Жазғы спорт • 03 Қыркүйек, 2018

Азиада: үміт ақталмады

557 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Екі апта бойы Индонезия астанасы Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта жалауы желбіреген XVIII жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге «Сарықұрлықтың» 45 елінен ең үздік деген 9700-ден астам спортшысы қатысып, жарыс көрігін қыздырды. Биылғы Азиадаға 440 спортшы апарған Қазақстан құрамасы 76 медаль топтап, жалпыкомандалық есеп бо­йынша 9-орын алып, Азия ойындары тарихында бұрын-соңды болмаған антирекорд тіркеді. 

Азиада: үміт ақталмады

Әуелі XVIII жазғы Азия ойындарында Қазақстанды өрге сүйреген саңлақтар жөнінде арнайы сөз етелік. Ел қоржынына алғашқы алтынды семсерлесуші Дмитрий Алексанин салды. Бұл аталған спорт түрінен ара­ға 16 жыл салып алған алтын. Велошабандоз Алексей Луцен­ко жекелей жарыста да, топ­тық жарыста да әнұранды шыр­қады. Алина Әділханова да көр­кем гимнастикадан қазақ қыз­дарының шеберлігі өте жоғары екенін көрсетті. Алдымен коман­далық құрамда алтын тұғырдан көрінсе, жекелей сында да дара шықты. Нәтижесі – қос алтын.

Олимпиада чемпионы, же­ңіл атлет Ольга Рыпакованы қалай мақтасақ та жарасады. Үш қарғып секіруден төрт рет қатарынан Азия ойындарының чемпионы атанды!

Каратэші Гузалия Ғафурова, джитсерлер Руслан Исраилов пен Дархан Нортаев, самбо күресінен Ділдәш Күрішбаева мен Бағлан Ибрагим, дзюдо­дан Дидар Хамза, ескекші Инна Клинова Қазақстанның әнұранын шырқатып, ел құ­рамасының «тоғыздықтан» көрінуіне зор үлес қосты.

Командалық құрамда да қазақ­стандық спортшылар кей­бір спорт түрлерінен алтын медальға ие болды. Жоғарыда айтқан велошабандоз жігіттер мен гимнасшы қыздар, ватерполшы жігіттер, сондай-ақ каноэ есуден қазақстандық саңлақтар алтын тұғырдан қол бұлғады.

Индонезиядағы ойындарға Қазақстан 440 спортшы апарды. Бұған дейін ең көп спортшы (220) 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарына барған-ды. Сол жылы отандастарымыз жалпы саны 84 медаль жиынтығын жинап, жалпыкомандалық есепте 4-орын иеленген-ді. Ал биыл спортшыларымыз үздік ондыққа әрең ілінді. Спортшыларды Азия ойындарына шығарып салу рәсімінде Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) бас хатшысы Елдос Рамазанов спортшылардың дайындығына барлық жағдай жасалғанын, жарыс барысында еңбек ақталып, өз жемісін береді деп мәлімдеген-ді. Тіпті ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов: «Биылғы меже – үздік төрттіктің қатарына ену. Қарсыластарымыз өте қарымды, бірақ біз бұрынғы биігімізден төмендемеуіміз керек», деген болатын.

Сонымен биылғы Азиадада қай спортшылар үмітті ақтады, қай спорт түрі берілген тапсырманы орындай алмады?

Ең бірінші, Олимпиадалық спорт түріне енетін спорт­шы­лардың бәсекесіне тоқталып өтсек. Азия ойындары тарихында, қала берді Қазақстан тарихында 24 жылдың ішінде алғаш рет балуандарымыз бен боксшыларымыз елге алтын медальсіз оралды. Бұған дейінгі Азия ойындарында балуандарымыз кемі бір алтыннан алған болатын. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өзбекстандық балуандар 2 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде еншіледі. Қырғызстан құрамасы 4 күміс және 4 қола медаль алды. Қазақстан құрамасы 4 күміс және 6 қоланы қанағат тұтты. Жалпы командалық есепте 9-орын иеленді. Ал бұған дейін отандастарымыз 2010 жылы Гуанчжоуда 2 алтын, 2 күміс және 7 қоламен жалпы есепте 3-орын алған-ды.

Сондай-ақ төрт жыл бұрын­ғы Азиадада жеті боксшымыз финалға шығып, оның алтауы алтын жүлде алған еді. Алайда биыл былғары қолғап шеберлеріміз де балуандар секілді 24 жылда тұңғыш рет Азиадада алтынсыз қалды. Финалға шыққан екі бокс­шымыз да алтын жүлде үшін өткен жек­пе-жекте өзбек боксшылары­нан жеңілді. Екі алтын аламыз деген бас бапкер Мыр­зағали Айтжанов бұл жолы уәде үдесінен шыға алмады. Азия құрлығында екі күміс жүлде алу – қазақ боксының мықты­лығын білдірмесе керек. Өзбек­стан құрамасы биылғы Азиа­дада 5 алтын медаль еншілеп, ко­ман­далық есепте бірінші орын­нан көрінді. Өзбекстан құ­ра­масы 2014 жылғы Азия ойын­дарында небәрі 2 күміс, 2 қола алып, 8-орын иелен­ген-ді.

Биылғы Азиадада жүзу спорты мен жеңілатлеттеріміз төрт жыл бұрынғы биігінен көріне алмады. Инчхон Азиадасында жүзу спортынан Дмитрий Баландиннің бір өзі 3 алтын медаль еншілесе, биыл барлығы жабылып 4 қола жүлде алды. Бұл спорт түріне ешқандай кінә таға алмаймыз. Өйткені бұл жерде Баландиннен басқа сенім артатын ешқандай спортшы жоқ және Дмитрийдің өзі жарақаты бар екеніне қарамастан, Азиада­ға қатысуға тәуекел етті. Деген­мен, Әділбек Мусин және Әділ Қасқабай секілді Баландиннің лайықты ізбасарлары шығып келе жатқаны қуантады.

Биылғы Азиаданы 1 алтын, 1 күміс, 5 қоламен қорытын­дылаған жеңіл атлетика құра­масы жалпыкомандалық есепте үздік ондықтың қатарынан көрінді. Бұған дейін үш рет Азиада чемпионы атан­ған Ольга Рыпакованың Джа­кар­­тадағы жалғыз алтыны бүкіл коман­­даны алтынсыз қай­туд­ан сақтап ­қал­ды. Төрт жыл бұрынғы бәсе­кеде атлет­­тері­міз 6 медальмен
(3 алтын, 1 күміс, 2 қола) жал­­пы­ко­­ман­­далық есепте 5-орын иеленген-ді.

Сондай-ақ Инчхонда каратэ спортынан 2 алтын алсақ, бұл жолы 1 алтынмен шектелдік. 26 жастағы қазақстандық каратэ­ші Гузалия Гафурова екі жыл­дық декреттік үзілістен кейін спортқа қайта оралып, Азия ойындарында чемпион атанды. Ал теннисшілеріміз Азиа­даны 1 күміс, 2 қоламен қоры­тындылады. Инчхонда 1 алтын, 1 қола жүлде иеленген. Зарина Диас, Юлия Путинцева және Михаил Кукушкин сияқты еліміздің үздік теннисшілері коммерциялық жарысқа қаты­сатындықтан, Азия ойындарына барудан бас тартты. Каноэ мен байдарка спортшылары да Инчхондағы жетістігін қайталай алмады. 2014 жылы 5 алтын, 3 күміс, 2 қола иеленген олар, биыл тек 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медальмен шектелді. Ал 1 алтын, 1 күміс, 3 қола иеленген дзюдошыларымыз төрт жыл бұрынғы жетістігін қайталады. Азияда алдында бас жаттықтырушы Айдын Смағұлов 3 жүлде алуды жос­парлап отырмыз деген болатын. Сонымен қатар жарыстың соңғы күнінде су добынан сынға түскен Қазақстан ерлер командасы Азия ойындарының қатарынан үш мәрте чемпионы атанып, ел қоржынына 15-ші алтынды салды.

Қалған Олимпиадалық спорт түрлерінен жағдай біршама жақсарған. Мысалы, велошабандоздар биылғы Азиадада 2 алтын (Инчхонда 1 алтын), Азияда үздік саналатын көркем гимнасшы қыздар биыл 2 алтын еншілеп, Азия құрлығында теңдессіз екенін дәлелдеді. Осыдан төрт жыл бұрын гимнасшы қыздар 1 қоламен командалық есепте ең соңғы орынға түсіп қалған еді. Сонымен қатар 1994 жылғы Азиададан кейін тұңғыш рет семсерлесу спортынан алтын жүлде иелендік.

Ал Олимпиадалық спортқа жатпайтын, бірақ биылғы Азия ойындарының бағдарламасына қосылған спорт түрлерінен де алтын медаль еншіледік. Азиада бағдарламасына биыл тұңғыш рет енген джиу-джитсу спортынан 2 алтын, 5 қола медаль жеңіп алдық. Сондай-ақ самбо спорт түрінен де Қазақстан құрамасына Джакартада алғашқы алтын бұйырды. Қалған спорт түр­лері­нен күміс және қола жүлдеден кенде қалмадық.

Осылайша XVIII жазғы Азия ойындарын аяқтап, 76 (15, 17, 44) медальмен жалпыкомандалық көр­сеткіш бойынша 45 елдің ішінен 9-орын алдық. Бұл Қазақстанның Азия ойындары тарихындағы ең нашар көрсеткіші. 206 мемлекет қатысқан 2016 жылғы Рио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 22-орыннан көрінген еді. Азия ойындарындағы бұған дейінгі ең төменгі көрсеткіш – 5-орын болатын (1998 және 2010 жылы).

Қазір әлеуметтік желілерде қазақстандық спортшыларға айтылып жатқан сын өте көп. Демек, қоғамдық пікірге құлақ түріп, қателіктен сабақ алу керек шығар. Қыр астында Токио Олимпиадасы тұр. Егер Күн­­шығыс еліне дәл осындай спорттық деңгеймен барар болсақ, медаль жағын бағам­дай беруге болады. «Спорт­тық державамыз» деп құр мақ­тан­ған­нан, кеуде кергеннен ештеңе өнбейтіні белгілі. «Уәде бер­гіш», бірақ спорттағы нақты жағ­­дайдан бейхабар спорт ­функ­­цио­нерлерімен қоштасатын уақыт әлдеқашан жеткен сияқ­ты. Қайта елдің әлемдегі абыройын асқақтата түсетін спорт саласына заманауи креативті бапкерлерді көбірек тарту қажет.

Осындайда Олимпиада чемпионы, балуан Жақсылық Үшкемпіровтің мынадай сөзі еске түседі: «Мақтағаннан мықты боп кеткен спортшыны көрген жоқпын, бірақ күшті болу үшін де күш керек қой». Ендеше отандық спорттың басты ұраны – бос мақтан емес, басқалармен бәсекелестікте бәсі жоғары болу. Сонда ғана халықаралық спорт ареналарында Қазақстанның байрағы асқақтап, Әнұраны жиі шырқалады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»