Елбасының Маңғыстау облысындағы сапарында айтқан пікірлері бейбітшілікті сүйетін әрбір азаматтың көкейіне қонады. Жаңаөзендегі қайғылы оқиға ондағы қайтыс болған ата-аналардың ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ қайғысы. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, өрімдей жастарды отқа айдап салған қылмыстылар ерте ме, кеш пе анықталып, заң алдында әділ жазасын аларына сенеміз. Үлкен қасапханаларда мал соятын бекетке қойларды отарымен бастап келіп, жақындағанда қапталдағы есік арқылы жалт беретін арандатқыш ешкі болады деседі. Өз халқын ажалға айдағандарды, жастарға мемлекеттік нысандар мен жеке меншік құрылым, бизнес орындарын талқандаттырып, өздері тасада қалып масайрап жүргендерді халықтың қаны жібермес. Шетелдік сарапшылар да мұның арнайы ұйымдастырылған акция екендігін атап көрсетіп отыр.
Рас, күрделі мәселені дер кезінде шешуге Үкіметте мүмкіндік болып еді. “Самұрық-Қазына” қоры, “ҚазМұнайГаз” компаниясы Елбасының еңбек дауын мерзімінде шешу туралы тапсырмасын ұзын арқан, кең тұсауға салуы осындай өкінішке ұрындырды. Елбасы Үкіметтік комиссияға екі апта ішінде “Өзенмұнайгаз” компаниясының қызметкерлері мен Жаңаөзен тұрғындарының наразылығын тудырған себептерді анықтап, қираған нысандарды қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
Маңғыстауда айтылған ойлар Үкіметті қатты ойландырып, сабақ алдыруы тиіс. Елге керегі – тыныштық, бейбіт өмір. Басқа елдермен салыстырғанда жаһандық дағдарысты жеңіл өткізіп жатқан Қазақстанда мұндай оқиғалар қайталанбауы керек деп есептейміз.
Әнипа ХАЛБАЕВА, “Гауһар” тігін фабрикасының директоры.
ШЫМКЕНТ.