Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Жеңімпаздар Шанхайға барады

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда үстел теннисінен балалар үйінде тәрбиеленетін қыздар арасында «Пинг-понг ханшайымы» республикалық турнирі өтті. Қазақстан үстел теннисі Федерациясы мен Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулдығы және «Бауыржан» жеке қорының бастамасымен шымылдығын түрген дәстүрлі жарыста еліміздің 14 аймағындағы 30 балалар үйінен келген 38 тәрбиеленуші бақ сынады. 

Жеңімпаздар Шанхайға барады

 «Ері жомарт елдің қызы жетім болмайды». Алайда ресми статистикаға сүйенсек ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектердің саны аз емес. Оларға жан-жақты қолдау көрсету барлық қоғам мүшелерінің міндеті. Жеткіншектерді жетістікке жетелеген бұл турнирдің де басты мақсаты осы.

 Жарыс қорытындысына сәйкес 13-16 жас аралығындағы теннисшілер сайы­сында Рудный қаласынан келген Ольга Ким жеңімпаз деп танылды. Теннис спортын ес білгелі жанына серік етіп келе жатқан қаршадай қыздың арманы әлем чемпионы атану. Тағдыр тәлкегін көрген жасөспірімдерді қанаттандырып, болашағына жол ашуды көздеген «Пинг-Понг ханшайымы» турнирі Ольганың осы арманын жақындатқандай болды. Өйткені қатарластарынан дара шыққан өрімдей қыз 9 бен 12 жас аралығындағы теннисшілер тартысында топ жарған Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Евгения Тузовамен бірге Шанхай қаласындағы спорт мектебіне баруға мүмкіндік алып отыр. Үміт артқан қос қызымыз Шанхайдағы тәжірибелі мамандардан арнайы шеберлік дәрістерін үйренбек. Былтыр дәл осы мүмкіндік турнирдің өткен жылғы жеңімпаздары Мария Замотойло мен Лаура Мұхаметжановаға бұйырған еді. Бейжіңге барып бір апта бойы тәжірибелі мамандардан сабақ алған спортшы қыздар үлкен спорттың қыр-сырына қанығып қайтқан.

Турнир ұйымдастырушылары бұған дейін де өрендердің спортқа деген қызы­­ғушылығын ояту мақсатында еліміз­дің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйі­не 100 теннис ойнайтын үстел мен спорт­­тық жабдықтар сыйға тартқан болатын.

 Жарыстың салтанатты жабылу рәсімі кезінде турнирге қатысушы бар­лық балаларға мақтау қағаздары мен сый-сияпаттар табысталды. Жеңім­паз­дарды құттықтауға арнайы келген Алматы қалалық мәслихатының депу­таты Асыл­хан Төлепов, «Нұр Отан» партия­сының Алматы қалалық бөлімшесі төр­ағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев, әйгілі балуан Ислам Байра­му­ков жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