 жылы бірыңғай жанар-жағармай нарығын құру туралы ортақ келісім жасалатынын ескермей кете алмаймыз. Иә, министрліктегілер аталған ұйымға мүше елдердегі көгілдір отынның бағасы қандай болса, Қазақстан да соған сай бағаны өзгертуге мүдделі екенін айтып қалған еді. Ал қазір көрші Ресейдегі жанар-жағармай құны біздегіден екі есе жоғары екенін ескерсек, алдағы уақытта бағаның қалай құбылатынын болжау қиындау болмақ.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»