Бизнес • 03 Қыркүйек, 2018

Көмір бағасы  тиімді ме?

1038 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Көмір бағасы  тиімді ме?

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қаланы жылумен қамту үшін аса қажетті кәсіпорын көмір шығаратын «Қаражыра» ЖШС-іне арнайы жұмыс сапарымен барып қайтты.

«Қаражыра» ЖШС-інің бас директоры Марғұлан Мақышевтың айтуынша, көмір қоры бар болғанмен соңғы екі айда оны таситын вагондар мүлде жетпей жатыр. Ал қыр астында қылышын сүйретіп қыс тұр. «Қаражырадан» қазірде көмір босатуда ешбір кедергі жоқ, дейді  бас директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Әсет Сыдықов.

-Маусым айына дейін біз көмір жеткізуде тоқтаусыз жұмыс істеген едік,-деді бас директор  Марғұлан Мақышев,-тек соңғы екі айта жылдық жоспардан едәуір қала бастадық. Егер өткен жылы 7 млн. тонна көмір шығаруымыз керек болса, биыл ол көрсеткіш 8 млн тонна  шамасында деп белгіленген. Соңғы екі айда вагон жетіспеушілігі салдарынан көмірді жеткізе алмай жатырмыз. Жылдық көрсеткішті де орындай алмай қаламыз ба деп отырмыз. Біз сол үшін облыстық әкімшілікке де шықтық. «Қазақстан Теміржолы» басшылығына да айттық. Өскеменде өткен жиналыста бізге вагондарды жақын арада жеткілікті береміз деп уәде берді. Сонымен екі есе жұмыс істеп,  тез арада орын алып отырған олқылықтардың орнын толтырамыз деп ойлаймыз.

Директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Әсет Сыдықовтың айтуынша, қазір қоймада 100 мың тонна көмір дайын тұр. Көмір қазуда техникалар жеткілікті, себебі инвестициялық бағдарлама арқылы 9 миллиард теңгеге 6 БелАЗ және Hitachi экскаваторлары сатылып алынған. Биыл жыл басынан бері қарай 7 ай ішінде вагон жетіспеушілігіне қарамастан 3 миллион 843 мың тонна көмір тиелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда дегенмен 860 мың тоннаға артық.

-Иә, біздің есімізде, өткен 2017 жылдың қысында Семей қаласы ғана емес, Қазақстан бойынша көмір жетпей қалды,-деді бас директордың маркетинг жөніндегі орынбасары Әсет Сыдықов,-Майқұба, Сарыадыр тұстарында көмір шығару жұмыстары біраз кешеуілдеді. Банктегі мәселелерге орай көптеген кедергілері де шықты. Сөйтіп Солтүстік Қазақстан және Орталық Қазақстан аймақтарында көмір тапшылығы туындады. Біз сол кездері 200 мың тонна деп жоспарлаған коммуналды шаруашылыққа арналған көмірді 800 тоннаға артық тиеуге мәжбүр болдық. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Астана, Талдықорған, Алматы барлығы көмірге зәру болды. Сондықтан бәрібір де көмір ел бойынша жетпеді. Өткен жылдың оқиғаларынан сабақ ала отырып, ШҚО бойынша жұмыс штабы құрылды. Сол штабтағы жоспарлар бойынша біз қазір жұмыс істеп жатырмыз.

Алдағы уақытта көмірді аудан, қалаларға жеткізетін кәсіпкерлер бағаны өсірсе, олар айыппұл төлейтін болмақ. Бұл мәселемен монополияға қарсы комитет айналыспақшы. Энергетика басқармасының мәліметі бойынша Қаражырдан көмір шығарылғанда тоннасы 6200 теңге болып белгіленген. Өскеменде көмір бағасы тоннасына 8800 теңге, әлеуметтік баға-8300 теңге, ал Семейдегі пунктттерде  7400 теңге.

Осы тамыз айынан бастап, «Қаражыра» көмір қойнауынан Шығыс Қазақстан облысының тұрмыстық қысқы қажеттігі үшін қара алтынды тиеу 68 мың тоннаға жеткізілмек. Бұл тәулігіне деп есептесек 40 вагон көмір, тең жартысы Өскемен қаласының қажеттілігіне кететін болмақ. Сондықтан да облысты түгел қамту үшін «Қаражыра» АҚ көмір өндірісін 68 мың тоннаға арттырамыз дейді. Ал қыс маусымын толыққанды дұрыс өткізу үшін жалпы өнім 7,6 млн тоннаға жеткізілмек.

