![Біткен іс те бар, атқарылар шаруа да аз емес](/article_photo/1535944595_article_b.jpeg)
Бұл мүмкіндікке қазақ даласы, соның ішінде Маңғыстау өңірі толығымен сай келеді – өлкедегі керемет табиғат көріністері, шөл даланың таңғаларлық ландшафтарының барлық түрін, қарт Каспийдің көкшіл суы мен шексіз құмды жағажайын, көшпелі сәулет өнерінің қайталанбастай көрнекті үлгілерін, қазақтың алғашқы қауымдық дәстүрлі мәдениетін өзіне сіңіріп алған құндылықтар әрбір қонағын қуантатыны анық.
Соңғы жылдары Каспий жағалауына «жан бітті» – заңсыз құрылыс нысандары сүріліп, тас жолдар төселіп, демалыс және балалар үшін ойын алаңдары жасақталды. Жекелеген демалыс орындары бой көтеріп, көк теңіз бетінде арнайы су көліктерімен серуендеп, сауық-сайран құру басталды. Осы орайда Ақтауда «Скальная тропа» атты бірегей жобаны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Құны 1,9 млрд теңгеге есептелген бұл жоба тік жартастар арқылы қалалық променад және құмды жағажайлар арасындағы ұзындығы 1,5 шақырым өзіндік «көпір» болады.
– Соңғы кездері далалық аймақтармен бірге облыс орталығы Ақтау қаласының көркін арттырып, туристерді қабылдау қолайлылығын дамыту жұмыстары да басты назарда. Қалалық жағажайды абаттандыру маңызды жоба болып табылады. Жағажайға амфитеатрмен бірге, қазақ халқының аңыздары бойынша жасақталған көптеген шағын сәулет нысандары орналастырылады, – дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Г.Сүйеуова.
Сондай-ақ Ақтау қаласының инвестициялық тартымдылығын қолдау мақсатында жағажай аймағын электр, су, газбен жабдықтау желісін қайта жаңартуға жобалық сметалық құжаттар жасақтау жұмыстары аяқталуда, құрылыс-монтаж жұмыстарын 2019 жылы бастау жоспарланған. Тамыз айының 11-12-де Ақтау қаласында өткен «Бесінші Каспий саммиті» аясында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, бірқатар ауқымды жобаны іске қосқан Елбасы Н.Назарбаев «Tree of Life» демалыс базасында болып, демалушылармен жүздескен болатын. Базадағы жолға қойылған заманауи туристік бағытқа ризашылығын білдірген Мемлекет басшысы Ақтауды Қазақстанның Анталиясына айналдыру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Елбасы көлік-логистикалық әлеуетін дамыту үшін мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, мол қаражат құйылған Маңғыстауда енді туризм саласын қолдау керектігін қозғаған еді. «Теңіз қақпасы» Ақтаудың ажары мен көркі су жолы арқылы келетін қонақтардың көңілін қуантса, қаладағы туристік әлеует, сервистік қызмет көрсету сапасы да жоғары деңгейге көтерілуі тиіс.
Қуанарлығы, өңірдегі туризм саласын дамытудағы серпінділік бизнес өкілдерінің қазақстандық туризм болашағына деген қызығушылығын оятумен қатар, сенімін нығайта түсті. Олар үмітті нысандар мен жобаларға инвестиция сала бастады. Қазіргі таңда аймақта 41 туристік фирма және теңіз жағалауында 29 демалыс орны тіркелген. Жағалаудағы демалыс орындары заманауи үлгідегі бесжұлдызды қонақүй, жекелеген демалыс шатырлары, ұлттық асүйлер, өзге де жайлы демалысқа қажетті барлық жабдықтар жасалған.
Теңіз жағалауындағы «Фламинго» балаларды сауықтыру лагерінің екінші кезеңі – спорт кешені және теңіз суымен жазғы бассейннің құрылысы басталды. Бассейн құрылысын салу үшін 26 млн теңге инвестиция құйылып, балалардың ойын алаңшаларын абаттандыру жүргізілуде. Сондай-ақ «СКР-Снаб» ЖШС бастауымен бесжұлдызды «Нұр» емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. «Достар» қонақүй кешенінің аумағында хостел, мотель, қонақүй апартаменттерінің құрылысы салынып жатыр, аквапарк пен сауықтыру-көңіл көтеру кешенінің құрылысы биыл аяқталмақ.
Ақтау қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы «Tree of Life» демалыс базасы қала тұрғындары мен қонақтардың қызығушылығына ие. Базада аквапаркке келушілер үшін сыйымдылығын кеңейту бойынша жоба жүзеге асырылды. Ересектер мен балаларға арналған жаңа екі су аттракционы қондырылды. Базаның аумағында фитнес-зал мен 2 бассейн, 22 нөмірлік қонақүй, жеті 2 қабатты отбасылық үйшіктер салынды, аймақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, 45 метрлік толқынды бассейннің құрылысы аяқталды, нөмірлік қоры 79-ға дейін өсті. Ал «Самал» қонақүй кешенінің аумағында «Holiday Inn» брендімен қонақүйдің құрылысын қайта салу және аквапаркті салу бойынша жобаалды жұмыстар қолға алынған.
