Спорт • 03 Қыркүйек, 2018

Қазақстанның дзюдошылары Бакуде белдеседі

465 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алдағы күндері өтетін ең маңызды додалардың бірі әрі бірегейі дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы XXXII әлем чемпионаты. Бұл жарыстың жалауы 20-27 қыркүйек күндері Әзірбайжанның бас шаһары – Бакуде желбірейді. Төрткүл дүниенің әр қиырынан келген мықтылар бас қосатын байрақты бәсекеде Қазақстанның балуандары да барынша табысты өнер көрсетуді көздеп отыр.

Қазақстанның дзюдошылары Бакуде белдеседі

 

Бакудегі бәсекенің басты бір ерекшелігі, бұл жолы жеңіс тұғырына көтерілген балуандардың барлығы да қомақты мөлшерде сыйақыға ие болды. Мәселен, жекелеген сайыстың жүлде қоры 800 000 еуроны құрап отыр. Тарқатып айтсақ, жеңімпаз атанған дзюдошы 20 800 еуроны олжаласа, күміс медальдің иегері 12 000 еуроны еншілейді. Қолаға қол жеткізген спортшы 6 200 еуроны қалтаға басады. Және де сол балуандардың жеке бапкерлері де Қап тауы бөктерінен құр қол қайтпайды. Чемпионды баптаған жаттықтырушыға 5 200 және жүлдегерлерді даярлаған мамандарға 3 000 мен 1 600 еуро табыс етіледі. Сондай-ақ, аралас командалық сайыста табысқа жеткен мемлекеттің өрендеріне де әжептеуір мөлшерде сыйақы қарастырылған. Бұл бәсекеде жеңімпаздар мен жүлдегер атанған мемлекеттерге алған орындарына сәйкес 72 000 (бапкерге 18 000 ), 48 000 (бепкерге 12 000) және 20 000 (бапкерге 5 000) еуро беріледі.

Тұңғыш рет Қазақстанның дзюдошылары әлем чемпионатының жүлдесіне 2001 жылы қол жеткізді. Германияның Мюнхен қаласында 73 кило салмақтағы Асхат Шахаров пен 100 кило салмақтағы Асхат Житкеев үшінші тұғырға көтеріліп, мерейімізді бір көтеріп тастады. Одан кейінгі үш жарыста жолымыз болмады. 2009 жылы Голландияның Роттердам қаласында Максим Раковтың теңдессіз шеберлігіне тамсандық. 100 кило салмақта белдескен отандасымыз оза шауып, бас жүлдені олжалады. 2010 жылы Токиодан табыссыз оралсақ, 2011 жылы Парижде дәл сол Максим Раков күміс медальді мойнында жарқыратты.

2013 жылы Рио де Жанейрода 66 кило салмақтағы Азамат Мұқановтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Ақтық сынға дейін қарсыластарын бір деммен қоғадай жапырған қандасымыз шешуші тұста ғана ұтылып, екінші орынға табан тіреді. 2014 жылы Челябіде біздің балуандар тегістей ұтылса, 2015 жылы Алматыда қазақтың қос ұлы аса жеңіл салмақ дәрежесінің бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Нәтижесінде Елдос Сметов алтын алса, Рустам Ыбыраев күміспен күптелді. Ал 2017 жылы Будапеште өткен жарыста Отгонцецег Галбадрах қола медальді иеленді. Осылайша, ол Қазақстанның әйелдер дзюдосы тарихында жүлде алған тұңғыш балуан ретінде өз есімін спорттық шежіреге тіркеді.

Венгрияның бас шаһарында өткен соңғы дүниежүзілік додаға кеңірек тоқталатын болсақ, ерлер арасындағы жарыста Жапонияның жұлдыздарына тең келер ешкім табылмады. Жеті салмақ дәрежесінің төртеуінде олар топ жарды. Атап айтсақ, Наохисо Такато (60 кило), Хифуми Абе (66 кило), Соичи Хашимото (73 кило) және Аарон Вольф (100 келі) алдына жан салмады. Сондай-ақ, германиялық Александр Вичерзак (81 кило), сербиялық Неманья Майдов (90 кило) және франциялық Тедди Ринер (+100 кило) алтын тұғырға көтерілді.

Әйелдер арасында да Жапония құрамасының қарқыны өте күшті болды. Күн шығыс елінен келген Фуна Тонаки (48 кило), Ай Шишиме (52 кило), Чизуру Арай (70 кило) сынды сұлулары Будапеште алтыннан алқа тағынды. Моңғолиялық Доржсурэнгин Сумия (57 кило), франциялық Кларисс Агбенену (63 кило), бразилиялық Майра Агияр (78 кило) және қытайлық Юй Сун (+78 кило) өз салмақ дәрежелерінде дара шықты.

Санаулы күндерден кейін Қап тауы бөктеріне аттанғалы жатқан жігіттеріміз де «әлем чемпионатынан жүлдесіз оралмаймыз» деп жұлқынып тұр. Бұл жарыста Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев (60 кило), Ерлан Серікжанов (66 кило), Жансай Смағұлов пен Бекәділ Шәймерденов (73 кило), Дидар Хамза мен Әзиз Қалқаманұлы (81 кило), Ислам Бозбаев (90 кило), Виктор Демьяненко (100 кило) және Ерасыл Қажыбаев (аралас командалық сайыс) сынды саңлақтар қорғайды.  

Қазақстанның әйелдер құрама командасы мүшелері арасынан Отгонцецег Галбадрах (48 кило) пен Гүлжан Исанова (+78 кило) Азия ойындарында қола медальді мойындарына ілді. Міне, Бакуде де дәл осы спортшыларға үміт артылып отыр. Әрине, таяу күндері 35 жасқа толғалы отырған Гүлжанға қарағанда 26 жастағы Отгонцецегтің мүмкіндігі әлдеқайда зор екені еш дау туғызбаса керек. Галдабрах 2016 жылғы Рио Олимпиадасы мен 2017 жылғы Будапештегі әлем чемпионатында жүлде алған. Ол басқа да дүбірлі додаларда дараланып жүр. Ал Азия ойындарында үш рет қоланы қоржынға салып, Азия чемпионатында сегіз мәрте жүлдегерлер санатынан көрінген ардагер спортшыға жұмыр жердің мықтылары жиналатын жарыста жалынды жастармен иық тіресу оңайға соқпас.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»