Биылғы жылдың басында ШҚО әкімдігі, теміржолшылар және «Қаражырадағы» ірі жүк тасымалшылары былтырғыдай  көмір жетіспеушілігі орын алмас үшін алдын ала жаз маусымында шаналарын сайлап,  қамдалып отыруға келісіпті. Сондықтан 2018-2019 жылға арналған қыс маусымының отыны дұрыс болуы үшін қазірден бастап тұтынушылармен үгіт-насихат, ақпарат жұмыстары жүргізілген.

Семей бойынша биыл қыста көмір жетіспеушілігі орын алмайды, деді қала әкімі Ермак Сәлімов. Десек те, жыл сайын көмір бағасының қымбаттауы көрініс беруде.

-Тұрғындар қыста үйлерін жылыту үшін көмірді кімнен сатып алатындықтарына өздері таңдау жасайды,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-көмір бағасы нарық жағдайында біраз көтерілетін рас. Бірақ, біз тұрғындарға жағдай жасауымыз керек. Халыққа көмірді тиімді бағада жеткізіп беретін кәсіпкерлер де атсалысса дейміз. Тағы бір мәселе, осы уақытқа дейін көмір тасып, жеткізіп жүргендер кімдер, соларды анықтау керек. Алып-сатарлар көмірді тиеп алып, тым қымбатқа сатып отырса бұл дұрыс емес. Қала әкімі есебін беру кезінде 14 ауылдық округті аралап шықтым. Бірде-бір адам көмірді осылай аламыз деп жөнін айтып, алдыма келмеді.

Иә, көмір елімізге толық жету үшін соңғы кездер Қарағанды, Павлодар облыстарынан да келіп, әкетіп жатқандар бірлі-жарым болса да бар екен.

-Біз өткен жылы көмір жетпей қалған кезде байқағанымыз, көмір тиеуге келген әр бесінші көлік Павлодар облысынан болып шықты, десек те Павлодарда біз сияқты көмір өндіретін 8 өндіріс орны бар,-дейді «Қаражыра» АҚ-ы бас директоры Марғұлан Мақышев,-олардың көмірді өздерінен емес, бізге келіп тиеп әкетулеріне бір себеп бар сияқты. Талдықорған, Алматы, Қарағанды жүк көліктері де жиі келіп жатты.

Дегенмен олардың Семейдің арзан көмірін тиеп алысымен арығарай қай бағада сататындығын ешкім тексеріп жатпаса керек. Айта кету керек, бүгінде Қазақстанның қара алтынына қызығушылық танытып отырған алыс-жақын шетелдер де бар екен. Мамандардың айтуынша, Финляндия, Жапония елдері де, Оңтүстік-Шығыс Азия да көмір сатып алуға ниетті. Бұл тұста экспорт жанданайын деп-ақ тұр.

Еуропа елдерін де біздің көмірдің арзандығы және сапасы қызықтырып отыр. 2016 жылы «Қаражыра» АҚ-ы 5,9 млн тонна өндірсе, 2017 жылы 6,8 млн тонна көмір өндірген. Жыл сайын көрсеткіш артып отыр. Сұраныс та өте жоғары. Жоба бойынша тәулігіне 17 мың тонна көмір тиеу керек болса, қыстың суық кездері бұл 23 мың тоннаға жетеді екен. Жер қойнауындағы көмір қоры шамамен  миллиард тонна көлемінде. «Қаражыра» серіктестігі ШҚО, Жезқазған, Алматы облыстарының ірі энергетикалық кәсіпорындарын көмірмен қамтиды. Сондай-ақ, Семей көмірі Қостанай, Петропавл, Ақтөбе облыстарының кәспорындарына да жеткізіледі. Және көмір көлемінің ең көбі Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының коммуналды тұрмысына жұмсалады, бұл жылына 1 млн тонна екен. Облыстың Тарбағатай, Үржар сияқты кейбір аудандарына жеткізілетін көмір бағасының құны едәуір қымбат болса керек. Алдағы уақытта бұл  баға мәселесі де назарға алынатын болды.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

Семей