– Маңғыстау облысының туристік және рекреациялық әлеуетін дамыту және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қолдау мақсатында 2ГИС Ақтау компаниясы туризм басқармасымен бірлесіп, Маңғыстаудың 24 сакралдық және тарихи-мәдени ескерткіштерін цифрлы картаға енгізу жұмысын атқарды. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру – өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге, облыста шетелдік және отандық туристер ағынының өсуіне, туризм саласында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірде жаңадан жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықты азайтуға ықпал етпек, – дейді Маңғыстау облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Г.Қойқарақызы.
Маңғыстау далалық туризміндегі қанатқақты жобалардың бірі – «Көгез» этноауылы. 2016 жылы басталған жоба қазір облыс тұрғындарының да, шетелдік қонақтардың да сүйікті орыны. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентінен 14 шақырым қашықтықтағы жер қазір 12-13 киіз үй қаз-қатар тігіліп, өрісінде жылқы жайылып, ауласында киіз басып, жүн түтіп, қонақтарға шашу шашып, бауырсақ, қымыз, құртын ұсынатын нағыз қазақы ауылға айналып келеді. Этноауылда той, құдалық жасап, жылқыға мініп суретке түсуге құмартатындар көп.
– Қонақтарға жағдай жасау – басты міндетіміз. Көгезге электр желісі тартылып, киіз үйлерге салқындатқыш орнатуға, тоқ тетіктерін орнатуға қол жеткіздік. Қонақтар қалауларына қарай киіз үйлерде, сондай-ақ қонақүйлерде түнеу мүмкіндігіне ие. Этноауыл жұмысын жолға қоюда зор еңбек сіңірген серіктесім Евгения Слесарованың көмегімен туристерді жайлы автобустармен немесе өзге де көліктермен күтіп алып, өздері қалаған бағыттарда Маңғыстаудағы туристік орындарды аралатамыз, – дейді «Көгез» этноауылы жобасы серіктестерінің бірі Мұқағали Ербозов.
Өткен жылы Жапония, Қытай, Франция, Ресей, тағы басқа елдерден жүздеген турист атбасын тіреген этноауылда электр желісі мәселесі шешілгенмен, су және газ мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Ауыз суды тасымалмен алдырса, абаттандыру, өзге де техникалық жұмыстар үшін ауыл маңындағы ұңғыма суын пайдаланады. Маңайдағы бірнеше ауылдардың малы бас қойғанда бұл құдықтың суы сарқылудан сыр беріп, арнайы кезекке тұруға мәжбүрлеген. Этнотуризм бағытындағы алғашқы жоба және келім-кетім қонақтардың арнайы барар орталығы, жолшыбай өткен жолаушының аттан түсіп, аяқ суытып түнеп өтер мекені – «Көгез» этноауылын көркейту, әсіресе өз алдына су ұңғымасын қазып беру мәселесіне жергілікті әкімшілік, кәсіпкерлер назар аударып, қолдау көрсетуі қажет-ақ.
Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде 13 мыңнан астам тарихи-мәдени нысандар зерттеліп, құжатталды. 440-тан астам ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынды, олардың жиырма бірі республикалық маңызға ие. 249 археологиялық ескерткіші толықтай зерттелген десек, оларға тас дәуірі соңындағы тұрғын кешендер, қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі діни-жерлеу нысандары, ортағасырлық ескі қалалар, бекіністер, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан керуен сарайлары, археология, сәулеттің үлкен және шағын формалары кіретін 140 кешендік ансамбльдер, сонымен қатар сәулет пен құрылыс мәдениетін танытатын 60 ескерткіш жатады. Маңғыстаудағы жер асты мешіттері, қауым-қойылымдардағы құлпытастар мен тамдар ерекшеліктері туристерге зор әсер сыйлайтыны анық. Алайда облыс орталығынан өте шалғай жатқан туристік нысандарға апаратын жол салу, өзге де инфрақұрылымдық мәселелерді шешу күн тәртібінде тұр. Ол оңай шаруа емес екені белгілі, бірақ қажет, өйткені туристердің қауіпсіздігі – басты мәселе.
Бүгінде Маңғыстауда туризмді дамыту үшін шешілуі тиіс басым бағыттардың бірі – инфрақұрылым мәселесі болса, екіншісі – жоғары деңгейде сервистік қызмет көрсету. Үшіншіден, туристер тарапынан келген-кеткен жеріне құрметпен қарау, тәртіпті, тазалықты сақтау қағидаттарын талап ету тетіктерін енгізу де барынша маңызды. Маңғыстаудағы далалық ескерткіштердің, әсіресе әулиелік орындардағы ұрпақтар ұйымдастыруымен, халық қаражатымен салынған түнеуханалар қазір туристер үшін ақысыз далалық қонақүй қызметін атқаруда. Түнеуханалар мен мешіттердің, қауым-қорымдардың тазалығын сақтап, тәртібіне бағындыру, жүріп-тұру ережесін анықтау – туризмді жабайыландырмай, бір ізге түсірудің маңызды тармағы болып табылуы тиіс.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы