Медицина • 03 Қыркүйек, 2018

45 мың шәкірт, 7 жаңа мектеп

569 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 қыркүйек – Білім кү­ні­не орай Алматы облысында 45 мыңға жуық бал­­дыр­ған тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттады. Ал аймақ бойынша бір мезетте 7 жаңа оқу ғимараты пай­далануға беріліп, оқу­шыларға есік ашты. Жыл соңына дейін тағы да 2 мек­тептің құрылысы толық аяқталып, қолданысқа енеді. Осылайша биыл­дыққа жоспарланған 9 жаңа мектеп толықтай іске қосылмақшы. 

45 мың шәкірт, 7 жаңа мектеп

Жалпы, биылғы оқу жылында аймақ бойынша жаңа қонысқа көшкен мектеп оқу­шы­ларының қуанышы облыс орталығында екі еселенді десе де болғандай. Білім күні Тал­дықорған қаласында да қос мектеп пайдалануға бері­ліп, алғашқы қоңырау салта­наты өтті. Оқушылардың қуа­ны­шын бөлісуге облыс әкімі Аман­дық Баталов келіп, білім ғима­ра­тының тұсаукесеріне қатысты.

– Бүгін өңірде 45 мыңға жуық бала алғаш рет мектепке қадам басып отыр. Біздің кей­бір аудандарымызда 45 мың халық тұрады. Яғни бүгін мектепке тұтас бір ауданның тұрғыны келді деуге болады. Өте қуанышты жағдай. Елі­міздегі тұрақтылықтың арқа­сында ұлтымыз өркендеп, ұрпақ санының артып келе жат­қан­дығының көрінісі. Біз өз тарапымыздан облыста балалардың білім алуына жағдай жасауға тиіспіз. Бұған толық негіз бар. Міне, жаңа оқу жылына 7 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Жалпы 22 оқу ғимараты 6,8 млрд теңгеден астам қаржыға күрделі және ағымдағы жөн­деу­ден өтті. Ал Жетісуда мектеп салу ісі жалғаса береді. Жыл соңына дейін тағы 2 мек­теп­тің құрылысы аяқталады. Талдықорған қаласында 300 орындық музыка мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Осының барлығы ұрпақтың сапалы б­ілім, саналы тәрбие алуы үшін мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың үлгісі, – деді облыс басшысы Амандық Баталов оқушылармен кездесу кезінде.

Талдықорған қаласында қол­­да­нысқа берілген 2 мектеп те 1200 оқушыға арналған. Қа­зір қала тұрғындарының қатары өсіп, әлеуметтік нысан­дар­ға сұра­ныс жыл сайын артып келеді. Оның үстіне Тал­ды­қорғанда соң­ғы 15 жылда жаңа­дан мектеп ғи­мараты салын­баған екен. Жаңа оқу жылын­да жұ­мысын бас­таған қос оқу ша­ңырағы дер ке­зінде ашыл­ған құт­ты ғимарат болып отыр. Ал бұл білім ша­ңы­рақ­­та­рының материалдық-тех­ни­калық базасы толықтай жабдық­талып, заманға сай білім беруге лайықталған екен.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы