Медицина • 03 Қыркүйек, 2018

Тарас Шевченко салған сурет

2342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тари­хи-өлкетану музейінің қорын­да құнына баға жетпес небір таңға­жайып дүние көп. Соның бірі – күллі украин халқы ерекше құр­мет­тейтін ұлы кобзарь – ақын Тарас Шевченконың өз қолымен салған суреттің түпнұсқасы.

Тарас Шевченко салған сурет

Тағдырдың жазуы, патшаның пәр­мені­м­ен Тарас Шевченко 1847-1857 жыл­дар аралығында қазақ даласында, соның ішінде Маңғыстау түбегінде айдауда болғаны белгілі. Сол кездің өзінде ақын атағы жер жарған Тарасты оралдық казак ұрпағы, әскери қызметте жүрсе де әдебиетке ерекше құмар Никита Савичев 1852 жылы Маңғыстауға, Новопетров бекінісіне арнайы іздеп барыпты.

«Тарас Григорьевич ақшаға да, кітап­қа да өте мұқтаж екен» деп жазады кейін Савичев. Оның үстіне, үкім бойынша, Шевченкоға ештеңе жазуға, сурет салуға қатаң тыйым салынған. Өзі де өнерге жақын, сурет те салатын Савичев Шев­чен­коға барынша көмектесіп, қарын­даш сый­лайды. Шевченкодан бір сурет тар­ту етуін өтінеді. Сол сәтте Тарас қо­лы­­на қарындаштың тұқылын алып, Сави­чев­тің портретін салуға кірісіп кетеді. Сол күні Савичев айдаудағы ақын­ның лашығына қонып, ертеңіне өз портретін сыйға алып, мәз-мейрам болып елге қайтады.

– Бұл портретті музей қорына 1909 жы­лы Орал казак войскосының атаманы Па­вел Обротнев тапсырған екен, – дей­ді музей қызметкері Мейрамгүл Есләм­ғалиева.

Никита Савичев Исатай Тайманұлы жөнінде тұңғыш тарихи очерк жазған тарихшы да. Міне, өлке тарихында ерекше орны бар тұлғаларға қатысты тамаша жәдігер бүгінде Оралда сақтаулы тұр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар